2021 жылдың 8 қаңтары – «Атлантикалық кеңес» атты беделді америкалық талдау орталығы Қазақстанның азаматтарды соғыс аймақтарынан қайтару және оларды қоғамға қайта интеграциялау тәжірибесін талқылауға арналған онлайн конференция өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Мемлекеттік департаменттің Зорлық-зомбылық экстремизмен күрес жөніндегі үйлестірушісінің орынбасары Кристофер Харниш және АҚШ-тың жетекші сарапшылары қатысты.
Е. Ашықбаев вебинарға қатысушыларды соғыс аймақтарынан отандастарды қайтару бойынша жүргізілген операцияның барлық кезеңдерімен, сондай-ақ оларды бейбіт қоғамға қайта интеграциялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырды. Қазақстандық дипломат «Жусан» операциясы бірінші кезекте радикалды идеологияның құрбаны болған әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған гуманитарлық миссия екенін атап өтті. Бұл – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терроризмге қарсы күрес саласындағы маңызды халықаралық бастамаларын нақты іске асырудың жарқын мысалы.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдері мен америкалық сарапшылар адамдарды соғыс аймақтарынан қайтару және қайта интеграциялау мәселесінде Қазақстанның әлемдік көшбасшылығын атап өтті. Олар қазақстандық тәжірибені «үлгі тұтатын» және осы өте күрделі проблеманы шешуге жауапты тәсілдің көрінісі деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің ашықтығы, ынтымақтастыққа және диалог орнатуға дайындығы айрықша атап көрсетілді. Брифингке қатысушылар Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың терроризмге қарсы күш-жігеріне және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын енгізуге айтарлықтай үлес қосып отырғанын атап өтті.