Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Рахматулла Оразұлы: Ұрпақ – аманат

0 1  322

Неке – үйлену үшін жасалған келісім шарт деген сөз. Хадис шәрифте де: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні үмбеттердің алдында сендермен мақтанамын» және «Неке қию – менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» делінеді. Некенің мақсаты ұрпақ көбейту. Адам баласы ұрапақпен мың жасайды. Бабаларымыз болашаққа қатты мән берегендіктен неке қияр алдында алатын жарды тегіне, имандылығына аса мұқияттылықпен қараған.

1) Болашақта бала анасымен жамандалмауы үшін, балаға ана болатын қызды жақсы жерден таңдау керек. Салиха қыз болуына үлкен мән беру керек!

2) Балаға жақсы есім қою керек! Хадис шәрифте: «Балаға жақсы есім қою – перзенттің әкесіндегі ақыларынан» делінген (Бәйһақи).

3) Балаға жақсы тәрбие беру керек! Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Балаға жақсы тәрбие беру, баланың әкесіндегі ақыларынан» (Бәйһақи).

«Балаларыңа игілік етіңдер, оларды әдепті, тәрбиелі етіп өсіріңдер!» (Ибн Мажә).

«Баланы тәрбиелеу, немерелерге садақа беруден де асқан сауап» (Тирмизи).

4) Балаларға бетдұға (қарғыс) айтпау керек. Хазіреті Ибн Мүбәрәк баласынан шағымданып келген адамға «Балаңа бетдұға еттің бе?»  деп сұрайды. «Иә» деп жауап бергенінде «Онда балаңның мінезін сен бұздың!», – дейді.

5) Бала-шағаға жақсылық ету керек! Хадис шәрифте былай бұйырылған:

«Бала-шағаларыңа игілік етіңдер, ата-аналарыңның сендерде ақысы болғанындай, балаларыңның да сендерде ақысы бар» (Табарани).

6) Балаларды адал азықпен қоректендіру.  Харам азықтың әсері баланың табиғатын бұзады, балада бұзық әрекеттердің пайда болуына себеп болады. Хадис шәрифте: «Жеп ішкендерің адал, таза болсын! Балаларың осылардан қалыптасады», – деп бұйырылған (Риядун-Насихин).

 7) Әкенің баласына білім, әдеп және кәсіп үйретуі парыз. Алдымен Құран кәрім оқуды үйрету керек. Кейін иманның және Исламның шарттарын үйреткен дұрыс. Жеті жасынан бастап намаз оқуға әдеттендіру керек. Дүниеде және ақыретте құтылу білім арқылы жүзеге асады. Балаға дін ілімдерін үйреткеннен кейін оқуға жіберіп, заманауи оқуды колледж және университетте  оқытқан лазым.

8) Балалар арасында әділеттілікке мән беру. Хадис шәрифте былай делінген: «Сыйлық беретін кезде балаларыңның арасында теңдікке мән беріңдер!» (Табарани).

9) Жақсылықты, ізгілікті үйрету. Алайда,  балаға мүлдем шамасы келмейтін, орындай алмайтын нәрселерін бұйырмау. Яғни, жұмысау мен шаруаға үйрету мәселесінде шектен шықпау. Мұндай әмірлер айту баланы бағынбаушылыққа итермелемеумен бірдей.

Хадис шәрифте: «Бақытты болудың белгілері мыналар: Салиха жар, айтқаныңа бағынатын бала-шаға, салих, адал дос.» – делінген (Хаким), «Жақсылыққа жол сілтеген, себепші болған адам, сол амалды орындағандай сауапқа қауышады» (Табарани).

«Бір мұсылман перзенті ғибадат еткен кезде, алған сауабының мөлшеріндей әкесіне де беріледі. Ал кімде-кім баласына дінді үйретпей, күнә болған нәрселерді үйрететін болса, бұл перзент қаншалықты күнә істесе, әкесіне де соншалықты күнә жазылады».

«Баланы жастан» және «Бала тәрбиесі бесіктен» деген сияқты аталарымыздың даналық сөздері белгілі. Әр нәрсе өз уақытында жасалады. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Бала кезде үйренілген нәрсе, тас үстіне қашалған жазба сияқты қалады. Ал, қартайған кездегі үйрену болса, судың үстіне жазылған жазуға ұқсайды».

 Олай болса, бала-шағамызға дініміздің әмір мен тыйымдарын және Құран Кәрімді үйретуіміз кейінге қалдыруға болмайтын тәрбие бөлігі болып саналады екен. Сонымен бірге, дүниеауи ғылымдарды да жеріне жете оқытып, тоқытып, заманына сай ұрпақ тәрбиелеу аса маңызды мәселе.

Рахматулла Оразұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.