Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шәкәрім: Тәңірі жолы – ақ жүрек

0 873

Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.

Бұл қалай деп ойласам.
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:

Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.

Біреу отқа жағынды,
Нұрдың түбі құдай деп.
He суретке табынды,
Олай емес, былай деп.

Бірі: «құдай бір десе»,
Бірі айтады: «көп құдай».
Бірі: «тәңірі – Күн» десе,
Бірі дейді: «жоқ құдай».

Міне, осыдан байқалды,-
Бәрі іздеп жүр иесін.
Табамыз деп ойға алды.
Жаратқанның киесін.

Жас қозыдай болып тұр,
Білсек, мұның мысалы.
Қолтық, шабын түртіп жүр,
Анық соған ұқсады.

Ойды кімнен алғанын
Адам өзі сезбейді.
Жанның айдап салғанын
Сезбесе де іздейді.

Хақиқаттың тарауы
Түгел жетпей қалмайды.
Әр түрлі боп қарауы,
Көбі анықтай алмайды.

Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәрінде де бар қауіп,
Дін көбейді сондықтан.

Сол көп дінде шешу бар,
Ол шешудің арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудің де шарты бар.

Мейлі, кімге шоқынсын,
Шын іздесе тәңірісін.
Қиянатты жау білсін,
Онан тыйып нәпсісін.

Тәңірі жолы – ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы, қыл әдет.

«Шәкірім Құдайбердіұлының шығармалары» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.