Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құнды қағаздан зекет беру мәселесі

0 411

Белгілі бір компания өз жобаларын қаржыландырғысы келсе, арнайы құнды қағаз (сукук) шығарады және әрбір құнды қағаздың номиналды құны болады. Бұл құнды қағаз акция (пай) немесе облигация болуы мүмкін.
Облигация – белгілі бір соманы қарызға алып жатқан эминент (мемлекет немесе компания) пен инвестордың келісімшартқа отыру барысында қолданылатын бағалы қағаз. Келісімшарт бойынша мезгіл сайын эминент облигация иемденушісіне пайыз түрінде пайда әкеліп отыруға, сонымен қатар облигация құнын атаулы мерзімге дейін өтеуге міндетті. Облигацияда өсім қамтылғандықтан шариғат бойынша оны қолдануға тыйым салынады[1].
Облигацияның зекеті қарыздан берілетін зекеттің үкімімен бірдей. Негізгі капиталы нысапқа жетіп бір жыл айналса, содан ғана зекет береді. Ал пайызынан құтылу қажет[2].
Акция – акционерлік қоғам шығарған және иесіне сол акционерлік қоғамның пайдасынан белгілі бір табыс (дивиденд) алуға құқық беретін бағалы қағаз[3]. Акция – қор нарығында сауда-саттық құралы ретінде қолданылғандықтан мүлік болып саналады. Шариғат заңы бойынша нысап[4] мөлшеріне жетіп, бір жыл айналған және қарызынан, қажетінен тыс мүліктен зекет берілуі тиіс.
Акцияның зекеті акционерлік қоғамның қызмет түріне қарай беріледі. Олар үшке бөлінеді:
Ауылшаруашылықпен шұғылданатын акционерлік қоғам. Мұның зекеті дақылдар мен жемістердің зекеті секілді беріледі.
Сауда тауарымен айналысатын акционерлік қоғам. Мұнда салымшы акцияны мудараба[5] келісімі негізінде пайда көру мақсатында сатып алған болса, оның зекеті сауда тауарының зекеті тәрізді беріледі. Яғни акция құны 85 гр алтынға жетіп, бір жыл айналса әрі қарызынан және қажетінен тыс болса, пайдасымен қоса капиталының 2,5%-нан зекет беруі тиіс. Зекетті беру барысында акцияның құны сол күнгі базардың нарқымен есептеледі[6].
Имам әл-Кәсәни: «Бұның (сауда тауарының) нысап мөлешері – алтын мен күмістің нысабы секілді 2,5%-нан беріледі. Өйткені сауда тауарының нысабы алтын мен күмістің құнымен белгіленген. Сондықтан алтын мен күмістің зекеті 2,5%-нан берілгендей, бұның да зекеті осылай есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
هَاتُوا رُبُعَ عُشْرِ أَمْوَالِكُمْ
«Мал-мүліктеріңнің оннан бірінің ширегінен (2,5%) (зекетті) беріңдер»[7], – деп, жалпылай айтқан»[8], – деген.
Өнеркәсіптік (мысалы, өнімдерін сатып табыс табатын зауыт немесе жалға берілген үй, көлік т.б. яғни мүліктің өзін сауда мақсатында емес, табыс табу көзі ретінде пайдаланатын) акционерлік қоғам. Салымшы акцияны түскен пайдадан табыс көру мақсатында сатып алса, онда зекетті түскен табысынан береді. Бұл жерде акция иесі негізгі капиталынан зекет бермейді. Пайдасы нысап мөлшеріне (85 гр алтын) жетіп, бір жыл айналып, зекеттің шарттары толық орындалса ғана зекет береді[9]. Егер нысапқа жетпесе, бірақ одан бөлек қаражаты болса, онда екі табысты біріктіріп зекет береді[10].
Егер акцияны бағасы көтерілген уақытта сату ниетімен сатып алған болса, сол акцияның өзі сауда тауары болып саналады. Мұндай жағдайда акционерлік қоғамның қызметі өнеркәсіптік немесе коммерциялық болса да, сатып алған акциясы нысап мөлшеріне жетіп, бір жыл айналса, пайдасымен қоса капиталының 2,5%-нан зекет береді. Зекетті беру барысында акцияның құны сол күнгі базардың нарқымен есептеледі[11].
Компания өзіне үлескер адамдардың атынан зекетін есептеп беретін болса, үлескерлердің мойнынан ол міндеттеме түседі. Ал компания үлескер адамдардың атынан зекетті бермесе, онда акцияға үлескер адамдардың әрқайсысы зекетті жеке-жеке береді. Акция иелерінің бірі зекетін бермесе, оған екіншісі жауапты болмайды[12]. Мысалы, бір адам сауда тауарымен айналысатын компанияның 20% акциясын сатып алып, пайданы теңдей алып отыруға келісті делік. Жылдың соңында пайдасы жиырма пайызға жетсе, онда компания иесі зекетті (80+10) = 90-нан, акцияға үлескері (20+10) = 30-дан береді.

ҮКІМ:
Облигация қарыз үкіміне жататындықтан, оның негізгі капиталынан ғана зекет беріледі. Ал үстінен түскен пайызынан құтылу тиіс.
Ауылшаруашылықпен шұғылданатын акционерлік қоғамға үлескер акцияның зекеті дақылдар мен жемістердің зекеті секілді беріледі.
Сауда тауарымен айналысатын коммерциялық акционерлік қоғамға үлескер акцияның зекеті сауда тауарының зекеті тәрізді пайдасымен қоса капиталының 2,5%-нан беріледі.
Өнеркәсіптік акционерлік қоғамға үлескер акцияның зекеті тек түскен пайдасы нысап мөлшерге жетсе ғана беріледі.
Акцияны бағасы көтерілген уақытта сату ниетімен сатып алған болса, сол акцияның пайдасымен қоса капиталының 2,5%-нан зекет береді. Зекетті беру барысында акцияның құны сол күнгі базардың нарқымен есептеледі.
Компания өзіне үлескер адамдардың атынан зекетін есептеп беретін болса, үлескерлердің мойнынан ол міндеттеме түседі. Болмаса компанияның акциясына үлескер адамдардың әрқайсысы активіне сай жеке-жеке зекет беруі тиіс.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] Ислам фиқһ академиясының журналы, 6-саны, 2/1273. 7-саны, 1/73.
[2] Қадая әз-зәкәти әл-муғасара, 234. Әхкәму әз-зәкәти уә ән-нузури уә әл-кәффәрәти, 101.
[3] Орысша-Қазақша терминологиялық анықтамалық сөздік (қаржы саласы), 18.
[4] Нысап – шариғат бекіткен байлықтың зекет беруге жеткен ең аз мөлшері. Ол байлықтың түріне қарай әртүрлі болады. Мысалы, қойдың нисабы қырық. Егер қойлардың саны отыз тоғыз болса, ол нисабқа толмаған болып есептеледі, одан зекет шығару міндет болмайды.
[5] Мудараба – табыс табу мақсатында екі адамның бірі (салымшы) капиталды, екіншісі (басқарушы) кәсіпкерлік қабілетін ұсынып, түскен пайданы өзара келісім бойынша алатын серіктестік келісімшарт.
[6] https://www.aliftaa.jo/Question.aspx?QuestionId=3279#.YojsJuhByUk, http://dar-alifta.org/Home/ViewFatwa?ID=13528
[7] әд-Даруқұтни, №1882.
[8] Әл-Кәсәни, Бәдәиу әс-санаиғ, 2/415.
[9] 2001 жылы Кувейтте өткен Ислам фиқһ академиясының түскен табыстан пайда табу мақсатында сатып алынған акцияның зекетіне қатысты VII отырысында қабылданған №121 (3/13) қарары.
[10] Али Мухиддин әл-Қараһдағи, Бухусу фи фиқһ қадая әз-зәкәти әл-муғасара, 226-234.
[11] Али Мухиддин әл-Қараһдағи, Бухусу фи фиқһ қадая әз-зәкәти әл-муғасара, 232-233.
[12] Мустафа Зарқа, Фәтәуә, 140.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.