Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ашуды мүлдем тыйып тастау мүмкін бе?

0 783

Әлемдегі барлық нәрсенің бір хикметпен жаратылғанын ескерсек, адам баласына ашудың да бекер берілмегенін көреміз. Негізсіз ашу шақыру әрине мұсылманға жараспайтын мінез, дегенмен ғалымдардың айтуынша, орынды ашудың да керекті жерлері жоқ емес екен. Айталық, дінге, ұлтқа, елге қауіп төнгенде, бұған ешбір мұсылманның бей-жай қарай алмасы белгілі. Алла пен пайғамбарға тіл тиіп, дінге шабуыл жасалғанда, елдік рәміздер аяқасты болып, қоғамда арсыздыққа жол берілгенде т.б.бұған мұсылманмұсылмандардың жүрек ауыртпауы қайта орынсыз. Ондайда өз мәдениетіне сай реніш білдіруге қажет туындайтыны айтпаса да түсінікті.

Анығында әр мұсылман не нәрсенің нағыз ашулануға тұрарлығын жақсы білуі тиіс. Бұл тұста Исламның қандай ізгі істі қолдап, неге жол бермеуге тырысатынын білудің мәні зор. Жеке басына тіл тигенде, талағы тарс айрылатын әлдекімдердің мұсылман үмбетінің мүшкіл жағдайына бас ауыртпауы, өзінің атақ-абыройына қыл жуытпайтындардың, рухани құндылықтардың аяқ асты етілгеніне көз жұмып қарауы олардағы ашудың қаншалықты жасанды екенін көрсетеді. Олай болса, шынайы мүминге өз мүддесі үшін емес, көптің мүддесі үшін, қасиетті діннің абыройын қорғауда тиісінше салқын қабақ, сынық мінез таныта білгені керек-ақ.

Үлкен үлгі-өнеге иесі Расулалла өз өмірінде бей-берекет қабақ шытпаған. Ғалым Ибн Хажар бұл жайында жеке басына қатысты мәселелерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сабыр сақтап, сыр бермегенін, алайда діни мәселелерге қатысты келеңсіз жайт туындағанда, әлсізге тізе батып, әділетсіздік орын алғанда т.б. ашу білдіргенін айтқан. Сөзіне дәлел ретінде мына оқиғаны келтірген:

Жабир ибн Абдуллаһтың айтуынша, Муаз ибн Жәбал (р.а.) Пайғамбарымыздың артында тұрып намаз оқитын. Одан кейін өз қауымы Бәну Сәлимаға барып соларға намаз оқытатын. Намазда «Бақара» сүресін соңына дейін үзбей ұзақ оқытатын. Бір жолы бір кісі жеке тұрып намазын қысқа оқып еді. Әлгі кісінің жамағаттан бөлек жеке барып намаз оқығанын естігенде Муаз (р.а.) «Бұнысы екіжүзділік» деп салады. Бұл сөзді естігенде әлгі кісі Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Расулалла! Біз екі қолымыз тыным көрмейтін, ертелі-кеш су тарту, түйелерімізді суғару секілді істермен айналысатын адамдармыз. Муаз кеше бізге намаз оқытқанда, «Бақара» сүресін басынан соңына дейін ұзақ оқыды. Сол үшін бұл жолы намазымды қысқа оқыдым. Ал Муаз болса бұнымды мұнафықтыққа балапты» деп ренішін білдіреді. Бұны естігенде Пайғамбарымыз (ашуланып): «Әй, Муаз! Сен фәттансың ба? (Бүлік шығарушысың ба?) «Уәшшәмси уә дұхаха», «Сәббих исми раббикәл ағла» секілді қысқарақ сүрелерді оқысаң етті?» деп ұрысты. Бұны қатарынан үш рет қайталады.

Пайғамбарымыз құлшылықты жан-тәнімен беріліп орындайтын Муаз ибн Жәбәлді (р.а.) діннің кеңшілігіне салып, жамағатқа намазды сәл жеңіл оқытуға шақырғанда, бұған әрине өзі үшін ашуланбаған.
Расында мұсылман адамға жеке мүддесі үшін емес, Алла үшін, жалпыға ортақ діннің мүддесі үшін ғана ашулану жарасады.

Арыстан жүрек әзірет Али (р.а.) бір жолы соғыста бір кәпірдің кәлласын ұшырмақ болып, қылышын көтергенде, әлгі кәпір оның бетіне түкіріп жіберсе керек. Бір қызығы, Али (р.а.) оны сол мезет бос қоя береді. Бұны күтпеген ол жалма-жан: – Неге мені өлтірмедің? – деп сұрайды. Әзірет Али: «Бастапқыда сені Алла үшін өлтірмекші едім. Сен бетіме түкіргенде, араға өз ашуым араласып кетті. Ниетім бұзылды. Енді өлтірсем сені өз кегім үшін өлтіріп жіберер едім. Сондықтан бұған бармадым» деп жауап береді. Сонда әлгі кәпір «Бетіңе түкіру арқылы мені тезірек өлтіргеніңді қалап едім. Демек, осыншалықты кең түсінікті қамтыған діндерің кіршіксіз таза әрі шынайы болса керек» дейді.

материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.