Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адамның сөзі – ақылының таразысы

0 656

Қазақ – о бастан сөз құдіретін жете түсіне білген, сөзге қатты мән берген халық. Ел ішінде ауыз әдебиетінің, айтыс, терме, жыр, дастан, шешендік өнердің биік дәрежеде дамығаны – осының айғағы. От тілді, орақ ауызды сөз дүлдүлдеріне жұрт қай кезде де зор құрметпен қараған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіретін сөзге қатысты мақал-мәтелдер жетерлік: «Сүйкімді сөз сүйек балқытар»; «Жақсы – байқап сөйлер, жаман – шайқап сөйлер»; «Тілден бал да тамады, зәр де тамады»; «Оттың шаласынан сөздің шаласы жаман»; «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады»; «Ұялмас бетке талмас жақ бітеді»; «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» т.б.

Рас, жас кезінен дұрыс, әсем сөйлеуге дағдылану – адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Мұсылман жұртшылығы бұған үлкен жауапкершілікпен қараған. Өйткені қасиетті Құранда бұл турасында «Расында да сіздерді қорғаушылар бар. Мәрте-белі жазушылар. Не істегендеріңізді бүкпесіз біліп тұрады»30, – деп, әр адамда аузынан шыққан сөзді жазып алып тұратын екі періште болатындығын ескертуде. Сүйікті пайпайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өміріне көз салсақ, сөз сөйлеуге аса бір байыппен қарағанын көреміз. Айша анамыздың айтуынша, Пайғамбарымыз сөз сөйлегенде асықпай-аптықпай баппен сөйлеген. Қажет кезінде ұғынықты болу үшін айтқан сөзін бірнеше рет қайталаудан жалықпаған.

Сөздері мірдің оғындай өткір әрі даналыққа толы болғандықтан, естіген жанға қатты әсер еткен. Бір тыңдаған жан тағы да тыңдауға құмартқан. Тілі таза әрі шұрайлы, барынша ұғынықты болған. Бұны өз сөзінде: «Арабтардың ішіндегі ең таза, шешен сөйлейтіні менмін», – деп білдірген, «Өйткені Алла тағала маған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетін ерекше қасиет дарытқан», – деп түсіндіретін. Дауысы зор, жағымды әуезбен сөйлегенде, ел оның әңгімесін тыңдауды бір ғанибет көретін. Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған. Жаймашуақ не ашулы кезінде де сөздің әділін ғана айтатын. Айтқан сөзінің арартығы не кемі болмайтын. Өте анық айтатындықтан, әрі арасында сәл кідіретіндіктен, тыңдап отырған кісілер сөздерін тез жаттап алатын. Жөн-жосықсыз сөйлейтіндерді жақтырмайтын, өзіне ұнамсыз бір жайтты жанындағыларға сездіргісі келгенде, оны астарлап жеткізетін. Өзі тоқтағанда барып қасындағылар кезекпен сөз алатын. Үнемі сахабаларына күлімсіреп қарайтын, арасында олардың да сөйлегенін ұнатып, мұқият құлақ салатын. Өзін солардың қатарында санайтын. Пайғамбарымыздың сөз сөйлеген кезін сахабалар: «Біз Пайғамбарымыз сөйлей бастағанда басымызда құс қонақтап отырғандай, соны ұшырып алмайық дегендей аса бір сақтықпен құлақ салып тыңдайтынбыз», – деп еске алады.

Пайғамбарымыз мұсылман адамның не нәрсеге қараса да ғибратпен қарағанын, үндемеген кездерінде Жаратқанды ойлап терең ойға берілуін, ал сөйлеген кезінде мәнді-мағыналы сөз айтуын қалаған. Өсек, өтірік, шағыстыру, ғайбат секілді көп күнәнің тілде жатқанын ұқтырып: «Адам баласы көп күнәні тілінен табады», – деп ескерткен. Айша анамыз бір әйелдің бойының қысқалығын айтып қалғанында: «Қой, ғайбат айтпа. Әлгі сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», – деп сол мезет тыйған болатын.

Әркез мұсылман адамның тілге өте абай болу керектігін сездіріп: «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам», – дейтін. Бос сөз, құрғақ әңгімемен уақыт өткізуді ұнатпай: «Мұсылман адамның Исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі – бос сөзден арылуы» , «Кімде – кім Аллаға, сондай-ақ ақырет күнінің растығына сендім десе, сөйлегенде мәнді нәрсе айтсын, әйтпесе үндемесін», – дейтін. Өзі сөйлеуге қажеттілік тумаса, жай кезде үндемегенді жөн көретін: «Үндемеуде үлкен даналық бар, әттең, оның байыбына баратындар бірақ өте аз», – деп қынжылатын.

Үш кісі отырғанда, екі кісінің өзара күбірлесіп сөйлескенін дұрыс көрмейтін. Өйткені бұл үшінші кісінің көңіліне келуі мүмкін деп түсіндіретін. «Сиырдың шөп күйсегеніндей етіп, көбікезуліктеніп сөйлейтіндерді Алла тағала ұнатпайды», – деп мейлінше ұғынықты әрі анық сөйлеуге шақыратын. Қандайда бір көпшіліктің арасында сөз сөйлеудің жолы әуелі жасы үлкен кісіге тән екендігін білдіретін. Бірде көпшіліктен сұралған оқиғаны сол жердегі жасы ең кіші Абдуррахман ибн Сәхл бірінші болып айтуға оқталғанда: «Сөзді жасы үлкенге бере ғой», – деп еді. «Өзіне (тікелей) қатысы жоқ нәрселерге көңіл бөлмеуі – кісінің жақсы мұсылмандығын байқатады», – деп, өзіне қатысты емес әңгімені тыңдауға құмартпауға баулитын. Насихат сұрап келген адамға: «Ертең жерге қаратып, кешірім сұрауға мәжбүр ететін сөзді айтпа», – деп, жан-жақты ойланып барып сөйлеу керектігін меңзеген.

Сахабалардан Осман ибн Мазун қайтыс болғанда, әйелінің «Жаннатың құтты болсын, Османым» дегенін құлағы шалып қалғанда, «Мен пайғамбар бола тұра, ақыреттегі өз жағдайымды біле алмаймын. Сіз қалай білесіз?!» – деп, ойланбай сөйлей салуға болмайтындығын сездіріп еді. «Кім маған екі ұрты мен екі санының арасындағы мүшелеріне ие бола алатындығына кепілдік берсе, мен де оның Жаннатқа баратынына кепілдік беремін», – дегенде де адамды байқамастан ең көп күнәға итермелейтін қылық зинақорлық пен тілден келетін кесел екеніне көңіл аудартқан. Естір құлаққа жағымды сөз айтудың садақаға, сауапты амалға жататындығын жиі айтатын45. Сүлеймен пайғамбар бірде «Құдай қаласа» деп айтпағандықтан бір ісі орындалмаған екен46. Осыны әңгімелеп әрі Құранның «Мен мына істі ертең істеймін демеңдер, «Құдай қаласа» деп қана айтыңдар» деген аятын түсіндіріп, сөз сөйлегенде, мұсылмандық әдеппен «Құдай бұйыртса» деп айтуға дағдыландыратын. Өйткені Алла қаламайынша, ешбір істің орындалмайтындығын түсіндіретін.

Пайғамбарымыз сөз сөйлеуге осыншалықты жауаптылықпен қарағандықтан, сахабалар да бұған қатты көңіл бөлетін болды. Тіпті керек кезде ғана сөйлеуге дағдылану үшін жай уақытта аузына тас салып алатындары да кездесті. Сөз сөйлеудің үлкен нығмет екенін, аузынан шыққан әр сөзге ертең о дүниеде есепке тартылатындығын білгендіктен бос сөз, бөстекі әңгімелерге салынбауға тырысты. Осы ұстаным келе-келе Әбу Бәкір (р.а.) сынды тақуалықта заңғар тұлғалардың «Алла разылығы үшін айтылмаған сөзде қайыр жоқ, Алла разылығы үшін жұмсалмаған байлықта қайыр жоқ» деп ой қорытуына себеп болды. Али (р.а.): «Жүрек таза болғанда ғана тілден оңды сөз шығады», – деп, сөздегі дұрыстық – жүректегі иманға, тілдегі зікір – ойдағы пікірге байланысты екенін меңзеген. Кісі жайшылықта нені көп ойласа, айтатыны да сол болатындығын тұспалдап, ойды таза ұстау қажеттігін тілге тиек еткен. Құдайға ғашық боп өткен сопылардың да бір ұстанымы «Не Алла туралы айт, не Алланың бізге айтқанын айт» болғаны тегін емес. Бұл ұстаным Пайғамбарымыздың «Алланы еске салмайтын сөздерге көп үйір болмаңдар. Зікірден тыс сөздер жүректі қатайтады. Алладан ең алыс адамдар – жүрегі қатты адамдар екені даусыз» деген хадисінен туындағаны анық.

Сөз сөйлей білудің мәдениеті кең. Айталық, басқаларды тыңдай білу де өнер. Өйткені «сөздің жартысы – айтушынікі болса, жартысы – тыңдаушынікі» деген бар. Сол саланың маманы болса бір сәрі, кей кісілердің тек мен ғана сөйлейін дегендей омыраулап оңайлықпен сөз бермеуі білгішсінгендей жағымсыз әсер қалдырады. Ондай адамның сөз алғанын ел ендігәрі қаламасы анық. Әбу Бәкір (р.а.) бұл жайында: «Сені тоқтатқанша сөйлегеніңнен гөрі – сені сөйлеткенше үндемей отыруың әлдеқайда артық», – деген екен.

Бұған қоса, өзіне қызық болғанмен өзгелерге қызықсыз тақырыпты сөз етіп отырып алу да отырған жұртты мезі етеді, әрі сөйлеушінің мәдениетінің төмендігін аңғартады. Сол себепті баршаға ортақ тақырып таңдай білген дұрыс.

Отырғандардың деңгейімен санасу, бәріне түсінікті тілмен жеткізе білу де өте маңызды. Ғалым кісімен әңгімелесу сауаты жоқ адаммен әңгімелескендей болмасы анық. Сөз арасында түсініксіз ұғымдардың көбейе беруі тыңдаушыны тез жалықтыратынын есте ұстау керек. Бұған қоса, жүрекпен айтылған сөздің ғана жүректерге жететінін қаперге алған абзал. Кейбіреулердің бір сарынды, тым селқос баяндаған әңгімесі қанша мағыналы болса да, бояуы сұрықсызданып, көңілді бір серпілтіп тастауы екіталай.

Көп сөйлеу емес, дөп сөйлеу ғана ақылдылыққа жатады. Қысқа қайырып, тоқетерін ғана айтатын жерде кей кісілердің орынсыз көсіліп, сөзді сағызша созуы, тыңдарманның құлағын жауыр ететінін есте ұстаған жөн.
Тыңдарманға пайдасы тиетін, ойлы көңілден туған сөз болса ғана айтуға дағдыланған дұрыс. Кей кісілердің мән-мағынасы жоқ, пәтуасыз сөзге салынуы тыңдармандардың алтын уақытын текке кетіреді. Сөз тыңдауға бөлген уақытына тыңдармандар өкінбеуі тиіс. Ондайда көпшілікте «Қап, осы уақытымды одан да басқа бір пайдалы іске жұмсасамшы» деген өкініш туып, санын соғып қалуы бек мүмкін. Сол себепті біреудің уақытын алудың да сұрауы барын ұмытпаған жөн. Өнегелі, мазмұнды сөз айту турасында Жетес бидің айтқаны бар:
Адамның сәні – өнер, білім, ақылы,
Жердің сәні – жеміс, өнім, дақылы,
Сөздің сәні – өнегелі нақылы.
Пікірдің сәні – ойландырар мақұлы!

Сөз арасында «әлгі», «жаңағы», «бағанағы», «сосын», «яғни» деген секілді бір сөзді үздіксіз қайталай беру де сөйлеушінің кемшілігіне жатады. Сондай-ақ сөз арасын бөтен сөзбен былғап, тілді шұбарламай, шұрайлы тіркестер қолдана білу кісінің ділмарлығын көрсетеді. Тыныстауға демі жетпей қалатын науқас секілді ойын айтуға әлсін-әлсін тілі жетпей қалатын сөзге шорқақ адамды тыңдау мен сөзге бай, тілге шешен, ойы жүйрік адамды тыңдау бірдей әсерге бөлемейтіні анық. Сөз маржанын тере білген ақын ағамыз Мұқағали бір өлеңінде:
Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін,
Оңбайсың сөз өнерін тежегенің!
Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар,
Бұл тірліктен бір күнде безер едім… – деп, тіл қасиетін дұрыс парықтай алмай, сөз нарқының мәнін қашыратындарға қатты қынжылатындығын ұқтырған.

Кереңге айтып тұрғандай қатты дауыстап не мылқауға айтып тұрғандай тым сыбырлап сөйлеу де кісіге жараспайды. Сондай-ақ тыңдарманның сөз тыңдауға қаншалықты құлықтылығын сезе білу де аса қажет. Неге десеңіз, құлықсыз я сөз түсінбейтін адамға әңгіме айту далаға айтылған сөзбен тең. Қанша ақылды сөз болғанмен, ол оның қадірін ұқпайды. Бұл туралы айтқан Абай атамыздың сөзі қандай мағыналы:
Уәзінге өлшеп тізілген.
Қайран тіл, қайран сөз,
Наданға қадірсіз…

Сөз сөйлеу әдебіне бұдан басқа әдепті істер: үлкен кісінің сөзін бөлмеу, екі адам арасында әңгіме тасып, бірді-бірге шағыстырмау, сыр сақтай білу, әуелі амандаспай тұрып сөз бастамау, дөрекі сөйлемеу, тілді балағат сөздерге үйретпеу, ешкімнің көңіліне жара салмау, сыпайы сөйлеу, өзің жақсы білмейтін жайтты сөз етпеу, айтқан уәдеңде тұру, өтіріктен аулақ болу т.б. жатады.

Қорыта келгенде, адамдық қасиеттерді кемелдендіре түсуде дұрыс сөйлей білуге көңіл бөлудің орны ерекше. Өйткені ол – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Жүрек тазалығы мен ой тұнықтығының, мәдениеттілік пен кісіліктің белгісі, арабтарша айтқанда «ақылдың таразысы».
Атам қазақ: «Кісіні аузындағы сөзінен таны», – деп бекер айтпаса керек.

материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,

 sunna.kz

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.