Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ШАҺАРЛАР АНАСЫ -МЕККЕ

0 2  041

Шаһарлар анасы – Мекке Мәдина шаҺары. Көктен жерге құл­дилаған сайын, жүректің соғысы екпіндеп барады. Аты аңызға айналып кеткен Мә­дина шаһарының төбесінен төніп келе жатып, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның табаны тиген, игілік сұраған, Ал­ладан уаһи жеткен қасиетті мекеніне жа­қындаған сайын, тауы да, тасы да, топырағы да, құмы да басқа жерлерден бөлек, басқа мекеннен көне болып кө­ріктене береді. Ая Өміртай 25.10.2017 113 Facebook Twitter Google+ Pinterest Vkontakte Telegram Аңыздың ақиқатқа ай­налғаны, ақиқаттың алдына бетпе-бет келгеніңнің куәсі боласың. Өзге айтса күмән қалыптасар, өзің көрсең күмәннан тазарар шағың осы. Мен сияқты қара табан пенде мынандай қасиетті жерді басуға лайық па, – деп ойлайсың. Екі үн, екі ой бір-бірімен іштей бәсекелесіп, торға түсірердей торуылдайды да тұрады. Бі­рі – қырын қарап тәкаппарлық танытса,­ бірі – аңсары ауып өзіне шақырып қол­дайтындай. Бірі – сенім мен күш-қайрат берсе, бірі – күш-жігеріңді құм етіп, құр сүл­деріңді қалдырып, болмысыңнан кінә табуға құмартатындай. Осы екіұдай се­зіммен алпарысқан жұмырбасты пенденің қасиетті Мәдинаға табаны алғаш ти­генде жаңағы сұңқылдап кеудеңді басып, жаналқымға алған үн біржола өшеді. Кіршіксіз жаныңа иелік еткен пәк сезім тәніңді өзі билеп, күш-қуат сыйлайды. «әл-Мәсжид ән-нәбәуи» – Мұхаммед с.ғ.с­ мешіті. Ғажап!!! Мешіттің кеңдігі, биік­тігі, жаныңды тебірентер Құран аят­тары қандай көркем. Сүйікті пайғам­ба­рымыздың жүзін көрген сахабалары мен өз дәуірінің адамдары қандай бақытты еді.­ Ал біздерге пайғамбарымыздың қабі­ріне қарап тұрып, «Әссәләму аләйкә я Ра­сулаллаһ» деп сәлем беру бақыты ғана бұ­йырыпты. «Уа, Алла! Оған жәннәттағы биік орын және жоғарғы мәртебе бер де, Өзің уәде еткен мақталынған мақамға жет­кіз. Уа, Алла! Оның үмбеті үшін оған са­уаптың ең абзалын жаз» деп дұға етіп, оң жағына жылжып, қасында жатқан жан-жолдасы, екінші қабірдегі Әбу Бә­кірге: «Әс-сәләму аләйкә я Әбә Бәкр» деп, тағы оңға жылжып, хазіреті Омарға: «Әс-сәләму аләйкә я Омар» деп сәлем бе­ресің… Бұл – мустахаб (яғни ұнамды әрі Ал­лаға жақындататын амал). Бақиғ – қабірстан. Бұл жерде сахабалар жерленген, солардың арасында әйгілі са­хаба, үшінші халифа Осман да (Алла оған разы болсын) осы жерде жерленген екен. Сондай-ақ Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) жұбайлары мен қыздары да осы қа­бірстанда жатыр. Ухуд тауы. Ухуд шайқасында көз жұм­­­ған­ сахабалардың қабірі. Адам бала­сы­ қабірді көргенде жаны құлазып, көңілі бо­сар. Өзінің де түбі осы қатардан келіп орын аларын түсінер. Пайғамбарымыз с.ғ.с бұл жерге келгенде: «Әс-сәләму алейкум әһләд-диәри минәл-мумининә уәл-муслимина, уә иннә иншә Аллаһу бикум ләхикун, уә йәрхамуллаһул мустәқдиминә миннә уәл-мутәхирин. Әс-әлулләһә ләнә уә ләкумул-ъафиәһ» Мағынасы: «Әссәләму аләйкум уа, бұл қорымда жатқан мүміндер мен мұ­сылмандар! Алла қаласа біз де (бір күні) сіздерге қосыламыз. Бізден бұрын өт­кендерді де, бізден кейін өтетіндерді де Алла рақым етсін. Алладан өзімізге де, сіздерге де жарылқау сұраймыз» деп дұға жасағанды үйреткен екен. «Құба» мешіті. – Исламдағы ең ал­ғаш салынған мешіт. Бұл мешіттің құ­рылысына Алла елшісінің с.ғ.с. өзі атса­лысып, іргетасын қалап, кірпіштерін та­сыған. Алла тағала Қасиетті Құранның «Тәу­бе» сүресінде «әт-Тақуа» мешіті деп ата­ған. Пайғамбар с.ғ.с Құба мешітін зия­рат етіп, екі рәкәғат намаз оқыған екен. Сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып жа­тыр. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с -ның өз­ қолымен отырғызған құрма ағаштары бұл күнде теңдессіз, үлкен бақшаға айналыпты. Өз қолымен еккен «әджуа» құр­масы. Ешбір құрма жылына екі рет өнім бер­мейді, ал Пайғамбарымыз с.ғ.с-ның бе­реке тілеген қаласында өскен әджуа құр­масы жылына екі рет өнім береді. Пальма ағаш­тары сияқты көкке ұмтылған құрма ағаштарын алақаныммен сипадым. Құрма ағашының өнім беріп тұрғанын алғаш көруім. Басқа құрмалардан түсі де, дәмі де, көлемі де өзгеше. Дұға оқып, құрманы ау­зыма салдым. Жүрегім ел­жіреп, құрма ағашына арқамды тіреп, ас­панға қарадым. Алланың мейірімі қандай шексіз! Көлік атаулы жаяу жолаушыға жол беру­мен күн өткізеді екен. Намазға бара жат­қанның бәрі көшеде қалай жүрсе де өз еркі. Құс екеш құс та адамнан қор­қып, үркектемейді. Көкте самғап, кө­міліп кетуді қаламайды, адамдардың бо­йымен бойлап ұшып, қосыла жүгіріп, на­мазға асыққандай дағдыланып алған. Ер­келеп ұшып, еркелеп қонады. Ентелеп ке­ліп, айналшықтап жем сұрап, қиылып тұ­ратын құстарға ұқсамайды. Көзін сатып жәудіреп қарап тұрмайды. Сөйтсем, олар­ға мәдинәлықтар тіпті жеміне дейін ша­шып кетеді екен. Ертегілер әлемінің есі­гі ашылғандай күйде тұрмын. Неткен сабыр… Медине ғажап шаһар. Медине халқы да қандай мейірімді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. қабірінің жанына келіп сәлемдесіп, құ­былаға қарап намаз оқып аттандық. Қош­­тасарда көңілім босады, бұл шаһар пайғамбарымыз с.ғ.с.-ның қоныс аудар­ған, ғұмыр кешіп, қияметке дейінгі мәң­гілік орнын тапқан киелі жері. Хаж мабрур. Мұсылманның қажылық рә­сімдерін аса ұқыптылықпен, күнә-кем­шіліктерге бой алдырмай орындауы. Хаж ма­брур – жалғандықтан аулақ шынайы қа­жылық. Бұл Алла қабыл етер қажылық. Ихрамға кірген адам миқаттан бас­тап Меккеге жетіп, қасиетті Қағбаны көр­генге дейін тәлбия айта бастайды: «Уа, Алла! Міне мен Сенің алдыңдамын. Мі­не мен сенің құзырыңдамын» деген сайын қуанышпен қоса қорқыныштың да болатыны рас. Өйткені Алланың алдына келе жатқан жұмырбасты пенденің тағдырында осы уақыт аралығында не болып, не қоймады. Мынау жалғанның қарбаласында жүріп біреуді қуантсақ, біреуді ренжіткен болармыз. Ойланған сайын кемшілігің есейе түседі. Көзге –жас, көкірекке – шер толады. Жүрек біздің кеудеде лүпіл қаққанмен кілті – құпияда. Сон­дықтан болса керек құлшылық еткен көркемсөз ағылып-төгіле береді. «Өзім­ді – өзім білемін, өзіме-өзім иелік етіп ке­ле­мін» деген өгей ой оқшауланып, бір­жола сөніп тынады. Қауқарсыз хәлден өзіңді «Аллаға тапсырдым!» дегенде,­ құстың қауырсынындай жеңілдеп, кеу­деңе қуаныш орнағанын, сол қуаныш жа­нарыңа жас ұялатып, жүрегіңді нұрға толтырып, мейірімге оранғандай боласың. Мекке қаласы. Мекке Медине қала­сынан 400 шақырым қашықтықта. «Мәсжид әл-Харам» Меккедегі Қағба ор­­наласқан әйгілі мешіт. Пайғамбар с.ғ.с. «Үш мешіттен басқаға арнайы аттануға бол­майды», – деген екен. Олар: 1. Мәсжид әл-Харам, 2. әл-Мәсжид ән-нәбәуи, 3. Мәс­жид әл-Ақса. Мәсжид әл-Харамға оң аяғыңмен кі­ріп, дұға оқисың. Қасиетті Қағбаны көр­ген сәтте тәлбия айту тоқтатылады. Қасиетті ҚАҒБА!!! Аллаға құлшылық етіп, Адам ғ.с. алғаш қабырғасын қалап тұр­ғызған қасиетті орын. Төрткүл дүние­нің бұрышынан ағылған халық толастамай ғибадат жасаған. Уақыт өте келе Қағ­баны биіктетіп, қабырғасын көтеру Ібра­һим ғ.с. мен ұлы Ісмағұл ғ.с-ға бұйырған. Ібра­һим ғ.с-ның табанының ізі қалған жер – «Мақам Ібраһим» деп аталады. Мақам Ібра­һимнің артында тұрып екі ракағат тауап намазын оқу – сүннет. Қағбаға қа­ра­ған сайын адамның көзі нұрланады, – дейді. Көзіңді Қағбадан алмайсың. Өмірі көрмеген Қағбаны алғаш көріп, құш­тарланып: «жете алар ма екенмін, ала­қа­нымды тигізе алармын ба» деп ынтыға ал­ға қарай жылжи түсесің. «Йемен бұрышы», «Қара тас», «Хижр дуа­лы», «Мақам Ібраһим». Қараған са­йын қарағың келе береді. Қобалжып қа­райсың, қобалжып тұрып шаттанып қа­райсың, шаттанып тұрып, жылап тынасың. Алла мейірімінің шексіздігі – ақи­қатпен жүздестіріп тұрғандығында. Ал­ғаш рет Қағба алдында тұрып, осы сәт­тің соңғы кездесу еместігіне үміт артасың. Қол созған арманыңа жақын келгендей қа­сиетті Қағбаға жетсем, маңдайымды тигізіп, құлшылығымды жасасам деген арман тұр көңілде. Қасиетті Қағбаның маңында қарақұрым халықтың арасына теңіздей толқыған қозғалыс сеңге ұрғандай сенделтіп қай жаққа апарып тастайтынын білмейсің. Бәрі әп-сәтте, қауіп пен қатер, бақыт пен шаттық қа­тар күтіп тұрғандай. Қасиетті Қағбаға жа­қындап, қара тас тұрған тұсқа келгенде: «Бис­милләһ, Аллаһу әкбар» деп тауапты бас­тадық. «Алла атымен, Алла-Ұлы! Иә, Ал­ла! Мен саған иман келтірдім, кітабыңа сен­дім. Уәдеңе нандым, пайғамбарымның с.ғ.с. сүннет жолын ұстандым» дейсің кү­бір­леп. Қағбаны жеті рет айналған сайын, әр айналымда арнайы дұғалар оқылады. Мағы­насы мұндай дәл, мұндай көркем, мұн­дай ақиқат, мұндай терең жалбарыну, көркемдікпен дидарласу бақыты – Қағ­баны айналып өткен сайын қуатты құ­дірет сезімі өз бағытына алғандай күй­ге кенелесің. Құлшылық ету сапарында Адам баласы ең биік дәрежедегі көр­кемдік жолын көреді. Мен осыған куә бол­дым. Сафа-Маруа төбесі. Сафа мен Мәруа тауы­ның арасына алма-кезек жүгіріп, бір тамшы суға зар болған Ажар ана та­ри­хы еске түседі. (Ажар – Ісмағұл ғ.с. ана­сы) Азаптан – бақытқа, бақыттан –мәң­гілікке мұра болар жол салыпты. Қа­сиетті Қағбаны жеті рет тауап жасасаң Са­фа мен Мәруаға да жеті рет сағи жа­сайсың. «Расында Сафа мен Маруа – Ал­ланың белгілерінен…» (Бақара, 158) Құм кешіп, сар даладан су іздеп, қаңсыған ыстықтан зәм-зәм бұйыртқан Жа­ратқанның жарылқаған сәті. Аңыз емес – ақиқат! Сағи жасаған сайын Қағбаға қарап, екі қо­лымызды жайып, Аллаға мадақ айттық, дұ­ға оқыдық. Маржандай жарқыраған зәм-зәм… Ажар-анамен кездескендей, рухымен сырласқандай, өз қолынан зәм-зәм суын ішкендей бақытқа кенелдік. Мина. Пайғамбарлар мен ұлы ана­лардың табаны тозған киелі өлке. Пай­ғам­барлар қиянат көргенде, жапа шеккен­де, қуғын-сүргінге ұшырағанда жандары­нан табылған тегі – асыл, жаны – жомарт адам­зат Аналары осында құлшылық етті. Олар да жарын аңсады, бейбіт күнді арман­дады, жал­ғызын күтті, сағынышымен қауышты, тозды, еңсесі езілді, сүріне жығылды, қа­бына қайта тұрды, қайта жығылды. Жер тіреп отырып жалбарынды, иегі жас­қа шыланып, құса болды. Жеңіліп жү­ріп, талай жеңіске де жетті. Жеңіске жет­кенімен жеңілген күнін ұмытпаған та­қуа, салиқалы құлдар. Қайран, кемеңгер АНАЛАР. Тозған өңірің шұрқ-шұрқ те­сі­ліп, керуен бойымен көш ізін түзеп бара жаттың-ау! Көз ұшымда байланып қалған таулардан өздеріңнің бейнеңді көргім келеді, елестетіп сурет салған боламын. Ұйыған жас, шер толқытып сендердің саф бейнелеріңді санама салып жатқандай. Екі аппақ көгершін әдейі келгендей алдыма қонақтап отырып алды да етегімен бірін-бірі қағып қа­лып, қосыла көкке көтерілді…. Менің сан мыңға бөлінген көңілімді аулады ма екен, әлде алдарқатты, әлде қуантты ма… Әй­теуір манағы көңіл көкжиегіне ұялаған бей­нелерден адасып қалдым. Өкінбедім… Ап­пақ көгершін басқа көгершіндерге мүл­де ұқсамайды. Екеуі ақылдасып алып ма­ған әдейі келіп жеткендей көрінді. Маңайыма ұзақ қарадым, көзім тал­ды, шаршап тұрмын. Ыстық пен ұйыт­қып соққан жел өтінде қуырылып та қала­тындайсың. Ұлы АНАЛАР салған үл­гі­ге үңіліп тұрып, шыдамға шыңдалған салтанатты сабырды аңғарасың. Бұл жер – сабыры салтанат құрған, шыдамы шыңды бағындырған ұлы әйелдердің мекені. Қырық жыл бойы Адам ғ.с-нан адасып қалып, сыңарын іздеп дүниені кезген Хауа-ананың ізі жатыр құмға сіңген, Ажар – ана (Ібраһим ғ.с-ның жары, Ісмағұл ғ.с-ның анасы) Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның жа­ры – хазіреті Хадиша, сүйікті жары – хаз­іреті Айша, сүйікті қызы – Фатима. Қан­­ша ғасыр өтті… топырақ тозды, тау-тасқа, тас-құмға, құм-суға, су-шөлге айналды. Асқақ рух, жанкешті тағдыр мүжілмей, мұқалмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр. Сөндірмек болып, өшкенін қалағанда, жоғалтпақ болып, іздерін көмгенде де ешбірінің билігіне бағынбаған. Алланың билігінен басқаға мойымаған сұлу тағдыр – адамзат тарихына аманат қалыпты. Барған сайын ақиқатқа айналып, мейірім үстемдік құрған, күш-қуат біріктіріп, бас идірген киелі өлке осылай маңғаз қалпы мүлгиді. Шындықтың айғағы қол бұлғайды. Аналардың рухына бас иіп ұзақ тұр­дым. Аналардың, қыздардың алдында өзім­ді қарыздар санадым. Әйел – жұмбақ жаратылыс. Ұрпақ үшін көзсіз құрбандық бола алатын қайсарлық әйелге ғана тән. Шыдамы шер толқытқан, ерін патшасындай тәу етіп, өзін құлақ кесті күң етіп, дос­қа қуат беретін, дұшпанға кешірім жа­сайтын – жомарттық ананың ғана жүре­гінде. Ол – жер бетіндегі қиянат атау­лыны мейірім жеңісіне айналдырған құл­шылық етуші. Күң болып, табанын тас тіліп жүріп, пайғамбарға да, пат­шаға да жар болды. Пайғамбарлар мен пат­шалардың анасы. Ол көркем жаратылыс!!! Сүйіспеншілікпен басын иіп, қо­лын қусырып, тізесін бүгіп, жанарын жа­сырып, сұлулығын бүркеп, жаратушы­сына сыбырмен ғана құлшылық етті. Өзім деп, өзеуреу оның табиғатына жат еді, ол «ұрпағыммен марапатталдым» деп ­ұқты. Ол – аналардың аманаты болатын қызды әкелді дүниеге, ол – иманына кү­мән келтірмейтін, отбасын, отанын қор­ғайтын ұл әкелді дүниеге. Ол осылай ұрпақты көріктендірді, жаратушысына мойынсұнып, күллі жаратылысты ая­лай алатын жылы алақанды жаратушысы да осыған теліді. АНА деп айдар та­ғылды. Оның мейірімінде болғанның Ал­ла мейі­рімінде болатындығы «Құран-Кә­рімде» ай­тылды. Арафат. Арафатта тұру – қажы­лықтың не­­гізгі парызы. Пайғамбар с.ғ.с. «Қажылық дегеніміз – Арафат», – деген. (Әбу Дауд, әт-Тирмизи). Арафа күні – күндердің ең абзалы. Бұл күні қажылар Арафатта жиналып, күн батқанға дейін Алладан кешірім, мейірім, рақым және басқа да қалаған нәрселерін сұрайды. Аллаға сансыз мадақтар, Оның елшісі Мұхаммедке с.ғ.с. салауаттар айтылады. Айша анамыз риуаят еткен хадисте пайғамбар с.ғ.с: «Алла басқа күндері то­зақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адам­ды құтқармайды.» – деген (Муслим). Муздалифа. Муздалифа жазығы. Ұл­та­рақтай жердің өзі олжа болған – Муз­далифа. Адам ғ.с. Жер – деген түсініксіз әлемге тағ­­дыры теліп, жәннәттық бақыттың мұ­қалғанын мойындап, жұмбағын ұқпай қа­ра түнекте қалып қойғандай қырық жыл бо­йы көз жазып қалған Хауа анамен кездескен жазығы – Муздалифа. Қайғыны – жұ­банышқа, жұбанышты – қуанышқа ке­нелткен Муздалифа. Ендігі қиындық атаулыны, жоқшылық пен азапты бірге көру, бірігіп көрудің, бірігіп жеңудің ба­қыт екенін сезінген адамзат кезеңінің жаңа бетбұрысы. Жалғыздық – үрей мен қай­ғыға жетелесе, ерлі-зайыптының махаббаты жасампаздыққа, кемелденуге әкелетіндігінің бір айғағы да осы болар. Муздалифада табан тірер жер жоқ. Ара­фаттан ағылған жұрт сәждеге бас қоятын тебенгідей жер таппай тауға өр­леп кетіпті. Түнейтін жеріміз иен дала Муз­далифа жазығы. Әншейінде мамық жас­танып, кергіп жүрген пенденің әп-сәт­те бір жапырақ жерге зәру болып қал­ғанын көрдім. Пендесіне тарыламын десе, жарықтық қара жерге де адам ба­ласы зәру екен ғой деп ойлаймын. Ал­ғаш рет адамдардың нәсіліне, тіліне қа­рап бөлінбейтінін Адам атаулының бәрі бауырың екенін, бір-біріне деген құр­меті мен мейірімін көрдім. Қолы тиіп кет­се, құшақтап кешірім сұрап, аяғың сүрі­ніп кетсе демеп, шөлдеп тұрсаң су ұсы­нған адам баласы қандай сұлу жаратылыс деп ұғасыз. Әлде жер бетіндегі ең жақсы адамдар іріктеліп, бүгін бәрі Муздалифада жиналған ба деп қаласыз. Адам бойындағы артық мінез бен теріс пиғылдың бірі жоқ. Бәлкім о баста Адам­дар осылай жаратылған шығар, Біз­дерге сол сабақтастықтан ажырамай, пешенемізге жазылған ізетті ғұмырды парыз еткен болар. Таңға жақын тамаша көрініс көрдім. Таудың етегін бойлаған иен дала. Сапар­дан шаршап-шалдыққан қажылар бүрісіп, бір жапырақ болып бір сәт қалғып кеткен екен. Олардың көптігі сондай аспандағы жы­пырлаған жұлдыздар-сынды. Сырттай қа­рап ұзақ тұрып қалдым. Мұндай көрініс ешқашан қайталанбайтын болар. Менің орнымда суретші болса, дап-дайын картинаны әп-сәтте салып-ақ тастар еді. Мынау жансыз көрініске жан бітті… Бір сәт қажылардың орнында өлілер жатқандай еді. (Расында олар ұйқыдағы қажылар болатын) Төрткүл дүниенің әр тарапында бір жылда, бір күнде, бір минутта, бір секундта осынша адам дүниеден өтеді, бақилыққа бет алады. Бәлкім олар да дәл осылай қатар-қатар жатар ма екен… Олар Алланың бұйрығын күтіп, қияметтегі тағдырына алаң болып, қайғырып жатқан болар ма еді. Олар енді бас көтеріп тұра қаша алмайды, өкіне алмайды, тура жолды таңдап, тартына да алмайды. Бәрі кеш, кері қайтар жол жоқ. Сондықтан бә­рі осылай тізіліп, Алла алдына қалай ба­руды, қандай жағдайда кездесетінін ой­лап көңілсіз жатқандай көрінді. Адамға жа­ным ашыды. Жерді жалпағынан басып, шалқайып өткен адам баласы жансыз қалғанда тағдыры осылай болар… Жансыз қалғанда қандай мүсәпір едік. Көз жұмулы, жүрек тоқтаулы, тіл байлаулы… Муздалифада жатқан мына қажы бауырларым болса, қазір таң намазын оқиды. Алладан кешірім сұрауға, тілек тілеуге, дұға жасауға мүмкіндіктері де мол. Қандай бақытты! Қол-аяғын жинап, орындарынан өз еркімен тұрып, Минаға аттанады, соңғы парыздарын орындап әрқайсысы келген жағына қуанып, қайта оралады. Отанына, отбасына аман-есен оралып, қуана қауышады. Қандай бақыт, шын бақытты!!! Мен олар үшін қуанып тұр­мын, қияметтегі бауырларым үшін мұңайып тұрмын. Оларға «Алланың мейірімі болсын, біліп-білмей істе­гендерін мейірімді Алла кешіре гөр» деп дұға етеміз. О, Муздалифа! Сенің жазығыңда тұрып, талай адам талай ғажайыптың жауа­бын іздеп тапқан да болар. Тіршілікті – бақыт шырағы еткен Алла қандай шек­сіз мейірімді. Жамарат. Жамаратта үш үлкен тас­ты дуал бар. Бұл жерде шайтанға тас ату рәсімі жасалады. Күннің ыстығы шөл­детеді, бірақ шаршатпайды. Жаяу ұзақ жү­ре­сің бірақ жалықпайсың. Түйін. Пайғамбар с.ғ.с. хадисінде: «Сая­хатқа көп шығыңдар, ел мен жерді аралаңдар, танып-біліңдер» деген екен. Жолсапарда кейбір әсерімді күнделікке жазып отырыппын. «Таулар… Бұл жерде көне таулар көп-ақ екен…. Әрқайсысының біз білмейтін тарихы бары хақ. Биік-биік тауларды езіп-жаншып жол салынып, ғимарат тұрғызылып жатыр. Тауға жаным ашыды. Табаны күректей тас шайнайтын жаңа техника таулардың күл-талқанын шығарып, жермен-жексен етіпті. Бұл өлкеде жер аз, тау көп болса керек. Тауды талқандай алатын адам – енді қайтіп тау жарата алмас. Бізге қажет жұпар тау сең соққандай құлайды. Ауасын жұтып, суын ішіп, самалын сүйсініп, сұлулыққа құмартсын деп жұпардан сый тартты. Ал біз… Тауды қопарып жатқан тағдырымыз не болар екен?..». Бұл өлкеден алабөтен дәстүрді бай­қамадым. Арабтар өздерінің дәстүрлі киі­мімен жүр. Көзге оғаш, сүйкімсіз киінген мұсылман баласын көргенім жоқ. Жалпы ислам дініне қайшы келетін дәстүр де, бөтен салт та бұл жақта кө­рінбеді. Егер көзге түскен өрескел жағ­дай болса полицейлер қадағалауға алады. Дін атын жамылып алданатындар да, алдайтындар да бұл жаққа ат ізін салуға жүректері дауаламаған болар. – Атадан қалған әдемі сөз бар: «Ал­басты – қабаққа қарай басады», –дейді біздің ел. Қабағымызды әркімнің назарына салып жалтақтай бермей, барымызды аялап, жоғымызды бүтіндеп отыру өзімізге сын. Тарихымызды бұрмаламай, иманымызға күдіктенбей, атадан қалған асыл мұра дәстүрімізді жоғалтып алмай қасиетті қазақ жерін көзіміздің қарашығындай сақтап қалу – бүгінгінің парызы. 

Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург

Астана 
 Egemen.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.