Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сансыз сынақ сағыңды сындырмасын!

0 670

Кейде адам баласы басына түскен қиындықты Құдайдың қарғысы деп қабылдап жатады. Ісім оңға баспай, қырсық шалды дейтіндер мына өмірдің бір ырғақта, ешбір кедергісіз болғанын қалайды.

Алла Тағала адамзатты ерекше ақыл иесі етіп жарата отырып, оны неге көп қиындықтарға душар етеді? Дініміз оған не дейді?

Құран Кәрімнің «Әнкабут» сүресінде мынадай аят бар: «Адамдар: «Иманға келдік» – деп айтумен ғана сынаққа алынбай қалдырыламыз деп ойлай ма?»

Ибн Касир өз еңбегінде бұл аят жөнінде мына риуаятты келтіреді: «Алла Тағала Өзінің мүмин құлын иманының әлсіздігіне және күштілігіне қарай сынайды. Иманы күшейе түскен сайын сынақ күрделене береді, ал иманы әлсіз кісі сеніміне қарай сыналады». Міне, осы аяттың талдауын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисінен оқысақ болады: «Адамдар арасында ең қиын сынаққа түсетіні – пайғамбарлар. Содан кейін салих ізгі құлдар, сосын сол секілді адамдар. Кісі өз дініне (иманына) қарай сыналады. Егер діні (иманы) қатты болса, сынағы арта түседі»,– дейді.

Құртуби тәпсірінде бұл аят хақында мынадай дерек бар. Ибн Аббас: «Аяттағы адамдар дегені – Меккеде қалған бір топ мүминдер еді. Олар – Салама бин Һишам, Ъияш бин Әбу Рабиға, Уалид бин Уалид, Аммар бин Ясир және Аммардың әкесі Ясир, анасы Сумаия, сондай-ақ, Бәну Махзумның бір топ адамы. Аталған мұсылмандардың исламды қабылдағаны үшін құрайыштың кәпірлері жәбірлеп, азапқа салады. Сол сәтте қиыншылықты басынан өткеріп жатқан жаңа мұсылмандардың жүректері сығылып, «Бәлкім, Алла мүміндерді кәпірден құтқармас?!» деген күмәнде болған».

Сондай-ақ, Мужахид: «Бұл аяттың түсу себебі мүмин пендесін сынау – Алланың дәстүрі, заңы екендігін үйрету және жұбату»,– дейді.

Ал, Ибн Атыя: «Бұл аят («Әнкабут» сүресінің 2-аяты) аталған себеп негізінде түссе де немесе осы іспетті оқиғаға байланысты болса да, үкімі Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетіне жер тұрғанша (қиямет қайымға дейін) сақталады. Өйткені, мұсылмандардың шекарасын бұзу және дұшпанның басқыншылығы және де басқа Алланың сынағы үздіксіз жалғаса береді. Сондай-ақ, әр жағдайды ескерсе де осындай сан-қилы сырқат пен дерт, тұрмыстағы түрлі сынақ түрі кездеседі»,– деген.

Муқатил: «Аят Омар бин Хаттабтың қызметшісі Муһжағ жайында түскен. Оған Бәдір шайқасында Амир бин Хадрамидің жебесі тиіп, шейіт болады. Сол күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Муһжағ – шейіттердің төресі, ол бұл үмбеттің жәннат есігіне шақырылатын ең алғашқы адамы»,– дейді. Муһжағтың қайтыс болғанына әке-шешесі мен әйелі қабырғалары қайыса қайғырады. Сол шақта осы аят уахи етілген»,– дейді.

Имам Бухаридің «Сахихында» Хубаб бин Арт жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) Кағбаның көлеңкесінде шекпенін жастанып отырғанда біз шағымданып барып: «Жәрдем сұрасаңыз. Дұға етсеңіз екен», – дедік. Ол кісі: «Сендерден алдынғы үмбетте адамды ұстап алып, жерге иығына дейін көміп, арамен екіге бөлетін, темір тарақпен ет-сүйегін қан-жоса етіп тарайтын, міне, осындай қиындықтар да оларды өз дінінен қайтармайтын. Расында, Алла бұл істі (қиындық пен сынақты) салт атты Санға (Иемен қаласы) мен Хадрамаут (елдімекен атауы) арасында өзі үшін тек Алладан қорқып, малы үшін тек қасқырдан ғана қорқатындай заман болғанша жалғастырады. Алайда, сендер сабырсыздық етіп отырсыңдар»,– деген.

Демек, сынақ еш уақытта тоқтамаған. Мұсылман иманы қаншалықты екенін көрсететін және оның тілімен айтқан сөзі мен амалы бір екенін білдіретін де осы – сынақ.

Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Уа,  Алла Елшісі! Қайсы адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді.

Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін татады. Ал, бұл – дүниеге бергісіз сезім. Әрине, адам болмысы жеңілдікке, оңайлыққа құмар. Алайда, жай тас пен жауһар тастың айырмашылығы жауһарға жұмсалған қажырлы еңбек пен сабырлылықтан байқалады. Сол іспетті, дүниелік сынаққа сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байи түседі. Ал, бұл оңайлықпен келмейді. Сабырсыз бен қиыншылыққа төзімсіз жан бұл шыңды бағындыра алмайды.

Ғұлама Уаһб: «Мен хауарилердің бірінің кітабынан «Сенің жолыңа көлденеңінен қиындық тап болса, көңілің тыныш болсын, сен пайғамбарлар мен ізгілердің жолымен жүріп бара жатсың. Ал, егер де жүрген жолың жеңіл, әрі кедергісіз рахат болса, өзіңе-өзің жыла. Өйткені, жолдан адасқансың»,– деген сөздерді оқыдым»,– дейді.

Алла өзі сүйген құлын рухани байыту үшін ең таңдаулы пенделері – пайғамбарлар пен ізгі құлдар жолына салады. Осылайша оны өмір тезіне салып, бойынан керексіз, пайдасыз, бидаймен араласқан қоқым іспетті жаман әдеттері мен мінезін сыпырып тастап, тоқ бидайдай жақсы қасиеттері мен мінез-құлқын қалдырады.

«Фатхул-қадир» кітабында бұл аят жайында мынадай түсіндірмелер жазылған: «Адамдар сынақсыз және қиындықсыз қалдырылмайды. Олар малы және жанымен ғана сыналмайды, адамның ықыластысы мен екіжүздісі, шыншылы мен өтірікшісі ара-жігі ажыратылғанша сыналады».

Осы тәпсір кітабында ғалым Зужаж: «Аят мағынасы: біз олардың «Расында, біз иман келтірдік» деген сөздеріне иланып, сөздерін сынап, имандарының шынайылығын тексермейді деп ойлады ма?– деген. Сынақ, бұл – Алланың сүннеті, яғни заңы. Алла Тағала бұл үмбеттің мұсылмандарын алдын өткен үмбеттің иман келтіргендерін сынаған тәрізді түрлі қиыншылықпен тексереді».

Алла емтиханынан және сынағынан ешбір пенде тыс қалмайды. Біздің бұл дүниеге келуіміздің негізгі себептеріміздің бірі – сынаққа сабыр ету. Тек сынақ арқылы ғана Әбу Бәкір сынды ірі тұлғалар мен Әбу Жаһил сияқты малғұн адамдар ажыратылады. Тек лаулаған қызыл отқа түскенде ғана тастың алтын екені яки болмаса жай құм екені білінеді. Демек, мәселе сынақтың болуы немесе болмауында емес, мәселе сол сынақтан сүрінбей өтуде. Сынақтың сағыңды сындырмай, керісінше, сеніміңді күшейтуінде.

Алайда, көбіне адам баласы өзі білмей Алланы сынайды. Қалайша сынайды? Көптеген мұсылман бауырларымыз жасаған құлшылықтарының қайтарымын сұрайды. Сұрап қоймай, егер тез арада ойындағы тілегі қабыл болмаса, құлшылықты тастап кететіндері де кездеседі. Тіпті, қайсыбір мұсылмандар мешіт табалдырығын пенделік парызын өтеу үшін емес, күнделікті күйбең тіршілік үшін аттайды.

Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім тұрмысының таршылығын шағымданып таң аттырар болса, ол Раббысына шағымданғандай болады. Ал, кім дүниелік іс үшін өкініп таң аттырса, Алла Тағалаға ашуланып таң атырғандай болады…», – деген сөзі бар.

Осы мәселе Құранда («Хаж» сүресінің 11-аяты) былайша баяндалған: «Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаға ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді».

«Фатхул-Қадир» тәпсірінде былай делінеді: «Қайсыбір адамдар құлшылықтарын белгілі бір шартпен орындайды. Бейне бір Алламен келісім жасағысы келгендей болады. Ғибадат жасап жүріп бір дүниелік пайда тапса, молшылыққа кенеліп, жаны және отбасы аман-есен болса, жаны тынышталады, сөйтіп дінінде тұрақтап, құлшылығын одан ары жалғастыра береді. Ал, егер мал-дүниесіне, өз жанына яки болмаса отбасына бір қиыншылық түсетін болса, құлшылығын тастап, әдеттегі қалпына түсіп алады. Осылай еткені үшін екі дүниенің де жақсылығынан мақұрым қалады. Ондай пенде дүниенің барлық игілігінен, ал ақыретте сауап пен Алланың ізгі құлдарға уәде еткен нығметтерінен құр қалады».

Аталмыш аят хақында Құртуби тәпсірінде Әбу Сағид әл-Худри сахабадан мына хадисті жеткізеді: «Яхуди халқынан бір кісі иман келтіреді. Көп ұзамай ол кісінің көзі соқыр болып, мал-дүниесінен айырылады. Ол бейбақ басына келген бұл пәленің барлығы жаңа қабылдаған дінінен (Исламнан) көріп, пайғамбардың құзырына барып: «Мені бұл діннен азат ет, басымды босат»,– деп жалбарынады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ислам діні ешкімді босата алмайды (яғни, әркімнің еркі өзінде)»,– дейді. Сонда әлгі бейшара: «Мен бұл діннен ешбір жақсылық көрмедім! Екі көзімнен айырылдым, мал-дүнием және баламды жоғалттым!» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, яхудилік! Расында, Ислам – от, болат темірдің, күмістің және алтынның бойындағы жаман қоспаны еріткені сияқты адам бойындағы жамандықты ерітеді»,– деп жауап береді.

Тәпсіршілер: «Бұл сүренің аяты дала арабтары жайында түскен. Олар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп иман келтіретін. Дін қабылдағаннан кейін молшылық пен кеңшілік көрсе, дінде тұрақтайтын. Ал, егер қиыншылық көріп, қиналып кетсе, діннен шығып кететін»,– дейді.

Шайба бин Рабиға Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Сен маған Раббыңнан мал-дүние, түйе мен жылқы және перзент беруін сұрап дұға ет, сонда мен саған иман келтіріп, дініңе кіремін»,– дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға етіп, Алла Тағала Шайбаның сұрағанын береді. Соңынан Алла оны сынамақ болып (әрине, Алла алдын ала білуші) бергенін қайтып алып қояды. Шайба да иманнан шығып, кәпір болады.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таңсәріде сахабаларының алдына шығып: «Бүгінгі таңды қалай атырдыңдар?»– деп сұрайды. Олар: «Аллаға иман еткен күйде»,– деп жауап қайырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иман еткендеріңнің белгісі не?»– деп қайта сұрады. Олар: «Қиыншылыққа сабыр етеміз, кеңшілікке шүкіршілік етеміз, Алланың жазғанына ризашылық білдіреміз»,– дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қағбаның Иесімен ант етемін, сендер шынайы мүминсіңдер»,– деген екен.

Біз де сахабалар секілді сабырлық пен шүкіршілік етіп қана шынайы мүмин боламыз. Құртубидің құран тәпсірінде бұл аятқа қатысты екі мәселені қарастыру қажет.

Біріншісі, аяттың түсу себебі: Хубаб бин Арт: «Бұл аят бізге байланысты түскен. Біз Мәдинадағы бәну надир, қурайда және бәну қайнуқағ руларының мал-дүниесін көріп. Осындай молшылықты қаладық».

«Егер біз ризық-несібені мол етсек, олар жер бетінде астамшылық (қанағатсыздық танытып, тағы да сұрай беретін еді) етер еді». Ибн Аббас: «Астамшылық сөзі: бір дәрежеден кейін екіншісін, ал бір малдан кейін тағы біреуін, бір көлік үстінен тағы екіншісін, киімге тағы бір киім сұрау»,– деп айтқан. Алла тағала бір хадис қудсиде: «Адам баласының екі сай толы алтыны болса, екеуіне қоса тағы бір сай алтыннан дәмеленеді»,– делінген.

Екіншісі, біздің ғалымдарымыз: «Жаратқан Иеміздің әрбір ісінде сансыз сыр және шексіз даналық бар. Алла Тағала өз пендесінің жағдайын жақсырақ біледі. Кейбір пендесіне кеңшілік көрсетсе, мұндай жағдай оны бұзықтыққа апарады. Сол себепті оған дүние игілігі пайдасын бермейді, керісінше, бұзады. Сондықтан, тұрмыстың таршылығы қорлық емес, ал ризық-несібенің молшылдығы кісінің артықшылығынан емес. Кейбір адамдарға олардың бұрыс пайдаланатынын Алла Тағала білсе де береді. Мұның себебі – Алла осылайша сынақ етеді»,– дейді.

Сан қилы сынақтың сыры жайлы кемеңгер сахаба Омар бин Хаттаб (р.а.): «Алла маған бір қиындық жіберсе, ол қиындықтың астарында төрт кеңшілік болады: қиындық менің күнәм себепті болмайды, күнәма жараса берілген қиындық күнәмнан үлкен болмайды. Басыма түскен қиындық Алланың ризашылығынан мақұрым етпейді. Мен бұл қиындықтың соңынан Алланың сауабын үміт етемін»,– деген екен.

Әбу Бәкір (р.а.) адам баласына жан-жақтан төнген қиындықтарға төтеп беру жолын үйретіп: «Расында, ібіліс сенің алдында, нәпсің оң жағында, құмарлығың сол жағыңда, ал дүние арқа тұсыңда тұр. Ал, дене мүшең сені орап қоршаған, төбеңде Жаббар Алла (әрине, өз құдіретімен, мекенімен емес). Алланың лағынеті болғыр ібіліс, сені дініңді тәрк етуге шақырады, нәпсің күнәға итермелейді. Құмарлығың ләззатқа шақырады. Ал, дүние пәнилікті бақилыққа айырбастауыңды қалайды. Дене мүшелерің де айыпты іс, күнә жасауыңды сұрайды. Ал, Жаббар Алла сені жәннатқа және мағфиретке шақырады. Кім ібіліске жауап берсе, дінінен айырылады, кім нәпсісіне жауап берсе, жанынан, рухынан айырылады. Кім құмарлығына жауап берсе, ақылынан айырылады. Кім дүниеге жауап берсе, ақыретінен айырылады. Кім дене мүшелеріне құлақ салса, жәннаттан айырылады. Ал, кім Аллаға жауап берсе, тұла бойы түгел жамандықтан құтылып, барлық жақсылыққа кенеледі»,– деген екен.

Қиындыққа қынжылмай, қайта жігерін қайрай түсу қажеттігін мына бір қысқаша ғибратты оқиғадан аңғарсақ екен. Алла Тағала өзінің пайғамбары Ғузайрға (ғ.с.) уахи етіп: «Ей, Ғузайр! Егер кішкене бір күнә жасап қойсаң, күнәнің кішілігіне қарама, сол күнәні кімге жасағаныңа қара. Ал, егер саған кішкене бір жақсылық жетсе, жақсылықтың кішілігіне қарама, бұл жақсылықты кім сыйлағанына қара, ал егер басыңа бір қиындық, сынақ келсе, Мені пенделеріме айтып арызданба. Өйткені, Мен де сен күнә жасағанда періштелеріме сені шағым етпеймін»,– деген екен.

Хазірет Әли (р.а.): «Алла құзырында адамдардың ең жақсысы бол, нәпсі үшін адамның ең жаманы бол, ал адамдар арасында нағыз азамат бол»,– деген екен.

Данышпан сахаба Әли (р.а.) айтқандай, Алланың әмірін орындап, ең жақсы пенделер сапынан көрінуге тырысып бағуымыз тиіс. Сондай-ақ, Шал ақынша «Ақыл – қойшы, иман – қой, нәпсі – бөрі, бөріге қой алдырмас ердің ері» деп, нәпсінің жетегінде жүрмей, құрдымға итермелейтін құмарлығымызды құрықтап, мұсылман қауым арасында нағыз ер болуымыз ләзім.

Алпысбаев Рашид Абдуалиұлы,

 «Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.