Сүннеттің төресі – отбасылық өмірде бақытты болу. Бақытты отбасы – сүннетке сүліктей жабысқан, қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиесімен үлес қосқан отбасы. Пайғамбарымыздың отбасылық өмірінде де аз-кем салқындық, кикілжің болған. «Ахзаб», «Нұр», «Тахрим», «Хужурат», «Талақ» сүрелерінде Пайғамбар мен оның ханымдары арасындағы отбасылық мәселелер турлы баяндалады. Тіпті Пайғамбарымыздың бір ай бойы ханымдарына ренжіп, күсіп, үйінен жыраққа кетіп, Пайғамбар мешітінде қонақтайтыны да бар. Мәселе – нәтижеде отбасылық бақыттың сақталып қалғандығында.
Сүннетті ұстану, басқаша айтқанда бар пайдалы нәрседе тепе-теңдікті сақтау дегенге де саяды. Мысалы, діннің негізгі ритуалы ғибадаттың өзін ретімен жасау бұйырылған; күндіз-түні намаз, Құран оқы деген бұйрық жоқ. Сондықтан ерлі-зайыптылардың тағы бір жауапкершілігі отбасылық өмірде кез келген іске тиісінше уақыт пен назар бөлу болмақ. Ислам тарихынан мысал келтірер болсақ; Амр ибн Ас есімді сахабаның әкесі Пайғамбарға ұлы туралы айтып, арызданады. Амр үйленген, бірақ әйеліне жеткілікті уақыт бөлмейтін, күндіз-түні ғибадатқа берілетін көрінеді. Осы оқиғаға қатысты Пайғамбарымыз өз өмірінен дәйек келітірген: «Менен үлгі алыңдар, мен кейде намаз оқимын, кейде ораза ұстаймын, нәпақа да табамын. Сендер де әрдайым орта жолды – менің жолымды ұстаныңдар». Пайғамбар өсиетін орындау – парыз. Бұл бүгінгі таңдағы ерлі-зайыптыларға әсіресе заманымыздың зауалдары – телефонда, интернетте, инстаграмда шектен тыс уақыт өткізбеу керектігі турасында таптырмас ақыл. Өйткені пайғамбар хадисіне сүйенсек «Оның жолымен жүрмеген, Оның үмбеті болып есептелмейді», мүминге осыдан артық қандай тоқтам қажет?
Отбасы дегеніміз – сынақ. Сынаққа жақсы дайындық керек, ауыртпашылықтарына төтеп беру үшін сабыр керек. Пайғамбарымыз бір хадисінде «Ең ауыр сынақ, бәле-жала, ауыртпалықтар пайғамбарлардың басына түскен, одан кейін Аллаға жақындығына қарай сахабалар, табииндер, әулие-әнбиелер, ғұламалар қиыншылық зардабын тартқан» деген. Пайғамбарлардың өмірін жіті үйренсек, бұл мәселенің де басын ашамыз. Алғашқы пайғамбар, әрі тұңғыш адам – Адам ата әуелі болашақ жары Хауа анамызбен сыналды, артынша перзенттері арқылы ауыр сынаққа душар болды. Пайғамбар перзенті Қабыл өз бауыры Абылды өлтіріп, дүниедегі бірінші қандықол қылмыскер атанды. Адам пайғамбар да осылайша әрі қылмыскер перзенттің, әрі жәбірленуші перзенттің әкесі болып мәңгілік тарихта қалған. Лұт пайғамбар масқара жағдайдан өз әйелін құтқарып шыға алмаған. Нұх пайғамбардың ең үлкен сынағы – Аллаға қарсы шыққан өз зайыбы мен күпірлікпен көз алдында топанға тұншығып өлген баласы болды. Біз – әзірет Лұттың да, әзірет Нұхтың да, әзірет Адамның да тырнағына татымайтын жай пенделерміз. Алланың сүйіктілері отбасылық өмірде соншалық қиыншылыққа тап болса, қарапайым пенделердің отбасы мүшелерімен сыналатыныа айдан анық. Әйел де, күйеу де, отбасын құру да, шаңырақ көтере алмау да, балалы болу да, бедеулік те – ойлы адамға бәрі сынақ. Сынақ – қайғы. «Қайғысыз ақыл – тұл» деген Мәшһүр Жүсіп бабамыз. Қайғы – асылында ердің сауыты. Өйткені ақылды адам қайғырады. Біле білгенге қайғы-сынақ рухты өсіретін, жанды қорғайтын қалқан. Пайғамбарымыз әзірет Мұхаммед (с.а.с.) те отбасымен сыналды. «Тахрим», «Хужурат», «Нұр», «Талақ» сүрелерінде Пайғамбарымыздың отбасындағы сынақтары туралы баяндалған. Пайғамбарымыз асыл аналарымыз – зайыптарына ренжіп бір ай үйінен жырақта, мешітте қонғаны Сияр қайнарларынан мәлім. Қазақ тарихында бір рулы елдің анасы атанған Домалақ ана – Нұриланың күйеуі Бәйдібек бидің бәйбішесінен көрген зомбылығы да – отбасылық сынақтың жарқын мысалы. Күйеуіңіз қатал, қатыгез, сараң, әділетсіз, жауыз болуы мүмкін. Әсия сынды жәннаттық анамыз күйеуі Перғауынмен сыналды. Әзірет Әсия анамыз күпірге, имансыздыққа бас көтергенмен, күйеуінің қақысын қолдай отырып, күйеу-Перғауынға мойынсұнды. Бұл оқиға арқылы Құран әйелдерге тығырықтан шығудың жолын көрсеткен, яғни күйеуіңіз перғауын сипатты болса да, сіз Әсия болуға ұмтылыңыз дегенге үндейді. Ибраһим пайғамбар сексен жасқа дейін перзентсіздікпен сыналса, жасы тоқсанға таяғанда Сара анамыздың Ажар анамызға деген қызғанышынан зәбір көрген. Сол сияқты әзірет Мұса пайғамбардың, әзірет Жақып пайғамбардың – отбасындағы сынақтары да ұзын әңгіменің арқауы. Сыддық сахаба әзірет Әбу Бәкір үш қыз, үш ұлдың әкесі. Пайғамбардың жан досы жиырма жыл бойы бір ұлын күпірліктен құтқаруға тер төккен. Мүшрік ұлымен тайталасып жүріп, Сыддық сахабаның бірде бір рет баласын балағаттап, жаман сөз айтпағанын тарих растаған. Мүмин – орта жолдың үмбеті, бұл дүниеде төрт құбыланың түгел болмайтынын әу бастан қабылдаған жан.
Пайғамбарымыз бір хадисінде «Шайтан кейде тағын ғарышқа құрып алып, кім маған адамзат баласының жамандығын естіртіп, қуаныш сыйлайды? – деп әскерлеріне бұйрық береді. Шайтанның нөкерлерінің біреуі мен пәленшеге ұрлық жасаттым, енді біреуі мен түгеншеге зина жасаттым, үшіншісі мен пәленге өсімқорлықпен арам жегіздім дейді екен. Шайтан мұның бәріне қуанады, бірақ сонда да көңілі көншімейді. Алда-жалда біреуі келіп «мен пәлен ерлі-зайыптының арасына сына тастадым, ұрыс-керіс шығарттым, шаңырақтарын шайқалттым» дегенде, шайтан бөркін аспанға атып тұрып, қуанады» деген. Олай болса, үйдегі ыдыс-аяқтың сылдырауы отбасының шырқын, бала-шағамыздың тыныштығын бұзып қана қоймай, шайтанға шаттық сылайды. Отбасылық өмір кинодағыдай немесе гламур басылымдарда бейнеленетіндей керемет бүдірсіз тірлік емес. Мұны әу бастан қабылдаған ләзім. Отбасылық өмір қызығы мен шыжығы қатар жүретін сынақ майданы. Сондықтан үйленетін екі жақ та әу бастан сынаққа дайын болса құба-құп.
Отбасылық өмір дегеніміз – мылтықсыз майдан. Майдан – өмірден мән табу жолындағы күрес, дәлірек айтсақ Ислам мен адам арасындағы кедергілерді жою. Ал кез келген күрес дайындықты, үздіксіз жаттығуды талап етеді. Дүниедегі ең үлкен күрес – адамның нәпсісімен күресі. Қазіргі заманда айнала тірлікте нәпсіге ұнайтын, нәпсіні қытықтайтын алуан түрлі зат, нәрсе, оқиға, объект толып жатыр.
Отбасы – нәпсінің құмарына балта шабатын құрылым. Отағасы үшін де, әйел үшін де, балалар үшін де қызылды-жасылды, құмарды қытықтайтын дүниелер көп. Олар – арам-адалдың жігін ажырата алмай қалатын байлық, соңғы модель көлік, қайырымы аз зәулім үй, жихаз, әшекейлер, қажеттіліктен артық киім-кешек, жаңа модель электронды жабдықтар, жарнамалар, интернеттегі керекті-керексіз көріністер, адал мен арамға мән берілмейтін той-томалақ, иман-исламмен қаруланбаған коучтардың «насихаттары», адал жолдан ауытқуға себеп болатын жора-жолдастар, жақын-жуықтар т.с.с. Кез келген қажеттілік адал жолмен өтелмегенде арамға ойысады, нәпсіқұмарлық жеңеді. Отбасы – осы сияқты толып жатқан иман әлсірететін микроп вирустардан қорғайтын антидене іспетті. Нәпсіқұмарлық дертінен айықтыратын құралдар – құлшылықта тереңдеу, асыл мұратты жиі еске салу, отбасылық кеңес, отбасылық дастархан басындағы бірлік, ерлі-зайыптылардың бір-біріне арнайы уақыт бөлуі, отбасылық тәрбие-тәлім тренингтері, әулеттің үлкендерімен жиі сұхббаттасу, бата алу, ас қайыру, отбасылық кітап оқу сағаттары, сыйлық беру, отбасы мүшелерінің туған күндерін, мерейтойларды әсіреге берілмей атап өту, имани сұхбат, ықсанға ұмтылу, қайыр-садақа, зекет, мұқтажға көмектесу. Мұның бәрі отбасында жүзеге асқанда берекеге кенелтетін жайттар.
Әрбір шаңырақ – пайғамбардың насихатымен заманауи суффа мектебінің филиалы ретінде қызмет етуге тиіс. Суффадағы сабақ – күнделікті дастарқан басында отбасы мүшелерінің жиналуы, өнегелі сұхбат. Бала тәрбиесі негізінен дастархан басында – суффа сабағында жүзеге асады. Бала – бақылаушы, әрі локатр. Ерлі-зайыптылар өзара жылы жүз, әдемі сөзбен қатынас жасайтын болса, бала өздігінен шуаққа шомып өседі. Отбасы майданындағы жеңістің тірегі – ерлі-зайыптылардың арасындағы өшпес махаббат. Құмарлық емес, махаббат. Абай атқандай «Құмарлық пен махаббат ол екі жол». Иман берік болса, ол қарым-қатынаста махаббат мықты. Имани-ислами нәр азайғанда, имани дәрумен жетіспегенде арада суықтық пайда болады. Айналадағы, көшедегі, жұмыстағы, интернеттегі дүниелер қызық, әдемі, мағыналы сияқты көріне бастайды. Еркек үйден суыйды, әйел өз әлемінде өмір сүре бастайды. Бала дәнекер болудан қалады.
Бауыржан Момышұлы мұндайды «өз үйіне көңілді кіре алмайтындар, өз үйінен қашатындар – жарымжан әрі бақытсыз» деп түйіндеген. Үйде (ең болмаса телефон не компьютерден) уақыты кіргенде азанның оқылуы, намазға шақыруды ести сала дәрет алуға, намаз оқуға асыққан әке мен ана, Рамазан айына арнайы дайындық, келген қонаққа құрмет, қарттарға ықылас, Құран оқитын ата-ана, иманжүзді жолдастар, әдемі лебіздер, астан соңыра бата қайыру – міне осының бәрі баланың түпсанасында автоматты түрде бекитін тәлім.
Сөз соңы – асыл сахаба, Пайғамбарымызың «үмбетімнің хакімі» деген марапатына ие болған әзірет Әбу Дәрда ақтық демін берер сәтінде, қасындағы әйелі Үммі Дәрдаға былай дейді: «Менің ақырым таянды. Көп ұзамай Жаратушыммен қауышамын. Саған айтарым бар, мен өлген соң өзіңді қинамай, мінәсіп жан кездесіп жатса қайтадан тұрмысқа шық». Әйелі Үммі Дәрда күйеуінің бұл сөзіне қатты қапаланады. Жан жарына қарап «Уа, Мұхаммед үмбетінің хакімі атанған абзал жан! Әзірет Мұхаммед өмір бойы сені құрметтеп, сыйлап, ерекше разы болып кетті. Менің дәл қазір сенен бір өтінішім бар, соңғы тілегім болсын, мен дәл қазір дұға қылайын сен сол тілегіме әумин десең болды». Хал үстінде жатқан Әбу Дәрда жан жарының соңғы тілегін орындауға келіседі. Сондағы Үммі Дәрданың дұғасы мынау екен: «Уа, Жаратушы Раббым! Мен бұл өмірде бақытты ғұмыр кештім. Бойжеткен қыз күнімде Әбу Дәрда маған сөз салып, Өзіңнен жар ретінде мені қалады, Сен оның сол тілегін қабыл қылдың. Ақыретте де мен күйеуім Әбу Дәрданы өзіме жар ретінде қалаймын. Қабыл ете гөр, уа, Аллам!» Әбу Дәрада ақ некелі зайыбының дұғасына әумин деген күйі қайтпас сапарға аттанған көрінеді. Баршаға Әбу Дәрда мен Үммі Дәрданың махаббатын, екі дүниеде бірге шаңырақ көтеруді нәсіп еткей.
материал «Дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,
sunna.kz