Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әбу Ханифаның шәкірттеріне айтқан өсиеті

0 552

Юсуф ибн Халид әс-Самти әл-Басри (р.а) имам Әбу Ханифаның (р.а) қасында біраз жыл білім алады. Кейін ұстазынан атамекені Басраға қайтуға рұқсат сұрайды. Имам Әбу Ханифа (р.а) оған былай дейді. «Жоқ! Мен саған адамдармен жақсы мәміле жасаудың, ғалымдардардың мәртебелерін, нәпсіні тәрбиелеудің, қарауыңдағы адамдармен дұрыс мәміле жасаудың, үлкен мен кішінің қадірін білудің, жалпы көпшіліктің жағдайын ескерудің қыр-сырын үйретпей рұқсат бере алмаймын. Ол сенің біліміңнің сәнін арттыра түседі. Мерейіңді арттырады, абыройыңа дақ түсірмейді.

«Мына нәрсені жадыңа түйіп ал! Адамдарға жақсы мәміле жасамасаң, әке-шешең болса да саған қарсы дұшпан болады. Ал дұрыс мәміле жасасаң туыстық байланысың болмаса да адамдар сенің жақыныңа айналады. Сен біраз күн сабыр ете тұр. Мен саған арнайы уақыт бөлейін. Ойымды жинақтап алайын. Кейін алғысыңды айта жүретін, қадірімді білдіретін нәрселерді үйретейін. Тәуфиқ Аллаһтан».

Имам Юсуф ибн Халид (р.а) былай дейді. «Уәделескен күн келіп жеткенде, ұстазымның алдына бардым. Ол төмендегі мына өсиетін маған арнап айтты».

«Аса Рақымды ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ей, Юсуф! Мен сенің қандай мақсатпен Басраға қайтып бара жатқаныңды білемін. Жай-жапсарын айтып берейін. Сен осыдан тура Басраға барасың делік. Басраға кірер-кірмес сен бізге қарсы келгендермен талас-тартысқа түсесің. Өзіңді олардан артық көресің. Олардың құзырында біліміңнің көптігін айтасың, көрсетуге тырысасың. Олармен аралас-құралас болудан бас тартасың. Уақыт өте келе оларды тәрк етесің. Олар да сені тәрк етеді. Оларға тіл тигізесің. Олар да саған тілін ұзата бастайды. Оларды адасқандар деп санайсың. Олар да сені адасқан деп есептейді. Сен оларды бидғатшы деп атайсың. Олар да сені бидғатшы деп айта бастайды. Сонымен мұның зарары, зардабы бізге де, саған да тиеді. Олардың тілі саған да, бізге де тиеді. Бұдан кейін сен оларды тастап кетуге мәжбүр боласың. Ескертіп айтайын мұндай ой, іс-әрекет ақылды кісінің ұстанымы емес. Себебі Алла Тағала ісін оңғарғанға дейін қарауындағыларға дұрыс мәміле жасай алмаған кісі ақылды кісі емес».

Имам Юсуф ибн Халид (р.а) былай дейді. «Шынымен-ақ ұстазымның айтқан сөздерінің жаны бар еді. Сондай ойымның болғаны рас еді».

«Юсуф! Сен Басраға барғанда адамдар сені арнайы келіп қарсы алады. Жиі-жиі зиярат етіп тұрады. Қадіріңді біледі.

Құзырыңа келген әрбір кісіге дәрежесіне, мәртебесіне қарай мәміле жаса!

Ел арасында құрметі, қадірі бар кісілерге сый, құрмет жасаудан тайынба!

Ғалымдарды, ғұламаларды қатты құрметте!

Жасы үлкендерді де құрметте, кішілерге ізет көрсет!

Қалың көпшілікке жақын бол!

Күнәһар, бұзық адамдардың да тілін таба біл!

Жақсылармен көп сұхбаттасып жүр!

Билік басында жүргендердің ешбірін ешқашан қор көрме!

Алдыңа арнайы келген кісінің ешқайсысына менмендік көрсетпе!

Оларға деген сүйіспеншілікті арттыруда немқұрайлық танытпа!

Сырыңды ешкімге айтпа!

Сыныңның тезінен өткізбей ешкімге иек артпа, сенім артпа!

Қара ниетті, зымиян кісіден іргеңді аулақ салып жүр!

Екі ұшты сөз сөйлеме!

Надан кісілермен көп араласпа!

Абыройыңа дақ түсіретін кісілерге жуыма. Ешбір жаннан сыйлық қабыл етпе, әрі шақырса барма!

(бұл қазыларға қатысты үкім)

Кез-келген кісінің тілін таба біл! Қиыншылықтарға сабыр ет!

Кеңпейіл бол! Мінез-құлқыңды дұрыс ұста!

Киіміңді жаңартып тұруға көңіл бөл!

Иіссуды көп қолдан!

Астыңа мініп жүретін көлігің дұрыс, жақсы болсын!

Жеке мұқтаждықтарыңды өтеуге арнайы уақыт бөліп жүр!

Жаныңда жүргендерден бейхабар болма!

Олардың тәрбиесіне, тәліміне назарыңды сала жүр!

Тәрбиеде, тәлімде жұмсақтық таныт!

Қателік жасағаны болып жатса көп жазғыра берме!

Себебі көп жазғырудың пайдасы тимейді, еті үйреніп кетеді. Сонымен қатар адамдардың тәрбиесін, тәлімін өз мойныңа алма!

Себебі қадірің кетеді. Намаздарыңа берік бол!

Дастарханың әрдайым жаюлы болсын. Себебі сараң кісі тарихта ел билеген емес, халық алдында сыйлы болған емес.

Ел арасындағы жағдайды айтып тұратын жанашыр кісің болсын! Себебі қандай да бір жағымсыз іс жасалса, түзетуге мүмкіндігің болады. Ал қандай да бір жағымды іс жасалса, оны жан-жақты қолдауға мүмкіндігің болады.

Сені зиярат еткен яки зиярат етпеген кісілерді зиярат етіп тұр! Саған жақсылық жасаған яки жасамаған кісіге де бірдей мәміле жаса!

Кешірімділік жолын ұстан!

Жақсылық жасауды әмір ет!

Саған қатысы болмаған іске көңіл қойма!

Зарары тиетін кісіге жолама!

Кез-келген кісінің лайықты ақысын бер!

Жақын араласып жүрген достарыңның арасында біреу сырқаттанып қалса, өзің жеке көңілін сұрап шық!

Ара-тұра қызметкерлеріңді жіберіп, хал-жағдайын біліп отыр. Жақын араласып жүрген достарыңның бірі хабар-ошарсыз кетсе, жағдайын сұрастыр!

Бейхабар болма! Жақын араласып жүрген достарыңның бірі келмей кетсе сен оған барып тұр!

Қатынасты үзбе!

Саған дөрекілік көрсеткен кісіге жақсы мәміле жаса!

Келген кісіге құрмет көрсет!

Саған дұшпандық жасағанды кешіре біл!

Сені жамандап тіл ұзатқан кісі болып жатса, ол жайында жақсы сөз айт!

Жақын араласып жүрген достарыңның бірі көз жұмып, қарызы болса қарызын өте!

Жақын араласып жүрген достарыңның бірінің үйінде қуаныш, сүйініш болып жатса шет қалып қойма!  Ортақ бол!

Жақын араласып жүрген достарыңның бірінің үйінде күйініш, қайғы болып жатса шет қалып қойма!

Ортақ бол!

Біреу келіп қандай да бір ісіне қолдау көрсетуіңді сұраса, қолдау көрсет!

Біреу келіп жәрдем сұраса, жәрдем беруден қашпа!

Қолыңнан келгенше адамдарға жылы жүзді бол!

Шарапаты аздау, нашар кісі болса да кез-келген кісіге сәлем бер!

Егер сен біреумен яки жамағатпен мәжілісте, яки мешітте жолығып қалып, сенің көзқарасыңа сай келмейтін пікірлерді айтса тартысқа бірден түсіп кетпе.

Алайда сіздің көзқарасыңыз қандай деп сұрап жатса, әуелі олар дұрыс көріп отырған көзқарастан баста. Артынша бұл мәселе жөнінде басқа көзқарас бар деп айт.

Айтқан көзқарасыңды толықтай дәлелдеп шық.

Егер құлақ салып тыңдаса сенің және біліміңнің қадірін түсінді дей бер.

Егер бұл кімнің көзқарасы деп сұраған жан болса, бағзы фақиһ ғалымдардың көзқарасы деп жауап бер.

Айтқан көзқарасыңды құп көріп, мақұлдап жатса қадір-қасиетіңді түсінгені. Мәртебеңді түйсінгендіктері. Сенімен пікірі сай келмейтіндер алдыңа келген сайын білімнің бір ұшын шығарып отыр. Ол жайында ойланып жүрсін.

Әрі сол айтқан біліміңнен қабілеті жеткен кісі, өз үлесін алып жүрсін. Білім жайлы сөз қозғасаң алдыңда отырған кісі ұғатын анық, айқын білімнен сөз қозға. Білімнің терең, кез-келген жан ұғына бермейтін тұстары жайлы сөз қозғама. Оларды жақын ұста. Бауырыңа басып жүр.

Кейде әзілдесіп қоюды ұмытпа. Сөйлесіп жүр. Себебі мұның барлығы арадағы сүйіспеншілікті оятады.

Білімге деген ізденісті, құлшынысты арттырады. Кейде дастархан жайып, қонақжайлығыңды көрсет. Қажеттіліктері болып жатса, өтеуге жәрдем бер. Әрбірінің қадір-қасиетіне сай құрмет көрсет.

Қателіктеріне, кемшіліктеріне үлкен мән берме. Байқамаған кісі бол. Оларға жұмсақтық таныт. Кешірімшіл бол.

Олардың ешбіріне жалыққандығыңды яки жаратпайдығыңды білдірме. Олардың арасынан шыққан кісі секілді бол. Өзіңе қалай жақсы мәміле жасауды жақсы көрсең, дәл солай адамдарға мәміле жаса!

Өз-өзіңе берік бол!

Өз-өзіңді әрдайым бақылауда ұста! Саған қабақ шытып, дөрекілік көрсеткенге дөрекілік жасама!

Шу шығарудан, бүлік шығарудан аулақ бол! Сөзіңді тыңдап жүрген кісіні, сен де тыңда. Адамдарға шамасы жететін нәрселерді айт. Одан артығын жүктеме. Өздері үшін разы болған нәрсеге, сен де разы бол!

Адамдар жайында әрдайым дұрыс ниетті бол. Шыншыл бол. Тәкаппарлықтан аулақ бол. Бәз біреулер сені алдаса да, сен біреуді алдама! Саған кейбір жан қиянат жасаса да, аманатқа қиянат жасама!

Уәдеңді әрдайым орында. Тақуалықтан айрылма!

Басқа діндегілер саған қалай мәміле жасаса, сен де соларға дәл сондай мәміле жаса!

Сен менің мына айтқан өсиетімді орындасаң, жетістікке жететіндігіңе үмітім болады. Әрі аман-есен ғұмыр кешетіндігіңе сенімім нық болады. Бір жағынан сенің біздің мәжілісімізден кетуің жүрекке қайғы ұялатып тұр. Бір жағынан сендей жанмен мәжілістес болғандығымыз жүрекке тыныштық ұялатып тұр. Бізбен қарым-қатынасты үзбе. Хат жазып тұр. Мен сенің әкең, ал сен менің баламдай бол! Қандай да бір мұқтаждығың болса еш қысылмастан маған айт.

Имам Юсуф ибн Халид (р.а) былай дейді: «Имам Әбу Ханифа (р.а) өсиетін айтып болғаннан кейін, динарлар салынған әмиян ұсынды. Жолыма қажетті азық-түлік берді. Барша шәкірттерін жинап алып, шығарып салуға менімен бірге қаладан шықты. Ефрат өзенінің жағасына дейін келді. Сол жерде бір-бірімізді қимай қоштастық. Мен Әбу Ханифаның (р.а) көп жақсылығын, игілігін көрген адаммын. Бірақ осы айтқан өсиеті бұрынғы жасаған жақсылықтарының баршасынан артық болды. Қысқасы Басраға келіп жеттім. Ұстазымның айтқан өсиетін бұлжытпай орындадым. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде көптеген кісі менің досыма айналды. Әбу Ханифаның (р.а) мәзһабы Куфада жақсы тараған болатын. Басрада да тарай бастады. Негізінде Басрада Хасан Басри (р.а) мен ибн Сиринның (р.а) мәзһабы тараған болатын. Уақыт өте келе Хасан Басри (р.а) мен ибн Сиринның (р.а) көзқарастарын, Әбу Ханифаның көзқарастары басты. Әбу Ханифа (р.а) дүниеден өткенше хат жазысып тұрдық».

Имам Саймаридің (р.а) айтуы бойынша Юсуф ибн Халид әс-самти әл-Басри (р.а) имам Әбу Ханифадан ұзақ жылдар тәлім алған және оның көптеген фиқһи мәселелерін, пәтуаларын нақыл еткен шәкірттерінің бірі. Имам Тахауи (р.а) имам Музанидің (р.а) былай деп айтқандығын риуаят етеді. Мен: «имам Шафиғидің (р.а) «Юсуф ибн Халид (р.а) жақсы кісі болатын»,-деп айтқандығын естіген едім». Имам Юсуф ибн Халид әс-Сәмти әл-Басри һижри 189 жылы ражаб айында дүниеден өтті. Аллаһ ол кісіні мейіріміне, рақымына бөлесін. Әмин.

материал «Имам Ағзам тағылымы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.