Сәлемдесу – батыс елдерінде көбінесе «Қайырлы таң! Қайырлы күн! Қайырлы кеш! Қайырлы түн!» болып келеді. Француздар сәнді қалпақтарын көтере бас изесіп, немістер оң қолын көңілдене көтеріп есендік ілтипатын білдіреді. Шығыс елдерінде сәлемдесудің түрі тіпті көп, қызығы өз алдына. Мәселен, көне қытайдың халқы бір-бірімен амандасқанда «Чылым-ю?» дейтін болған, онысы – «Тамақ іштің бе?» дегені. Сірә, ашаршылық жанына батқан бұқара халық «қарын тоқ болса, амандық сол» деп ұғынса керек. Алда-жалда жапон фирмасына жұмысқа тұра қалсаңыз, сізге алдымен бір ай бойы кіммен қалай амандасу керектігін үйретеді екен. Деңгейі өзіңізбен шамалас адамның қасында бірдей ғана бас иесіз, дәрежесі өзіңізден жоғары Ченың яғни фирма директорының алдында барынша бүгіліп, иіліп сәлем беруге тура келеді. Тіпті кейде үлкен басшының алдында жерге жығылып, маңдайды жерге тигізетін жайттар әлі де бар. Төс қағысып, құшақтасу, бір тізерлеп отыра қалып, қолын кеудесіне қою, маңдайдан иіскеу, қолынан сүю, бетке-бетті тигізу де осы шығыс халықтарына тән амандасудың дәстүрлері. Ал жалпы сәлемдесудің қоғамдық өмірімізде алатын орны қандай дегенге келейікші.
Баянауыл өңірінен шыққан, артына 30 томдық мол мұра қалдырған үлкен Ислам ғұламасы Мәшһүр Жүсіп:«Біздерге сәлем беру болды – сүннет, Пайғамбар сүннетін тұт, болсаң үмбет» – деп, сәлемдесудің ең әуелі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) істеген істерін өнеге тұтатын, ізінен ерген иісі мұсылман баласының барлығына тән сауапты іс екенін жұп-жұмыр екі-ақ жол өлеңмен бедерлеп берген. Қасиетті Құранды ашсақ, бұл жайында мынадай әдемі аятқа көзіміз түседі: «Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар!».
Өйткені сәлемдесу, амандық-саулық сұрасу – адамдардың бір-бірімен тез тіл табысуына, әңгімелесуіне, араласуына, өзара сыйластық, татулық, бауырмашылдық, жолдастық, достық құруына жол ашатын кілт. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Сендер толық иман келтірмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіңдер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» – дейді. Бұны естіген сахабалар үнемі бірін-бірі көрген жерде ыстық ықыласпен сәлемдесу арқылы араларындағы сүйіспеншілікті, құрметті нығайтуға ұмтылған. Тіпті мынадай қызықты әрі өнегелі жайттар да кездескен.
Бірде Тұфайл ибн Әбу ибн Кағыб (р.а.) өзімен бірге базарға барғысы келген Абдуллаһ ибн Омарға (р.а.):– Сіз базарға не үшін бармақсыз? Бір нәрсе сатып алатын не бір нәрсе сатайын деген түріңіз байқалмайды. Одан да келіңіз мына бір жерге отырып, біраз әңгіме-дүкен құрайық, – дейді.
Сонда Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) оған:
– Біз кейде үйден тек сәлемдесу үшін шығамыз. Кездескен кісілермен амандасып, есен-саулықтарын сұрасып қайтсақ болғаны, – деп жауап берген екен.
Әнас ибн Мәліктің (р.а.) айтуынша, тағы бірде мынадай оқиға болады: Бір күні Омар ибн Хаттабқа (р.а.) біреу келіп сәлем береді. Ол сәлемін алып тұрып, «Қалың жақсы ма?» – деп әлгінің қал-жағдайын тәптіштей сұрады. Ол Құдайға шүкіршілік айта жауап қатты. Сонда хазірет Омар: «Менің сенен естігім келгені осы еді», – деп, қай кезде де ең әуелгі сөздің Алла тағаланы еске алып, іле бас амандығы үшін шүкіршілік айту болғаны дұрыс екенін ұқтырды. Сәлемдесу әуелі адамды кішіпейілділікке тәрбиелейді. Хадисте: «Көлікте отырған адам – жаяуға, жаяу адам – отырғанға, аз адамдар – көпшілікке, жасы кіші – жасы үлкенге сәлем берсін», – дегені де тегін емес. Неге десеңіз, көліктен түсіп барып жаяу адамға амандасу, өзіңді жаяудың қасында артық сезінбе, алдымен кішіпейілділікті сен таныт, оның көңіліне қаяу келмесін дегені. «Екі мұсылман кездескенде бір-бірінің қолын алып, қал-жағдай сұрасса, Алла тағала сол мезет оларға жүзрақымын төгеді. Соның тоқсаны сол екеудің бірінші болып сәлемдесіп, ақжарқын қуаныш сыйлағанына бұйырады»; «Екі мұсылман баласы кездескенде, олар бір-бірімен амандасып, қол алысқанда, Алла тағала олардың осы сәт бір-біріне тілеген тілек-дұғаларын қабыл алады. Қолдары ажырамай жатып, күнәларын кешіреді», – деген хадистер адамды жылы жүзділікке, кішіпейілділікке тәрбиелеп қана қоймай, сәлемдескен кезде, адамның күнәлардан арылатындығын, сауапқа кенелетіндігін хабардар етуде.
Сәлем беру – адамға жақсылық, есендік, саулық тілеу дегенді білдіреді. Жүсіп Баласағұн бабамыз өз өлеңінде:
«Сәлем – жолы есендіктің адамға,
Сәлем бердің – саулық бердің аларға;
Игі тілек, танытқанға мейірім –
Алла сыйлар деннің саулық, хайырын», – дейді.
«Ислам» дегеннің өзі сол есендік, татулық, бейбітшілікті бүтіндеуден туады. «Ассалаумағалайкүм» деген сөз «Сізге есен-саулық, тыныштық тілеймін!» дегенді білдіреді. Ал «Уағалайкүм ассалам» болса, «Маған тілеген есен-саулық, жақсылықты сізге де тілеймін!» дегендік. Кейде сәлемді артығымен қабыл алу мақсатында «Ассалаумағалайкүм уә рахматуллаһи» (Сізге Құдайдың тыныштығы, есен-саулығымен қатар рақымын да тілеймін) деп, оған «Уа алайкумассалам уа рахматуллаһи уә баракатуһу» (Сізге Құдайдың тыныштығын, рақымын, оған қоса берекетін де тілеймін) деп те жауап беріліп жатады. Сәлем беру – сүннет болса, алу – уәжіп. Мұқағали ақынның:
«Бағамын деп әркімнің қас-қабағын,
Балам қабақ шытса да жасқанамын.
Сәлемімді біреулер алмай кетсе,
Екі иығым салбырап, пәс қаламын» деп күйінгеніндей, өкінішке орай, сәлемге салқын қарайтындар да кездесіп жатады. Бірақ ондайларға бола іштей ренжіп, сәлемдесуден суып қалудың реті жоқ. Өйткені «Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сондықтан сәлем беруші артық сауапқа ие болады. Хадисте егер берген сәлеміңді қарсы жақ алмаса, әрбір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы айтылған.
материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,
sunna.kz