Ақ некемен құрылған отбасы – текті ұрпақ тәрбиелеп өсірудің бірден-бір кепілі және қоғамда бала санын, яғни, ертеңгі күні еліне, жеріне, дініне қызмет ететін азамат өсірудің де ең дұрыс жолы. Бала санының артуы өз кезегінде халықтың демографиялық өсуіне де ықпал етеді. Сан мен сапаға негізделген қоғамның болашағы да баянды болары анық. Ал шаңырақтың шайқалуы мұның бәріне кері әсерін тигізеді.
Ажырасқандар, әсіресе, әйелдер психологиялық күйзеліске түседі
Ажырасқан соң екінші мәрте өз теңін таба ала ма? Тапқан күннің өзінде бір кездері босаға аттағаны бетіне басылмасына кім кепіл. Өз теңін таба алмаған қыздың уақыт өте келе бұзылмасына кепілдік бар ма? Нәтижесінде қандай қорытынды шығарын бәріміз біліп отырмыз. Бұл айтылғандар, әрине, ер адамға да қатысты.
Бала тәрбиесіне қатысты көптеген кемшіліктер орын алады
Балалы болған шаңырақта екі жұптың бірі болмаса, ондай отбасы қанаты қиылған құсқа тең, көгінде еркін самғай алмайды. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, отбасылық өмірде әке мен ананың бала тәрбиесіне тигізер ықпалы өте зор. Әкенің салмақтылығы мен ананың мейірімі екі жақтап бала сана-сезімінің дұрыс қалыптасуына негіз болады. Ананың берер тәрбиесі бөлек, әкенің тәрбиесі бір басқа. Екеуі бір арнаға тоғысқанда барып толыққанды тәрбие жүзеге асады. Өйтпеген жағдайда баланың бойында көптеген психологиялық ақаулар пайда болады. (Жасқаншақтық, өзіне деген сенімсіздік, қомағайлық т.б.)
Өз-өзіне қол жұмсауға (сусуицид) түрткі болады
Ажырасқан отбасыда, ер мен әйелдің екеулеп көтеретін ауыр жүгі бір адамның мойнына жүктеліп, әбден титықтатып, тауқымет тартады. Мұндай ауыртпашылыққа төзе алмай, кейбіреуі өмірден түңіліп түрлі жамандыққа бой алдырса (қыз баланың жаман жолға түсуі, ер адамның ішкілікке салынуы т.с.с.), енді біреуі өз-өзіне қол жұмсап та жатады. Суицид те қоғамдағы үлкен проблеманың бірі. Ал соған жетелейтін көп себептің бірі – отбасылық ажырасулар.
Баланың білім алуы кенжелеп қалады
Өмір болған соң көптеген қиыншылық (ауру-сырқау, жұмыссыздық, өлім т.б.) адам тағдырында жиі орын алып тұрады. Ал ажырасқан шаңырақта материалдық қамтамасыз етуші адам қандайда бір ауруға шалдығып немесе қайтыс болған жағдайда, бар ауыртпашылық бозбалаға не бойжеткенге түседі. Бар уайымы науқасты емдеуге қаражат жинау мен нан табу болған адамның тұрақты білім ала алмасы белгілі. Ал технологиялық даму қарқыны күннен күнге шарықтап бара жатқан бүгінгі таңда жоғары білімі жоқ адамның замана көшіне ілесіп кете алуы қиын.
материал «Шаңырақ шайқалмасын десеңіз» кітабынан алынды,
sunna.kz