Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Байлық үшін таласып-тартысудың әбестігі

0 428

Ибн Омардың биліктен бас тартуы

Хасан Басри былай деп әңгімелейді: «Үмбетіміздің ішінде бүлік пен бұлғақтың бой бермей, өршіп тұрған кезі болатын. Біраз кісі ибн Омарға келіп: «Сен адамдардың төресісің және олардың төресінің баласысың. Халық сені жақсы көреді. Халықтың алдына шық, біз саған серт берейік», – деді. Ибн Омар: «Уаллаһи, бұл мүмкін емес. Менің кесірімнен қан төгіліп, адамдардың өлгенін қаламаймын», – деді. Кейінірек «Я билікке келісесің, я отырған жеріңде мерт боласың!» – деп, ибн Омар- ды қорқытқысы келгендер де болды. Бірақ ол айтқан сөзінен қайтпады».

Хасан Басри: «Уаллаһи, ибн Омар Раббысымен қауышқанша өз дегенінен қайтпады», – деп сөзін тамамдады.

Хазіреті Хасанның билікке таласудан бас тартып, Мұғауиямен келісімге келуі

Әбул-Ғариф былай деп әңгімелейді: «Хазіреті Хасанның әскерімен бірге Шамдықтарға қарсы соғыстық. Әскерімізге Әбул-Амрата қолбасшылық етті. Толарсақтан қан кештік. Бойымызды кек кернеп, өшпенділіктің уыты жайлап алған. Жан берісіп, жан алысып жүргенімізде, Хасан мен Мұғауияның келісімге келгенін естігенімізде, ашудан есеңгіреп кеттік. Ха- сан Куфаға келгенде, Әбу Амир атты адам Хасанға: «Ей, мүміндерді масқара еткен адам!» – деді. Бұны естіген хазірет Хасан: «Ей, Әбу Амир, олай деме! Мен мүміндердің абыройын төгіп, ар-ожданын таптағаным жоқ. Мен тек билік үшін адам өлтіруді жөн көрмедім», – деп жауап қатты. Мұғауия мен хазірет Хасан нақты келісімге келген соң, Мұғауия Хасанға: «Адамдарға жағдайды түсіндір!» – деді.

Хазірет Хасан орнынан тұрып, халыққа: «Аллаға шүкір, ымыраға келуді бізге нәсіп етті, сондай-ақ, бір- біріміздің қанымызды төгуден сақтады. Абай болыңдар, ақылдың ең жақсысы – тақуалық, ал шарасыздықтың ең жаманы – долылық. Мұғауиямен келісе алмаған билік мәселесіне қатысты айтарым, мүмкін ол бұл билікке лайығырақ шығар, бәлкім бұл жауапкершілік маған жүктелген шығар?! Десе де, мен бұл биліктен Алла үшін және Мұхаммед үмбетінің игілігі үшін, әрі осы үмбеттің қанын төкпеу үшін бас тарттым», – деді».

Абдуллаһ ибн Әуфаның Язидпен шайқасудан бас тартуы

Әбул-Әшғас әс-Сағнани былай әңгімелейді: «Язид ибн Мұғауия мені ибн Әбу Әуфаға жіберді. Ибн Әбу Ауфаның қасына келгенімде, оның айналасында Расулалланың сахабаларынан бірнеше адам бар еді. Мен ибн Әбу Ауфаға: «Адамдарға қандай кеңес беріп жатырсың?» – деген едім. Ол: «Бірде маған Алланың елшісі егер де мен осындай бүлік кезеңіне тап бол- сам, Ұхұд тауына барып, қылышымды сындырып, үйде отыруымды өсиет еткен болатын», – деп жауап қайтарды».

Расулалланың Мұхаммед ибн Мәсләмаға бүлік жайында айтқан өсиеті

Мұхаммед ибн Мәсләма: «Расулалла: «Егер адамдардың дүние-мүлік үшін бір-бірімен жаға жыртысып, жүз шайқасқанын көрсең, қылышыңды алып, Харрадағы ең биік жартасқа бар. Сол жартасқа қылышыңды сынғанша ұрғыла. Сосын үйіңе бар да, саған ешкім тиіспейінше немесе ажалың жетпейінше, сол жерден шықпа», – деген-ді. Сондықтан оның өсиетін орындап отырмын», – деп әңгімелейді.

Расында да хазірет Осман шейіт болып, бүлік басталғанда, Мұхаммед ибн Мәсләма қылышы сынғанша жартасқа ұрғылаумен болды.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.