Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Намаз оқымаған адамды кәпір деу дұрыс па?

0 482

Сұраққа жауап беру үшін алдымен ислам діні бойынша «кәпір» дегеннің кім екенін анықтап алуымыз қажет. Қазақ тілінде қолданылып жүрген «кәпір» сөзі араб тілінен енген. Діндегі мағынасы иман негіздерін, яғни Алла Тағаланың бар екенін, Оның періштелерін, түсірген кітаптарын, жіберген пайғамбарларын, жазған тағдырын терістеген, ақырет күнінің болатынына сенбеген кісіні «кәпір» дейді. Сондай-ақ ислам дініндегі парыз амалдарды да терістеген адам діннен шыққан, яғни күпірлікке түскен болып есептеледі. Мысалы, намаз – шариғат бойынша парыз амал. Оның парыз екені Құран аяттарында, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеттерінде айтылған және мұсылман ғұламалары бірауыздан мойындаған. Яғни оның парыз екеніне ешкімнің таласы жоқ. Міне, осындай амалды біреу теріске шығарса немесе «намаз деген дұрыс емес» деген секілді сөздермен мойындамаса, онда күпірлік еткен болып саналады.

Негізі намаз оқымаған адамды «кәпір» деп санау, іс-амалды (ғибадатты орындау) иманнан деп санаудан туған түсінік. Ханафи мәзһабында иман дегеніміз «тілмен айтып, жүрекпен бекітуден» тұрады. «әл-Фиқһул-акбарда» және басқа да еңбектерде келтірілген деректерге орай, Әбу Ханифаның қөзқарасында «Иман тілмен айтып, жүрекпен бекітуден тұрады» («Фиқһул-акбар», Хайдарабад, 10-б.). Осыған байланысты «әл-Алим уәл-мутааллим» атты кітабында: «Иман амалдан бөлек болғандықтан артып-кемімейді» деген.

Анығында, Әбу Ханифа амалды иманның талабы ретінде емес, оны иманнан бөлек қарастырғаны белгілі. Әбу Ханифа бойынша амал иманнан кейін келеді. Адам намаз оқып, ораза ұстағандығы үшін Аллаға және пайғамбарына иланбайды, қайта Аллаға және пайғамбарына сенгендіктен құлшылық етеді. Құранда да («Мәида», сүресі, 9-аят; «Мүминун» сүресі, 40-аят) алдымен иман ету, содан кейін барып амал ету мәселесінің айтылуы да амалдың иманнан бөлек екендігін көрсетеді. Хайыз бен нифас жағдайларында әйелдердің кейбір парыздардан босатылуы да осы мәселеге дәлел. Өйткені, мұндай күйдегі әйелдер құлшылық жасамағанына қарамастан, мұсылман болып қала береді.

Әбу Ханифа бойынша күнә істеу мүминді иманнан ажыратпайды. Өйткені, Құранда зина жасап, кісі өлтіргенді имансыз демеген, бір түйір жақсылық жасаушыға да сауабы берілетіндігі білдірілген. Хазірет Али де өзіне қарсы соғысқан Шамдықтардың мүмин екендігін айтқан. Егер күнә жасау адамды діннен шығаратын болса, ширктен кейінгі күнәні ең үлкені – кісі өлтірушіні хазіреті Али кәпір деп атаған болар еді. Бұл бір жағы сахабалардың да осы мәселеге деген көзқарасын ұқтыруда (Әбулхайр, «Ақидатул-Ислам уәл-имам әл-Матуриди», 190-б.). Олай болса, күнәкар адам да мүмин ретінде қабылдануы тиіс, ал күнәсіне ақыретте жауап беру мәселесі – Алла Тағаланың еркіндегі іс. Қаласа, жазалайды, қаласа, кешіреді (Әбу Ханифа, «әл-Алим уәл-мутааллим», 18-б. Матуриди, «Китабут-таухид», 615-616-б.).

Парыздарды орындамаған адам күнә жасаған болып есептеледі. Сондықтан, намаз оқымаған адам діннен шықпайды, яғни кәпір болмайды. Бірақ, парызды орындамағандықтан күнәһар мұсылман болып саналады. Ал мұсылманды «кәпір» деу – ауыр күнә әрі мұсылмандардың арасына жік салатын, түбінде тәкфіршілдікке, оның соңы лаңкестікке апаратын қатерлі түсінік. Өкінішке орай, қазір кейбір жастарымыз білместікпен «намаз оқымаған адам – кәпір» деп тілінде кәлимасы бар, өзін мұсылман санайтын ата-аналарына қарсы шығып, лаңкес топтарға қосылып кетіп жатыр. Бұл дінде шектен шығушылық әрі астамшылық болып табылады.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.