Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сәдуақас Ғылмани – нағыз иманның дәмін татқан адам

0 424

Ел арасында «Сәкен қалпе» атанған Сәдуақас Ғылмани – көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, ақын. Ол қазіргі елорда іргесіндегі Ерейментауда және Ақмоланың өзінде мешіт имамы болды. 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі қызметін атқарды. Сәдуақас қажы Ғылмани – дін қайраткері ғана емес, артына өлмес мұра қалдырған ғұлама ғалым, қара сөзден өлең өрген ақын, аудармашы. Тілек қып мұң шағамын бір Құдайға, Өзіме бос отыру тіпті ұнай ма? Дедім де Мыңшұқырдың қақ басында, Қолыма қағаз алдым ойлау сайда, – деп жырлауы соның айғағы.

Сәдуақас Ғылмани өлеңдерінен, көңіл-күй жазбаларынан діндар тұлғаның дінге беріктігі, ділге орнықтылығы, парасатқа алғырлығы, ақылға кенендігі, ұлтқа жанашырлығы, ағайын-туысқа адалдығы айқын аңғарылады. Ол әркез Құран сүрелерінен дәйек алып, ой-тұжырымын елдің мың жылдық дәстүрімен шегелеп отырады. Міне, осыған қарап Сәкен қалпенің қиын кезеңде, сын сағаттарды руханият шырақшысы болғанын аңғарамыз.

Ғылманиды белгілі фарабитанушы ғалым Ақшан Машанидің өзі ұстаз тұтқан. Сәдуақас Ғылманидың “Діни педагогика”, “Құранға тәпсір жасау туралы”, “Мәуліт кітабы”, “Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы”, “Ел аузынан жинап-тергендері”, 108 мың сөзден тұратын “Арабша-қазақша сөздік”, “Қалила мен Димна кітабынан” аудармасы – бір ғылыми институттың біраз жыл жасайтын жұмысы. Бар саналы ғұмырын қазақ жерінде Ислам дінінің кеңінен қанат жаюына Алла разылығы үшін өлшеусіз қызмет еткен Сәдуақас Ғылмани нағыз иманның дәмін татқан адам еді. Өйткені Пайғамбарымыздың мүбәрак хадистерінің бірінде “Алла және Алланың пайғамбарын бәрінен артық көрген адам иманның дәмін татады” делінген. Мұны Сәдуақас қажының өмірден өтер алдындағы өсиетінен байқауға болады. Онда қажы: “Аллаға көп құлшылық қылыңыздар. Шариғат үкімдерін толық атқарыңыздар. Алладан қорқыңыздар, РасулАлладан ұялыңыздар, шын мұсылман болыңыздар! Дініңізді дүниеге айырбастамаңыздар. Мақсаттарыңыз Алланың разылығы болсын”, – дейді.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.