Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жүктілік – әйелдің күнәларынан тазаруына мүмкіндік

0 683

Ислам дінінде жүкті әйелдің мәртебесі – өте жоғары. Алла елшісі (с.а.с.) бұл туралы былай деген: «Әйел құрсақ көтерсе, оған Алла жолында күнімен ораза ұстап, түнімен намаз оқығанның сауабы жазылады. Ал босанар уақыты жақындап, қиналған сәтте, Алланың ешбір жаратылысы ол әйел үшін қаншалықты сый-сияпаттың әзірленгенін білмейді. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр сәті үшін, нәрестенің әр емгені үшін де марапатталады. Өліні тірілткендей болады. Баланы емізуді доғарған уақытта періште оның иығынан түртіп, «сый-сияпат алуды жалғастыр», – дейді».

Сөз жоқ, жүктілік пен толғақ – Аллаға ұнамды істердің қатарында. Өйткені ана өмірге бір Аллаға ғана құлшылық ететін, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) үмбетінің қатарын толықтыратын, Отанына қызмет ететін жанды дүниеге әкеледі. Ықылым заманнан-ақ, әйелдің абыройы да өзі жарық дүние сыйлаған перзенттердің саны мен сапасы арқылы артып отырған. Бүгінде көп балалы аналардың кеудесіне алтыннан, күмістен алқа тағылуы да, әуелі, Алланың ананың дәрежесін арттырғаны, одан кейін күллі халықтың көрсеткен құрметі деп білеміз.

Жүктіліктің маңыздылығы сол, ата дініміз ер жігітке жар таңдамас бұрын-ақ, бойжеткеннің ана бола алу, өмірге көп ұрпақ әкеле білу қабілеттеріне назар аударуды өсиет етеді. Алла елшісіне (с.а.с.) бір адам келіп: «Уа, Алла елшісі, мен абыройы, мансабы, мал-дүниесі бар, бірақ (туа алмайтын) бедеу бір әйелді жақсы көріп қалдым. Сол әйелге үйленсем бола ма?» деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) оны кері қайтарған. Екінші рет келіп сұрағанда да, сондай жауап алады. Үшінші рет сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Сүйкімді әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер! Басқа үмбеттерге (Қиямет күні) сендердің көптіктеріңмен мақтанатын болайын», – деген2. Мінеки, осылайша, әйел баласына басқа ешбір жаратылысқа берілмеген, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) мақтанышы болатын үмбетті дүниеге әкелу лауазымы нәсіп болған.

Жүктілік уақытындағы түрлі физикалық ауыртпашылықтар, ауру-сырқат, жайсыздық, Алла қаласа, әйелдер қауымын сансыз сауаптың, көл-көсір сыйдың астында қалдырмақ. Өзі нәзік жаратылыс бола тұра, Алланың құрсағына бітірген аманатын аялау үшін әйел көптеген қиындықты өткермей ме? Ал хадистерде: «Мұсылманды қандай да бір шаршау, не ауру, не уайым, не қайғы шалсын, не зиян шегіп, мұң бассын, тіпті тікен кірсе де, Алла онымен күнәларын кешіреді», «Қандай да бір мұсылманды зиян шалса – тікенектен бастап – Алла онымен оның жамандықтарын кешіреді және ағаш жапырақтарынан қалай арылса, ол да солай күнәларынан арылады», – делінген.

материал  «Жүктілікке қажетті дұғалар» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.