Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ізге қоғам – Исламның басты міндеті

0 650

Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны атқару міндеті тұр.

Уақып – Алланың мүлкі. Сондықтан уақып ісінде аса мұқият­тылық қажет. Алла қала­са, республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар барлық облыс орталықтарынан қа­йырымдылық негізінде сту­дент­терге арналған мүфтият жа­тақ­ханаларын ашамыз.

Діни бас­қар­ма 2022 жылы жеті ба­ғыт бо­йынша жемісті қызмет атқарды. Ал биыл мүфтият жұ­мыс­ты одан әрі жүйелеу, жан­дандыру мақсатында бес бағытқа ба­сым­дық береді. Олар – дін және дәс­түр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағым­дардан сақтандыру.

Мүфтияттың негізгі жұмыс бағытының бірі – діни білім және кадр даярлау. Имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру – өзекті мәселенің бірі. Жамағат сұранысына жауап беру үшін имамдардың білімі мен білік­ті­лі­гін арттыра түсу мақсатында арнайы жобалардың жоспары бекітіліп, курс, семинар ұйымдастыруды ұйғардық. Заманауи білім беру жүйесін, діни кадр даярлау мен дін қызметкерлерінің білі­мін же­тіл­діру – біздің басты мінде­ті­міз. Осы орайда «Білімді ұрпақ» жобасын жүзеге асырамыз.

Бүгінде елімізде халықтың, әсі­ресе жастардың патриоттық сезі­мін ояту бағытында көпте­ген жобалар жүзеге асып жатыр. Біз де мұндай игі істен қалыс қал­мауы­мыз қажет. «Халықты оят­қың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Мед­ре­се-колледждердің оқу бағ­дар­­­ламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұл­ға­тану» пәнін енгізу туралы ше­шім­ге келдік.

Қазір көп­теген дін атын жа­мыл­ған түрлі ағымдар мүмкін­ді­гі шек­теу­лі азаматтарға өздерінің діни ұрандарын таңып, идеология­­сын бел­сенді түрде жүргізуде. Тіпті хал үстінде жатқан қаншама жан­дар өзге діннің сеніміне ереді. Өткен жылы діни сауат ашу курс­тарына қосымша «Намаз оқуды үйрету» және «Құран жаттау курсын» ашуды тапсырған болатынбыз. Мұндай курстар өз нәти­жесін беріп келеді. Ендігі кезекте мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы курс ашып, асыл дінімізді насихаттауды қолға аламыз. Мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандарға дін насихатын жүргізу, Алланы таныту. Осы ретте бейнетаспаға түсірілген уағыздардың бірқатарына сурдо­­­ау­­­­дарма жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманы «Мұнара» телеарнасы жүзеге асырады.

Бүгінде Діни басқарма қоғам­мен байланыс жұмыс­та­ры­на ба­сымдық беріп келеді. Осы мақ­сатта 2022 жылы мүфтият жа­нынан Ақсақалдар кеңесі мен Са­ра­п­шылар кеңесі құрылып, жұ­мы­сын бастаған болатын. Биыл да осы кеңестердің жұмысын одан әрі жалғастырамыз. Қоғам­мен байланыс бағыты бойынша жұ­мыс­­тарымызды жандандыра түсу үшін ҚМДБ жанынан «Руха­ни қоғамдық кеңес» құру туралы шешім қабылдадық. Бұл бастама жастармен, мүмкіндігі шектеулі аза­маттармен тығыз байланыс орна­туға мүмкіндік ашады.

Аллаға шүкір, өткен жылы Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары еліміз бойынша 164 229 сұраққа жауап берді. Сонымен қатар мүфтият жанындағы Діни ақпарат беру орталығының (Call-орталық) мамандары бір жылда 9 842 сұраққа жауап берді. Бұл – үлкен еңбек.

Бүгінде отбасы мәселесі, со­ның ішінде ажырасу жағдайы азаяр емес. Мәселен, 2022 жылы ҚМДБ-ның Орталық аппаратына отба­сы мәселесі бойынша 345 өтініш келіп түсті. Шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкерлері 332 отбасын сақтап қалуға үлес қосты. Біздің имамдарымыз қо­ғам­дағы түйткілді мәселелерге төтеп беріп, ажырасуға шешім қабыл­даған қаншама отбасын сақтауға тырысып келеді. Осы орайда бас имамдарға жергі­лік­ті әкімдіктермен келісе отырып, мүмкіндікке қарай елі­міз­дегі АХАЖ бөлімдері қыз­мет­­керлерімен бірлесіп, неке және отбасын сақтау мәсе­ле­сін қа­растыруды, медиация жұ­мы­сына белсенді түрде арала­су­ды және мешіттер жанын­дағы «Отбасылық кеңес беру орта­лық­тары» жұмысын жетіл­діру­ді тапсырдым. Сонымен қатар қоғамдағы ажырасудың алдын алу мақсатында мешітке келуші жамағатқа және әлеуметтік желі арқылы уағыз-насихат жұ­мыс­та­рын күшейту, осы бағыт­та арнайы бейнероликтер дайындау қажет. Өткен жылы еліміз бойынша халыққа отбасы құндылығы, Отанның қадірі, еңбек етудің маңызы, салт-дәстүр, т.б. тақы­рып­тарда 275 мыңға жуық уағыз-насихат ай­тылды.

Халқымыз қажыларға ерекше құрмет көрсетіп, әрқашан төрін ұсынған. Алайда ел ішінде қажылыққа барып келген кейбір азаматтардың ұлы сапар туралы жағымсыз пікірлері әркез айтылып қалады. Қажылық жұмысты ұйымдастырудағы басты назар аударатын мәселенің бірі – бола­шақ қажыларды діни, рухани, моральдық тұрғыдан даярлау.

Бұл ретте қажылыққа ниет еткен отандастарымызбен тығыз жұ­­мыс істеп, оларды алдағы қа­сиетті сапарға облыстық, аудан­­­дық, қалалық статустағы ме­­­шіт­­терде арнайы оқыту курс­та­рында қажылық сапарына да­йын­даймыз. Мешіттер мен имамдар осы істі ыждағатпен жү­зеге асырып келеді. Діни бас­қар­ма жариялаған арнайы конкурстан өткен қажылық компаниялары да мешіттерімізде өте­тін арнайы қажылық курсына азаматтардың қатысуын қам­та­масыз ететін бо­­лады. Қажы­лар­мен әрдайым ты­ғыз байланыста болып, олармен нәти­желі жұмыс істеу үшін «Қа­жы­ның рухани келбеті» құ­жа­тын әзірлеп, оны халыққа кеңі­нен насихаттаймыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл қажы­лық компаниясы – «Tawaf  Tra­vel» ком­­мерциялық мақсатты ғана көздемейді. «Tawaf Travel» ком­­­па­ния­сының табысы дін қыз­мет­­керлерін қолдауға, асыл діні­­міз­дің насихатына жұм­са­ла­ды.

Бүгінде түрлі идеологиялық сын-қатерлер төніп, әсіресе ата-бабамыздың жүрген жолын, мұра­сын жоққа шығаратын топ­­тар ентелеп тұрғаны бел­гі­лі. Осындай кезде Діни бас­қар­маның «Darhan Dala» жобасы аясындағы отандық ту­ризм­ді дамыту бастамасы әлі де өзектілігін жойған жоқ. «Darhan Dala» – ішкі туризмді дамыту­мен қатар, бабаларымыздың жолын, өнегелік істерін наси­хат­­тайтын ауқымды жоба. Жо­ба­ның мақсаты – халықты, жа­ма­ғатты зиярат туризміне баулу. Сондықтан өңір­­лерде зиярат мәде­ниетін на­си­хаттау үшін туристік нысан­дар­ға, қасиетті орындарға жама­ғат­ты, әсіресе жастарды көбірек қам­тып, та­нымдық экскурсиялар ұйым­дас­тыру өте маңызды.

Біз осыдан екі жыл бұрын әлеу­меттік жобаларды қаржы­лан­дыру, діни ағарту­шы­лық сала­­дағы іс-шараларды жүргізу, сон­­дай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру мақсатында «Уақып» қорын құрдық. Қордың атқаратын жұмысын, мақсатын халыққа барынша насихаттап ке­леміз. Уақып – Алланың мүл­кі. Сондықтан уақып ісінде аса мұқият­тылық қажет. Алла қала­са, республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар барлық облыс орталықтарынан қа­йы­рым­дылық негізінде сту­дент­тер­ге арналған мүфтият жа­тақ­ха­на­ларын ашамыз.

Діни басқарманың тағы бір маңызды мекемесі – «Muftiyat» баспасы. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да «Muftiyat» бас­пасы осы уақытқа дейін 50-ге жуық кітапты жарыққа шығарды. Биыл дін мен дәстүр бағыты аясында «Бабалар ізімен: Қазақ даласын­дағы мұсылмандық мектеп» еңбегін, «Дін мен дәстүр ІІІ» кітабын, дүниеге келген сәбилерге есім қоюға ар­налған «Ерекше көркем есімдер» кітап­ша­сын жа­рыққа шығара­мыз. Соны­мен қатар жат діни ағым өкіл­­дерінің көтеріп жүрген мәселелеріне Ханафи мәзһабы және Матуриди сенім мектебі тұр­ғы­сынан жа­уап беретін «Жа­уап­тар жинағы» әдістемелік құ­ра­лын шығарамыз.

Биыл – Ислам әлемінің қор­ға­ны болған бабамыз Бай­барыс сұлтанның 800 жыл­дығы. Осы мерекелік датаға орай «Мұнара» газеті арнайы айдар ашып, бабамызды көпшілікке тереңірек таныта түсетін болады. Ал Нұр-Мүбарак университеті Байбарыс сұл­­танның 800 жылдығына орай ха­­­лы­қ­аралық­ конференция ұйым­­­дас­тырады.

Діни басқарма биыл бес бағыт бойынша жұмыс істейтінін атап өттік. Дін және дәстүр бағыты бойынша ақсақалдар арасында республикалық «Ақ бата» бата беру байқауын жоғары деңгейде өткізуге күш саламыз. Одан бөлек «Дін мен дәстүр» тақырыбында әйелдер арасында облыстық деңгейдегі интеллектуалдық са­йыс­тар, мешіт жамағаты арасында ұлттық және сүннетке сай спорт түрлерінен турнирлер, Рамазан айы қарсаңында Жа­рапазан айту эстафетасын, «Дін мен дәстүр» тақырыбында республикалық жыр мүшәйрасын өткіземіз.

Аллаға шүкір, бізде Құранды бойына сіңірген қариларымыз көбейіп келеді. Қариларды қол­дау мақсатында жыл сайын рес­пуб­ликалық Құран байқауын өткізіп келеміз. Ер балалар ара­сын­­дағы Құран байқауы биыл он екінші рет, қыздар арасындағы Құран байқауы үшінші рет өткелі отыр. Құран байқауын өткізуден тәжірибеміз толысты, жүлдегер қариларымыз да жетерлік. Біз енді жаңа белесті бағындыруды көздеп отырмыз. Осы орайда биыл елімізде тұңғыш рет ха­лық­ара­лық Құран байқауын өткізуді жоспарладық. Сонымен қатар осы жылы бірнеше ма­ңыз­ды іс-шара атқару жоспарланып отыр. Алматы қаласынан биыл Діни басқарманың ғылыми-зерт­теу орта­лығы ашылады. Өткен жылы Астана мен Алматы қала­­сынан Діни басқарманың тіке­лей бақылауымен Құран ижазасын беретін орталық аштық. Аллаға шүкір, биыл осы ижаза орталығын тамамдап Пайғам­ба­рымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін тізбегі үзіл­меген Құран ижазасына қол жеткізген шәкірттерге арнайы ижаза куәлігі табысталады. Алла бұйырса, бұл да діни саладағы үлкен жетістігіміздің бірі болары анық.

Алла қаласа, облыстық ме­шіт­тер жанынан көне түркі ті­лінде жазылған Ханафи мәзһа­бы­на негізделген бабалар­дың («Ғи­ба­дат исламия», «Сопы Ал­лаяр», т.б) кі­таптарын оқыту курс­тарын ашамыз.

Былтыр біз бес томдық «Ис­лам энциклопедиясы» ғылы­ми жобасын әзірлеу қолға алынды. Бүгінде аталған жобаға 70-ке жуық дін, тарих, әдебиет са­ла­сының мамандары, ұстаздар мен ғалымдар атсалысып жатыр. Биыл «Muftiyat» баспасы «Ислам эн­цик­лопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығарады.

Осы жоғарыда аталған жұ­мыс­тар мүфтият қызметіне оң серпін береді деп санаймын. Сал­­тымыз бен асыл дінімізді те­рең насихаттау жолындағы игі іс­терімізге Алла жар болсын! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

egemen.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.