Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ЖЕТІМ КӨРСЕҢ ЖЕБЕЙ ЖҮР…

0 2  020

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы,

Исламтанушы, Шамшиден Нұрсұлтан

Өзіне ғана құлшылық етуді бұйырған Алланың кітабы Құран және фәни дүниеге өшпес сара жол салып кеткен пайғамбар Мұхаммад (с.ғ.с) нің сүннеті біздің жетім мен жесірге жақсы қарап, оларға көмек беріп, мал дүниесіне зұлымдықпен қол сұқпауымызды бұйырады.

Пайғамбар сүннетін берік ұстанған халқымыз сан ғасырлар бойғы тарихында жетімін жыла тпай жесірін қаңғытпай, дін қағидаларын жақсы ұстанып, тәрбие ісінде шариғат жолдарын алға қойғанын көреміз. Қазақ ертеден “Жетім көрсең жебей жүр” дегенді терең бойына сіңірген халық. Бірақ бүгінгі таңда іштен шыққан баласын далаға тастап, ана атанып жүрген қаншама қаракөз қарындастарымыз бар. “Ата-ана бақыты балада” деп білген халықтың кей  ұрпақтары өкінішке орай бақытты байлықпен мансаптан іздеп жатқаны жасырын емес. Тағдыр тауқыметін сылтау етіп жаңа туған сәбилерді тастанды қылып, өз нәрестелерінен бас тартып жатқан бауырларымыздың саны да күн санап өсуі- жас ұрпақтың ата дәстүрден жырақтағанын айқындаса керек.

 Ал енді сол ата-ана мейірімінен құр қалып, ерте шағынан өмірдің қиын тұстарын көріп келе жатқан жетімдерге қамқор болу біздің ортақ міндетіміз. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді боламыз”, деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсетіп, бұл істің Алла жақсы көрген амал екнін аңғартқан. Бірде Алла елшісіне бір кісі келіп жүрегінің қаттылығын айтады, сонда пайғамбар (с.ғ.с.) оған “Жүрегіңнің жұмсаруын, арманыңның орындалуын қалайсың ба? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамақтандыр. Сонда жүрегің жұмсарады. Сондай-ақ арманың орындалады.”- деп бұйырды. Тағы бір хадис шәрифте: “Мұсылмандар арасынан жетімді алып ол аяққа тұрып кеткенінше өзі жеген тамақпен тамақтандырса, өзі ішкен сусынмен сусындандырса ол кісіге жәннәт уәжіп болады” делінеді.

   Ардақты пайғамбарымыздың өзі туылмай тұрып бірінші әкесінен, кейін алты жасында анасынан айырылып жетім қалған болатын. Сол уақытта алдымен  атасы Абдулмуталлибтің қолында, атасы қайтыс болғасын көкесі Әбу Тәлибтің қарауында болды. Сол кезеңдерде Әбу Тәлиб өз балаларына қандай мейірімділік танытса, Мұхаммад (с.ғ.с.) ға оданда артық мейірімділік танытатын болатын. Осындай қиын кезеңдерді басынан өткерген пайғамбар (с.ғ.с.) өз үмметіне жетімдерге  мейірімділік танытуды сауапты әрі хайырлы іс екенін ұғындырып кеткен. Алла елшісі өз хадисінде “Кімде-кім жетімнің басынан мейірімділікпен сипайтын болса,алақанына тиген әрбір шашы үшін сауапқа кенеледі”-деп баяндайды.

 Ал жетімнің малына қол сұғып, зұлымдықпен дүниесін тартып алғанның о дүниедегі жағдайының жақсы болмайтынын пайғамбар (с.ғ.с.) қатты ескертіп, бұндай зорлық әрі үстемдік істерден сақ болуымызды қатаң ескерткен. Осыған орай Алла елшісі: “Расында жетімнің малын зұлымдықпен жегендер өз іштеріне от жеп жатқандармен тең”-деп,бұндай істердің қаншалықты жек көрінішті амалдар  қатарынан екенін айқындап берді.

Сонымен, мұсылмандық қасиеттерді бойына сіңірген халқымыз жетімдерді өз мойындарына алып, аманат деп біліп, оларға қамқорлық танытқан. Жетімдерге қамқор болу әр мұсылманның міндеті. Алланың разылығына ие боламыз десек жетім-жесірлерге ие болып, оларды ауыр тұрмыс тауқыметінен құтқаруға тырысуымыз қажет.

SUNNA.KZ

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.