Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құрбан айтқа байланысты бирфинг өтті

0 393

Елордадағы Орталық Коммуникациялар қызметінде Құрбан айт мерекесіне байланысты баспасөз брифингі өтті.

Брифингке Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров пен «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

«Ертең, яғни 27 маусым – Арапа күні болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталмыш уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Айт намазы Астана қаласында таңғы 6:00-де басталады. Өзге қалалардағы айт намазы кестесін muftyat.kz сайтынан көре аласыздар.

Хадистерде келгендей, айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбан шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп, яғни міндет.

Демек, күнделікті күнкөрісінен бөлек артық дүниесі бар мұсылманның құрбан шалуы міндетті. Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс» деді Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы.

Сондай-ақ брифинг барысында Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы құрбандыққа қандай мал жарамды, қалай ниет ету керек, құрбан шалу уақыты жөнінде, ал «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы «Qurban 2023» жобасы, qurban2023.kz сайты арқылы құрбан шалуға тапсырыс беру жайында толығырақ мәлімет берді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.