Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ауызбіршілік те – құлшылық

0 3  438

Асыл дінімізде адам баласына керекті құндылықтардың бәрі дерлік қамтылған. Иләһи дінде мін жоқ екені анық. Алайда, дін ұстанушы азаматтарда кемшілік болуы әбден мүмкін.

Бүгінде әлеуметтік желіде жат ағым өкілдерінің деструктивті әрекеттірі мен кейбір дін ұстанушы азаматтардың ішінара қимыл, танымдарына деген өкпе-реніші дінге деген жеккөрушілікке ұласып кеткенін байқап отырмыз.

Әрине, жат ағым идеялогиясы, дүмшелік пен сыңаржақты, білімсіз діндарлық, сөзде бар істе жоқ орынсыз көсемсіген ділмарлық, ғылымсыз әрекеттің кім-кімге де ұнамайтыны шындық. Бұл ұнамсыз әрекеттерді әділетті сынау дұрыс-ақ. Жат ағым идеялогиясы мен дүмшелік бізді ұзаққа апармайды. Алайда, осыны сынаймын деп мың жылдар бойы қанымызға сіңіп, дәстүрімізбен қабысқан, миллиондаған адамның ұстанымы болған дінді жоққа шығару басқа.

Өз басым ақиқат іздеп, әділдігін табуға құлшынып қоғамдағы кереғарлықты сынға алғаны болсын, дінді біржақты күстаналағаны болсын, кім болса да азаматтардың жеке ұстанымы мен көңіл-күйіне, көзқарасына құрметпен қараймыз. Бірақ, қоғамда осы мәселеге байланысты екіге жарылу бар екенін байқау қиын емес. Бұның жақсылық емес екені айтпаса да түсінікті.

Біз – кім болайық, қайда өмір сүрейік, ашығын айтқанда бір атаның баласымыз. Бір қоғамның құраушылары, бір Отанның азаматтарымыз. Сол үшін де ынтымақ-берекемен өмір сүріп, қоғамның шырқын алмағанымыз абзал деп ойламын. Не мәселе болса да, «Кеңеспен пішкен тон келте болмас» демекші, елмен бірге, заңдық нормалармен, ақылдасып шешкен оң болар.

Алла Тағала Құранда «Әли Имран» сүресі, 103-аятында «Барлығың Алланың жібінен (кітабы мен дінін) мықтап ұстаңдар. Бөлінбеңдер» деп әмір етсе, ардақты Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) «Мен сіздерге көпшілікпен бірге болуды өсиет етемін. Бөлінуден аулақ болыңыздар…» деген екен.

Негізінде, кейбір адамдар құлшылық десе тек намаз оқу, қажылық жасау, зекет беру сияқты шариғат талаптарын орындау деп түсінеді. Алайда, құлшылық категориясы көп мағыналарды қамтиды. Діндегі шариғат талаптарын орындау ғана емес, Аллаға ұнамды ізгіліктің барлығы құлшылық. Бірауыз сөзбен айтқанда, құдайшылықтың кез келген мазмұны құлшылық саналады. Ендеше, ауызбірілікте болу, қоғамның берекесін бүлдірмеу, ытнымақты ғұмыр кешудің өзі де үлкен құлшылық саналады.

Діни сенімге бола қоғамдық ортақ құндылықтарды күстаналау немесе керісінше болса,  елдің бірлігіне сызат түсіріп, ағайын арасына жік салары анық. Бұл тұғыда деструктивті көзғарас, әсіредіншілдік, білімсіз дін ұстанушы дүмшелік те, азаматтарды діни сенімге бола сыңаржақты жаппай айыптап, дінді байсалды ұстанушыларды, немесе бір дінді беталбаты күстаналау да бірдей. Яғни екеуі де қоғамды жікке бөліп, азаматтардың еркіне, діни ұстанымына, намысына сызат түсіретіні анық.

Әлемдік жағдай сан құбылып тұрған сәтте бір қолдың саласындай бір атаның балалары жік-жікке бөлініп жүргеніміз жараспас.

Ақын тілімен өрнектесек:
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік Ай астында,
Жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана!

Ендеше, ұлттық бірлігіміз бен қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін істерден әр қаракөзіміз өз басынан бастап абай болса екен дегім келеді. Бізге қазір бүлік емес, бірлік керек.

Руслан Байзақов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.