Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Руслан Байзақов: Шынайы достық

0 3  626

«Ас табылмайды, ас табылса, біреуге дос табылмайды» дегендей бұл жалғанда достың қадір-қымбаты айырықша. Шын достық – дүние тіршілігіндегі қу дүниеден қайырлы бір мерей. Бұның нарқын білгендіктен де «Адал дос алтыннан қымбат» дейміз.

Лұқман хәкім өсиетінде достық туралы баласына бүй дейді: «Балақайым, иман нығметінен кейінгі ең ұлы амал – шыншыл дос табу. Шыншыл дос үлкен жеміс ағашы секілді, отырсаң саған көлеңке болады, жемісі сен үшін тағам болады, еш пайда бермегеннің өзінде саған ешқашан зиян тигізбейді» деген екен7

Шын мәнінде, достықтың адамға берер пайдасы, тигізер септігі айырықша. Біреу ақылға, біреу тыңдауға, біреу сыйласуға, біреу мұңдасарға, біреу көмекке мұқтаж. Тіпті, ұстанымдар мен өмірлік қағидаттар, құдайшылық істердің өзінде достың орыны бөлек-ақ. Бұл хақында Алланың ақырғы Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!):

الرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ

«Адам досының дінінде. Сіздерден қайсыбіріңіз кіммен дос екендігіне қарасын!» дейді (Әбу Дәуід, Тирмизи).

«Адам күні адаммен» дегендей пенде баласы пендеге мұқтаж. Тіпті, бірін-бірі паналап, бірінен-бірі рухани сая тауып, бірін-бірі толықтырып, өзара өсіретін де адам мен адам (дос пен дос). Бірінің көңілін бірі аяп, бірінде жоқты бірі тауып, бірімен бірі жалғасып күн кешуге де дос керек. Достықтың мұндай жайына келгенде хәкім Абай «Достыққа достық қарыз іс» деп түйіндейді. Халқымыз «Дос – ажарың, жолдас – базарың», «Азаматпен дос бол қадіріңді біледі» деп хақымыз шын достықтың бәсін биік санаған. Сылайсқан адамдардың арасы құқдалыққа, туыстық, қан жақындығына ұласып кеткен тұстары да болған. Бүгінде доспыз десетіндер көп. Бірақ, ауызда айту басқа да, өзінің достық қарызын ақтай білу басқа. Осы жерге келгенде достықты екіге бөліп қарастыруға тура келеді.

Оқырманға «жақсы дос» пен «жаман дос» ұғымы онысыз да етене жақын. Аталарымыздан сөз қалған ба, «Ерегескен ел болмайды, есептескен дос болмайды» деп достықтың бақай есепке құрылмайтынын айтса, «Сыйласу екі кісіге бірдей» деп жіптің екі ұшы болатынын ескертеді, «Ақылды қасыңнан қорықпа, жарымас досыңнан қорық», «Итіңнің дос болғаны қандай жақсы, досыңның ит болғаны қандай жаман», «Жақсы жаныңа дос, жаман малыңа дос» деп достардың жақсы-жаман сипатын да санамалап береді, Ал, жақсы дос пен жаман достың адамға әсері жайында мүбарак хадис мәтіндерінде былай делінеді:

إِنَّما مثَلُ الجلِيس الصَّالِحِ وَجَلِيسِ السُّوءِ: كَحَامِلِ المِسْكِ، وَنَافِخِ الْكِيرِ، فَحامِلُ المِسْكِ إِمَّا أَنْ يُحْذِيَكَ، وَإِمَّا أَنْ تَبْتَاعَ مِنْهُ، وَإِمَّا أَنْ تَجِدَ مِنْهُ ريحًا طيِّبةً، ونَافِخُ الكِيرِ إِمَّا أَن يَحْرِقَ ثِيابَكَ، وإمَّا أَنْ تَجِدَ مِنْهُ رِيحًا مُنْتِنَةً متفقٌ عَلَيهِ.

«Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан кезде хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан кезде сасық иісті сезесің»(Имам Бұхари, Муслим). Яғни жанға шуақ сыйлаған достықтың жақсы достық, көңілге ызғар әкелген достықтың аты ғана достық, заты жамандық екенін біле аламыз. Бұл жайында Алла Тағала Қасиетті Құранда:

الْأَخِلَّاءُ يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلَّا الْمُتَّقِينَ

«Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады» («Зухурф» сүресі, 67-аят) деп ескертеді. Яғни, жаман достықтың жамандығы дүниемен бітпей ақіретке шейін кететінін аңғарамыз.Ендеше, иманнан кейінгі зор нығымет аталған шынайы достықтың қадірін білу айырықша мән әкелетінін, адамды дұрыс жаққа сілтеп, әр түрлі зарардан аулақ ұстайтынын аңғарамыз. Сол үшін де бабаларымыз шын достарын «ақыреттік досым» деп санап, ешнәрсесін аямаған, туралықта көңілін сындырып, жүрегіне қаяу түсірмеген. Ал, бүгінде біз достықты қаншалық қадірлеп жүрміз? «Аз қайғыны ас басар, көп қайғыны дос басар», «Есептескен дос болмайды, аңдысқан ауыл болмайтынын» білмейтін қазақ жоқ. Иә, сыйласармыз, сырласармыз. Алайда, «Жан ауыртқан дос емесін», «Достың досқа залалы болмасын», «Табақпен дос болғанша, қабақпен сыйлас болғаның артықтығын», «Алыстағы дұшпаннан аңдып жүрген дос жаманын» ұмытып қаларымыз да жоқ емес. Бұндай достықтан не қайыр?

Адамшылықтың қадір-қымбаты ең үлкен байлық саналған біздің ғасырда шынайы достықтың мәнін ашатын, мазмұнына мазмұн қосатын іс көрсең, шын қуанып, жаның жадырап сала береді.

Жақсы дос дос та, жаман достың болғанынан болмағаны абзал. Тіпті кейбір құндылықтардың өзі адамның ондай досынан мың есе артық екенін ата таным еске салады. «Білімнен үлкен досың жоқ, аурудан үлкен қасың жоқ», «Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол». Білген адамған бұдан үлкен сөз болмаса керек.

Руслан Байзақов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.