Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Тәуелсіздік тұғыры мығым болғай

0 651

«Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады.

Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» мақаласында осылай атап өткен болатын.

Расында тәуелсіздік қадірі жалаң ұранмен артпайды. Тәуелсіздік әуелі Отанға деген сүйіспеншілікпен, нақты іспен, осы жолдағы күрескерлікпен нығаяды. Мұқағали Мақатаев ақын: «Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген, Не тындырдың «басымды иемменен?» деп жырлағандай, айтуға оңай болған бұл сөзді іспен дәлелдеу, оны шынайы ниетпен, жүрекпен орындау басқа нәрсе.

Шын мәнінде Отанды сүю ұлтшылдық пен жершілдікке, рушылдық пен бөлінуге жатпайды. Бір кісі ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Бір адам өзінің ұлтын, қауымын жақсы көрсе, рушылдыққа жата ма?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ. Егер адам өзінің қауымының зұлымдық етуіне жәрдем берсе, сонысы рушылдық…» деп жауап берген.

Өңірлерге барған сапарымда жастармен кездесемін. Басқосу барысында студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылады. Сонда жас буын өкілдері Отанды сүю деген сөздің мәнін сұрайды. Оларға: «Әр адам өзіне қатысты жауапкершілікті дұрыс атқарса сонда қоғам бақытты болады. Заманында Кофуций: «Басшы – басшы, бағынышты – бағынышты, мұғалім – мұғалім, оқушы – оқушы, әке – әке, бала – бала болып қалуы тиіс», – деген. Бұл – әркім өз орнын білуі керек деген сөз. Сол секілді сіздер, студенттер – студент болып, жақсы оқып, оқығанды көңілге тоқып, білім мен тәрбиені қатар алып шықсаңыздар – Отанға жасаған жақсылықтарыңыз осы болмақ» деп ағалық кеңесімді беремін.

Ислам діні әр нәрсені жақсы істеуді бұйырады. Пайғамбырымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ақиқатында Алла Тағала әрбір істі жетік жасауды парыз етті…» деген. Қоғамның әрбір мүшесі өзіне жүктелген міндетті көркем түрде кемеліне жеткізе отырып орындаса еліміздің болашағы жарқын болмақ. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Алла Тағала сенің әрбір жағдайыңды көріп тұрады. Сондықтан барлық ісіңде жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болуы керек».

Әр адам өзі ісімен дұрыс айналысса қоғам жан-жақты дамиды, тәуелсіздік тұғыры мығым бола түспек. Қолы оқудан, жұмыс істеуден, жақсы іспен шұғылданудан босамайтын адам жамандық ойлуға уақыт таппайды. Бұл ретте түркі даласының төл перзенті, көрнекті ғұлама, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің: «Кітабын үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды» деген сөзі бақытты отбасының, бақытты қоғамның көрінісін айқындап тұрғандай.

Шын мәнінде, тәуелсіздік – барлық ұлтқа бұйыра бермейтін бақыт, ұлы нығмет. Жер бетінде миллион халқы болса да бір қарыс жері жоқ қаншама ұлт өмір сүріп жатыр. Аллаға шүкір, бізге дербес ел болу бақыты бұйырды. Осы бақытты баянды ете түсу әрбір азаматтың асыл борышы, мызғымас міндеті болуы тиіс.

«Отан – оттан да ыстық» деп елін, жерін сүюге үндеген ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұрпағы үшін осынша байтақ даламызды қорғап қалды. Біз мекен етіп отырған халқымыздың ұланғайыр даласында ғасырлар бойы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келеді.

Шапса тұлпардың тұяғы, ұшса сұңқардың қанаты талатын осынау кең далада асыл дініміз қанат жайды, рухани мұраларымыз сақталып, ұлттық құндылықтарымыз бен терең тарихымыз күні бүгінге дейін жетті. Ендеше осындай баға жетпес байлығымыз – Отанымызды келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыру жолында әрбіріміз ыждағатты, ықыласты болуымыз қажет.

Ендеше алауыздыққа жол бермей, Отанның тыныштығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Қайда жүрсек те Отанымызды қорғап, бағалап жүрейік. Уағында Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар: «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен еткейсің» («Бақара» сүресі, 126-аят) деп дұға еткен. Біз де Алла Тағаладан Қазақ елі мен жерін қауіпсіз, бейбіт, берекелі мекен етуін сұраймыз. Тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.