Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шәкәрім: Сын һәм сынауды сынау

0 683

Біздің қазақ арасына газет-журнал шыға бастағаннан бері үзбей оқымасам да, анда-санда газет-журнал оқушы едім. Сонда бірінің сөзін бірі сынаған қазақ оқымысты азаматтарының сөзіне кез келуші едім.

Бұл «Айқап», «Қазақ», «Қазақ тілі», «Шолпан», «Темірқазық» — оқушыларға белгілі. Әрине, әркімнің ойы, ындыны әр түрлі болғандықтан, біреудікі біреуге жақпайды. Үйткенмен, әркім ойындағысын айтпай тұра алмайды. Айтқаны да жөн, себебі не іс болса да сыннан өтпей тұрып, толық болуы қиын. Сондықтан сынды тоқтату — түзеліске кемдік келтіру болады. Және сын — жаратылыстың берік жолы, оны ешкім тоқтата алмайды. Бірақ сын немесе ол қалай болуы керек? Сыншы, сыналушы, жақтаушылар не қылу керек? Істің қатты керектісі де, қиыны да — осы.

Менің ойымша, сын кекеу – мысқыл, күндеу – өзімшілдік, айла – қиянаттан аулақ болса екен деймін. Мұндай іс-әрекетке кіріскен сыннан сын иесі түгіл, халыққа көп зиян шығады. Себебі кекетіп мазақталушының неше мыңнан бірі болмаса, кек қумай, ыза болмай қалмайды. Сондықтан сыншылар аталған жаман мінездерден аулақ отырып, таза жүрекпен сынау жөн. «Менің ойымша, кемшілігі — мынау, оған дәлелім — мынау!» деген жөн.

Сыналушылар да өз ісіне сын салынғанды көргенде ыза, өзімшіл, мақтанды әбден жоғалтып, салқын қан, таза көңілмен сын айнасына бұзылмай қарау керек. Егерде сын дұрыс болса, бас иіп, мойындау керек. Міне, адамның ең толығы — осындайлар. Олар ондай жерде кек, өзімшілдік деген антұрғанға құл болмақ түгілі, мінін тапқандарға мың рахмет айтады.

Сыншы, сыналушының бірін жақтаушылары да осы жолды қолдануы керек. Өзге достың өз алдына, бұл сын деген —жаратылыс ағымының әділ таразысы, таза елегі. Оны қиянатпен аудару, не електің көзін бітеймін деу — сау ақыл алдында зор жазалы!

Менің ойымша, ондай ұлы сынау жалпы жұрттың көбірегі істеп жүрген жаман әдеттерден жирендіріп, жігерлендіру үшін ғана керек, я болмаса әдейі көпке зиян келтіру үшін сөздер жазып, іс қылғандар туралы жөн. Әйтпесе, бір кісінің ғана қатесі, я сенің көңіліңе жақпаған бір қылығы үшін кекеп нұқудың пайдасы жоқ, зияны көп.

Және бір сөз: менің ойымша, атақ алу үшін қылған іс, айтылған сөзде нағыз тазалық болмайды. Не тіршілікте, не артқыларға ат қалдыру дегенді тіпті миыма қондыра алмаймын. Себебі сіз мақтау, жоқтау керек қылмасаңыз да, қылған іс, айтылған сөзіңіз жаратылыс ағымының талқысына салынбақшы. Ол сіздің ісіңіздің бағасын, салмағын ашпай қоймайды. Сондықтан не іс қылсаңыз да, атақ үшін қылмай, көпке пайда қылу, я көпті зияннан құтқару үшін істеу жөн.

«Сынаушы кім болу керек» деген сөзге айтатыным: айтуға әркім ерікті болғаны сияқты, сынауға да әркім ерікті. Бірақ нағыз таза сыншы, жоғарыда айтылғандай, жаман мінез, теріс қылықтар науқасынан таза, сау ақыл! Ондай ақылдың сынын бүгінгілер алмаса да, кейінгі әбден ақыл көзі ашылғандар алатынына дау жоқ.

Сөз қорытындысы: сыншы да, сыналушы да, жақтаушы да тапса да, таппаса да — таза жүрекпен істеу жөн. Егер олай болмай, біздің қазақтың сыншы, сыналушы, жақтаушылары бүйтіп кекеу – мысқыл мақтау – өзімшіл, айла – күншілдікпен жүре берсе, қазақ сорлыға «Топырағың жеңіл болып, алдыңнан жарылқасын!» деп күдер үзіп отырамыздағы!..

«Қазақ тілі». 1924. 4 март. № 26.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары 2-томнан.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.