Исламдағы қайтыс болған кісіге жасалынатын амалдар
Исламдағы қайтыс болған кісіге жасалынатын амалдар
Ислам дінінде қайтыс болған кісіге жасалатын амалдар өте маңызды әрі шариғи үкімдерге негізделген.
Мұсылманның өлімінен кейін оның рухына тыныштық тілеп, дұға жасау– әрбір мұсылманның ақысы. Осыған байланысты шариғат бойынша қайтыс болған адамға жасалатын амалдардың орындалуы белгілі бір ережелер мен үкімдерге сәйкес болуы тиіс.
لَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا
(“Исра” сүресі 70-аят)
Қазақша мағынасы: «Шындығында, Біз Адам ұрпағын ең жақсы түрде жараттық, оларды құрлықта және теңізде тасымалдайтын нәрселерге көтердік және оларға таза нәрселерден ризық бердік. Біз оларды жаратқан көптеген нәрселерден артық етіп таңдадық.»
Осы аят арқылы Алла Тағала адамды ерекше құрметтеп, оған өз қалауымен барлық нәрселерді бергенін және оны басқа жаратылыстардан жоғары қойғанын білдіреді.
1.Мәйітті жуып, кебіндеу
Мәйітті жуындырудың үкімі тірі мұсылмандар үшін парыз кифая.
Мәйітті жуындырғанға дейін оның қасында Құран оқуға болмайды. Бірақ Құранды басқа бөлмеде оқуға болады.
Мәйітті жуындыратын кісі қолына мата орап немесе қолғап киіп жапқыштың астынан мәйітке истинжа жасайды, нәжіс шығаратын жерді тазалайды.
Кейін мәйітке дәрет алдырады. Дәрет алдырғанда әдеттегідей қолдарды білезікке дейін жуумен бастамайды. Себебі, мәйітке өз қолымен емес оны жуындырушы кісінің қолымен дәрет алдырады. Сондықтан мәйітке дәрет алдыру оның бетін жуудан басталады. Мәйіттің аузы мен мұрнына су кіргізіп шығару қиын болғандықтан оларды сумен шаймайды. Тек сулы шүберекпен сыртынан сүртсе жеткілікті.
Кебіндеу
Ер кісілердің сүннет кебіні үш бөлік матадан тұрады. Олардың әр қайсысының; «изар/إزَار», «қамис/قَمِيص» және «лифәфә/لِفَافَة» деген өзіндік атаулары бар.
Айша (р.а.) анамыз Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) үш матамен кебінделгенін айтқан. Оның біреуі дүние салған кезінде үстінде болған көйлегі, ал қалған екеуі нажрандық хуллә, яғни асты мен үстіге киілетін жұп киім. (Әбу Дауыт, Сүнән).
Изар мен лифәфәға арналған мата бастан аяққа дейін, ал қамис иықтан аяққа дейін жететін ұзындықта болу керек.
Мәйітке бірінші қамис кидіріледі. Кейін оған кезегімен изар, сосын лифафаны орайды. Әйел кісінің сүннет кебіні бес бөлік матадан тұрады.
Оның үшеуі ер кісінікі сияқты «изар», «қамис», «лифафа» болса, қалған екеуі басқа оралатын «химар/خِمَار» мен көкірек тұсына байланатын «хирқа/خِرْقَة» деп аталатын маталар.
Әйел кісіні кебіндегенде бірінші оған қамис кидіріледі. Шаштары екіге өрілген күйде кеудесінің үстіне қойылады. Сосын беті бірге жабылатындай етіп басына химар байланады. Осыдан кейін оны изарға орайды. Оның сыртынан кеуде тұсына хирқа байланады. Бұдан кейін мәйітті лифафаға орайды.
2.Жаназа намазы
Мәйіт жуылып, кебінге оралғаннан кейін оған жаназа намазы оқылады. Жаназа намазын оқу – тірі мұсылмандарға парыз кифая.
Бұл мәселеде күллі мұсылман ғалымдардың ижмағы (ортақ пікірі) бар. Мұның Құран Кәрімдегі дәлелі: وَصَلِّ عَلَيْهِم / «Оларға дұға қыл!» деген аят (Тәубе, 103). Жаназа намазын оқу мәйітке дұға қылу болып табылады.
Сондай-ақ, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Жақсы, жаман барлық мұсылманға жаназа намазың оқыңдар» деген (Дарақутни).
3.Мәйітті жерлеу
Мәйітті жерлеу – Исламдағы ең маңызды амалдардың бірі. Шариғат бойынша мәйітті жерлеу міндетті. Жерлеу кезінде мәйітті оң жаққа жатқызып, басын Құбылаға қарату керек. Қабірге топырақ себу, оның үстін жабу – ислам үкіміне сәйкес жасалатын амалдар. Бұл амалдар адамның дүниедегі өмірінің аяқталуын және оның Аллаға қайтқанын білдіреді. Құранда Бақара сүресі 28 аятта Алла Тағала:
«كَيْفَ تَكْفُرُونَ بِاللَّهِ وَكُنْتُمْ أَمْوَاتًا فَأَحْيَاكُمْ ثُمَّ يُمِيتُكُمْ ثُمَّ يُحْيِيكُمْ ثُمَّ إِلَيْهِ تُرْجَعُونَ»
«Қалайша Аллаға қарсы келесіңдер? Алла сендерді өлтірді, кейін тірілтті, содан соң қайта өлтіреді, соңында қайта тірілтеді. Соңында, өздерің Оған қайтарыласыңдар» – дейді.
4.Құран оқу және дұғалар жасау
Қайтыс болған кісі үшін Құран оқу мен дұғалар жасау – сауапты іс. Құранның әсіресе “Йа Син” сүресін оқу, сондай-ақ оның сауаптарын өлген адамға арнауға да болады.
Сондай-ақ, шариғат бойынша, қайтыс болған адамның атынан садақа беру, мешітке, мұқтаж адамдарға, білім беру орындарына және басқа да қайырымдылық шараларына көмек көрсетугеде болады.
Сахих Муслимнен жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болған адам үшін дұға жасай отырып, былай деді: «Алла, бұл адамды кешір, оған рахым ет, оның қабірін кеңейтіп, жарық қыл!» – деуі арқылы қайтқан кісілерге дұға жасап, кешірім сұрау маңызды екенін көреміз.
5.Қабірге бару және дұға жасау
Қабірге бару және қайтыс болған адамға дұға жасау – шариғат бойынша мұстаһаб, яғни ұсынылған амал. Қабірге барып, қайтыс болған адамның басына дұға жасау оның рухы үшін Алладан күнәсін кешіруін сұрау болып табылады. Қабірге барған кезде, адам Құран оқып, дұғалар жасап, өлген адамға жәннат сұрауы керек.
Арыстан Қалманбет,
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің имам көмекшісі