ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат
– Айнұр Әбдірәсілқызы, соңғы жылдары сәнге айналған тақырып – дәстүрлі емес ағым өкілдері мәселесіне тағы бір айналып соғатын кез келген тәрізді. Қазіргі кезеңде осы тақырыптағы қай мәселеге назар аударғанды жөн көрер едіңіз?
– Бұл бауырларымызды райынан қайтарамыз деп әлек болып, жиі араласа бастағалы жарықтықтардың жан дүниесі алақандағыдай айқын көріне бастады. Содан болса керек, соңғы кездері дәстүрлі емес ағым өкілдерін көргенде менің көкейіме: «Сіздің ұстанып жүргеніңіз қай дін?» деп сауал жиі оралып жүр. Жүрегі жатсынуға толы, зайырлылықты мойындамайтын, заң десе төбе шашы тік тұратын, өз жамағатынан басқаны мұсылман санатына қоспайтын, әйел атаулыға «ана», «қыз», «қарындас» деп емес, «әйел» деп қана қарайтын, үлкенге – құрмет, кішіге ізеті жоқ, тұла бойы агрессияға тұнып тұрған тұлғаларды тәрбиелейтін бұл өзі қандай дін? Қай дін осындай шапшулы, шауып алуға дайын тұратын бейәдеп мінезге тәрбиелейді екен? Әлем діндерінің біреуінде бар ма екен мұндай мінез?! Ал исламда ше? «Ислам дегеніміз не?» деген сауалға Пайғамбарымыз: «Ислам дегеніміз – көркем мінез-құлық» деп жауап бермеп пе еді?! «Мұсылман дегеніміз кім?» дегенде: «Мұсылман дегеніміз – өзге мұсылманға қолымен және тілімен зиян келтірмеген адам» дегенді де сол Пайғамбарымыз айтқан жоқ па?! Өзінің жарық дүниеге жіберілудегі мақсатын: «Мен көркем мінез-құлықты кемелдендіру үшін жіберілгенмін» деп әйгілеген сол хақ Пайғамбар емес пе еді?! «Шындығында сен көркем мінез-құлық иесісің» деп сол Пайғамбарға мадақ айтылмаушы ма еді Құранда?! «Біз сені әлемдерге рахмет етіп жібердік» деп, тағы да сол Құранда пайғамбарлық миссиясының мән-мағынасы айшықталмаушы ма еді?! Біз «әрбір мұсылман тұнып тұрған көркем мінездің көрінісі болуға міндетті» деуден аулақпыз, бірақ дәстүрлі емес ағым өкілдері өздерін «таза исламды ұстанып жүрген шынайы мұсылмандармыз» деп санайды емес пе?! Сонда олар исламда жоқ мінезді қайдан алды?! Олардың тазалығы қай тазалық?! Олардың исламы қай ислам?! Олардың діні қай дін? Иманына күмән келтірмек ойым жоқ, бірақ қылығына қарай көкейге келген осындай сауалдарды көлденең тартпасқа шара тағы жоқ.
– Сөзіңіз аузыңызда, олардың өздеріне де осы сауалды қойған боларсыз?
– Қойғанда қандай! Жауап сол баяғы – агрессия. Айтарға дәлелі жоқ, көрсетерге мінезі дайын. Бұл мәселенің екінші жағы тағы бар. Осы агрессияшыл мінез бен уытқа толы уағыздар жастарды неге баурап алуда? Мен осыған дейін мынадай тұжырымды жиі айтып келдім: «Егер ислам қазақ даласына қазіргі дәстүрлі емес ағым өкілдері айтып жүргендей «дәстүріңді дінсіздік деп танисың, мәдениетіңе балта шабасың, өткеніңнен тамырыңды үзесің, тарихың менен басталады» деген ұрда-жық ұстанымдармен келген болса, аталарымыз мұндай дінді ешқашан қабылдамас еді. Ислам қазақ даласына өзінің шынайы болмысымен – кеңдігімен, бейбітсүйгіштігімен, мәмілегерлігімен, тазалығымен, парасаттылығымен келді. Сондықтан ұлтымыздың болмысына сіңіп, мәдениетін құраған дінге айналды». Дегенмен қазіргі ұлттық менталитетіміз бұрынғыдан бөлек. Ол өзгеріске ұшырай бастады. Дұрысы, кейінгі буынның менталитеті ұлттық болмыстан жаттана бастады. Оған экранымыз бар, ғаламторымыз бар, ақпаратымыз бар, адамымыз бар – жабылып «үлес қосып» жатырмыз. Бұл үрдіс сонау тоқсаныншы жылдардан бастап елімізге ағылып келе бастаған батыстық көбікті опера – телесериалдардың жөпшендіні жұлып жеуге дайын тұратын бейбастақ мінездерді дәріптеуінен басталды. Өйткені олардың негізгі кейіпкерлері ең алдымен осындай агрессияшыл мінездерімен ерекшеленетін, ал көкірегінде ақшадан басқа құндылық болмайтын. Екінші орынға ентелей жетіп, ғаламтор шықты. Беті жарнамадан көрінбейтін жарықтықтың саудасын қыздыратын елп етпе еліккіш мінезділер болған соң, құнсыз «құндылықтарды» дәріптеу арқылы соларға қол жеткізу үшін ештеңеден тайынбайтын тобырлық типтерді топырлатып қалыптастыру басталды. Соңғы онжылдықта бұл сайысқа дәстүрлі емес ағым өкілдері келіп қосылды. Бір ерекшелігі, діннің апаты жалғыз дәстүрлі емес ислам өкілдері ғана емес болғанымен, өзге діндердің уағызшылары сыбызғыдай сызылып тұрады да, ал дәстүрлі емес ислам өкілдеріне келсеңіз, оқ жыландай атылып тұрғаны… «Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деген айтқыш аталардың сөзі еске түсіп, еріксіз жағаңды ұстайсың сосын…
– «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, пәле басы идеологияда жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Әрине, идеологиямен де біраз нәрсе байланысты. Кезінде Кеңес үкіметін құру жолындағы идеологиялық күрес кілең төңкерісшіл тұлғаларды қалыптастырып еді ғой. Даму жолын емес, төңкеріс жолын таңдағанда еріксіз осылай болып шығады. Төңкеріс жолы – тыныштық жолы емес. «Мемлекетке бағынамыз» дегенді ауызбен ғана айтатын дәстүрлі емес ағым өкілдерінің аяқ астынан терактілерге араласып кете беретіні сол заңдылықтың салдары. «Біздікі ғана дұрыс, басқаныкі – теріс» деп бағалайтын ағым өкілдері ешқашан мылтықсыз майданмен шектелген емес. Сондықтан бұл тыныштық – дауыл алдындағы тыныштық, ал қазіргі идеологиялық майдан – алдағы қарулы қақтығыстың дайындығы болуы әбден мүмкін. Ал мақсат төңкерісшіл емес, ілгерішіл болса, құрал да, құлық та, қылық та соған сәйкес болар еді.
– Соңғы кездері дәстүрлі емес ағымдарға қатысты біраз «измдер» кері шегініп, «псевдосалафизм» деген жаңа ұғым қолданысқа ене бастады. Мұның мәнісі неде?
– Ұғымдар мен құндылықтарды кезең-кезеңімен қайта екшеп отыру – әрбір салауатты қоғамға тән құбылыс. Бастапқыда салафилік ағым өкілдері өзін осылай атайтындықтан қоғамда «салафи» атауы қалыптасып кетті. Дегенмен бұл ұғымның исламдағы «салафус-салихин» аталатын алдыңғы ізгі үш буынға қатысы жоқтығын, тек өздерін солардың жолын жалғастырушылар ретінде көрсетуге тырысатынын есепке ала отырып, бірқатар зерттеушілер оларды «неосалафилер» деп атай бастады. Ағым өкілдері идеологиясының ислам тарихындағы харижиттер қозғалысының идеологиясымен тоғысатын тұстары көп екенін негізге алған ендігі бір топ зерттеушілер оларға «неохарижиттер» деген атауды лайық көрді. Салыстырмалы тарихи зерттеулерді феноменологиялық әдістермен байыта білген дінтанушы ғалымдар болса, бұл құбылыстың уаххабиліктің кейінгі дәуірлердегі аты өзгерген жалғасы болып табылатынын тұжырымдады және соның негізінде «уаххабилік-салафилік» деген қосарлы атауды дұрыс деп тапты. Ал салафилікке феномен ретінде емес, идеология ретінде көз салғанда, ол негізге алған тарихи атау мен қазіргі идеологиялық ұстанымдардың мүлде қабыспайтыны бұл ағымды «псевдосалафилер» деп атауға негіз болып отыр. Яғни бұл жаңа «изм» өзге «измдерді» терістеуден емес, идеологиялық бағдарға сүйенуден туындаған және сол себептен мемлекеттік саясатта кеңірек қолданылу мүмкіндігі басым.
– «Уаххабилік-салафилік» демекші, Қағбаның кілтін ұстап отырған қасиетті мекен иелерінің – Сауд Арабиясы Корольдігінің осы ағымды дін ретінде ұстанып отырғаны қаншалықты шындық?
– Өзімізден өзге ешкім сенбейтін қиял-ғажайып ертегілеріміздің бірі – осы. Басқаны былай қойғанда, Сауд Арабиясы Корольдігінің Сабағаттық кеңесінің (Мажлис аш-Шура) вице-спикері Мухаммад әл-Жефри 2016 жылдың қазан айында Брюссель қаласында халықаралық істер жөніндегі Еуропарламент комитетінің мүшелері алдында: «Біздің «уаххабилік» атты діни құндылығымыз жоқ. Біздің бір ғана дініміз бар, ол – ислам» деп мәлімдемеп пе еді? Ендеше біз неге өзгенің қаңсығын таңсық қылып, саудтықтардың өзіне керек емес уаххабилікті дін санамақпыз? 2017 жылдың 6 қазанында Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Ас-Сауд бүкіләлемдік терроризм мен экстремизмге қарсы күресу мақсатында БҰҰ-мен бірігіп, Ислам мемлекеті мен жаһандық терроризмге қарсы Ислам әскери коалициясын құрды. Осы шара барысында саудтықтардың мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман Ас-Сауд Эр-Риядта отандастарын кезекті рет исламдағы қалыпты орта жолды ұстануға шақырды. «Бұрынғы қалпымызға қайта ораламыз. Барлық дінге және әлемге ашық қалыпты, орта жолды ислам мемлекетіне айналамыз» деп әлем алдында уәде берді. Ал орта жолдан шығып кеткендер кімдер еді? Уаххабилік-салафиліктің ізін қуып жүріп, ағымдар мен ұйымдарға бөлініп, лаңкестікке ұрынып тынғандар емес пе еді?! Саудтықтардың қазіргі таңдағы экстремистік идеологияға қарсы күресі, оның жетегінде кеткендерді оңалту жұмысы сол бір бастаудан су ішкен анталаған ағымдардың адасқан мүшелеріне бағытталып отырған жоқ па?! Сонда біз уаххабилікті кімнің діні демекпіз?! Сонымен, көзімізді кеңірек ашып, қайта бір ойланатын кезіміз келіп жеткен тәрізді… Айтпақшы, біз ойлануға дайындалып отырғанда іргеміздегі базбір елдер бұл мәселе жөнінде бәтуаға келіп те үлгерді. 2016 жылдың ақпан айында Ресейдің Грозный қаласында өткен іргелі басқосуда қадарийа-нақшбандийа тариқатының өкілдері тізе қосып, псевдосалафиліктің уаххабилікпен бір екенін тұжырымдай отырып, оны қатаң айыптайтын қарар қабылдады. Қарарда псевдосалафи-уаххабилер барша әлемдегі мұсылмандардың бірлігін әлсіретіп, мұсылман қоғамында алауыздық тудыруға бағытталған террористік ағым ретінде айыпталды. Ислам әлеміне зор қауіп төндіріп отырған псевдосалафилердің ислами нормаларға қатысты қабылдаған шешімдері мойындалмайтыны, сынға алу мақсатында болмаса олармен ешбір қарым-қатынас орнатылмайтыны, олардың қатарына енгендердің қатаң айыпталатыны, т.б. жайттар қарарда қатаң қағида ретінде бекітілді. Сөйтіп, іргелес көршілердің іргесін нықтап алған жайы бар…
– Иә, ал біз әлі мектептегі хижаб дауымен әлекпіз. Айтқандай, бұл мәселеде көршілердің не жаңалығы бар екен?
– Көршілердің көпшілігінде бұл мәселе бойынша жаңалық болмасқа кеткен, өйткені есебі, әлдеқашан шешіліп қойған мәселе ғой. Шешімін қайта қарайтын көңілшектік көршілерге тән болмай тұр. Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдерінде мектеп формасы әлденеше жыл бұрын бекітілген қалпында сақтаулы. Ресейлік ағайындар Мордова мен Ставрополь өлкесінен бастап, форма тәртібін орнықтырып келеді. Президент В.Путин Ресейде форма мәселесінде ауытқушылыққа жол берілмейтінін атап айтты. Европаны тіпті мазаламай-ақ қойсақ та болар. Франция, Норвегия, Швеция, Дания, Чехия, Косово елдерінің барлығы мектеп формасын мемлекеттік деңгейдегі заңнамалармен бекітіп, зайырлылықтың заңды көрінісі, ішкі тұрақтылықты сақтаудың бір тетігі ретінде орнықтырған. Мемлекет өз саясатына мығым болған жерде кез келген дау шешімін табатынын уақыт өзі дәлелдеп отыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!
kazislam.kz