Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Тәуелсіздікпен бірге қайта оралған нығмет

Тәуелсіздікпен бірге қайта оралған нығмет

0 112

«Түн ұзап, күн қысқарып, болды қазан, Бес намаз, жанның пipi иман, азан» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз.

 

Тәуелсіздік алғалы бері қайта қауышқан құндылықтарымыз аз емес. Соның бірі – Мәшекең айтқан «жанның пірі» азан еді.

Бір кезде бабаларымыз «естісек» деп аңсаған азан дауысы мыңдаған мешітте күңіреніп естіліп тұрғанының өзі үлкен нығымет деуге болады.

Кезінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) дәуірінде алғашқы жылдары Мекке халқы құлшылығын жасырып жасауға мәжбүр болды. Кейін Мединеге қоныс аударғаннан кейін, бастарына діни бостандық тиіп, намазды ашық оқу мүмкіндігіне ие болды. Міне, осындай тарихи сәтте адамдарды көппен орындалатын құлшылыққа шақыратын ритуаль керек болды. Басында Біләл намазға шақыру ретінде тағайындалып, «намазға асығыңыздар(әс-салаһ)» деп айтып жүрді. Кейіннен бір күнде Абдулла ибн Зайд деген сахаба мен хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) екеуінің (кей деректе жеті бірдей сахабаның) бмазмұны бірдей иләһи түстеріне негізделіп, дәл бүгінгі азан тағайындалды.

Азанның артықшылығы туралы Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) хадистерінде баяндалады. Айталық, Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізге хадистердің бірінде «Адамдар азан шақыру мен намазда алдыңғы сапта тұрудың қайыры мен сауабын білсе, бұған қол жеткізу үшін жеребе тартудан басқа шарасы болмаса, міндетті түрде жеребе тартар еді!»(Бұхари, Мүсілм, Термизи) делінеді. Мұнда азан шақырудың түсінген адам таласатындай игі құндылық екені сөз болғанын көруге болады.

Ал, азанның адам руханияты мен иманына, иләһиятына әсері жайлы баяндалған хадистің бірінде «Намаз үшін азан шақырылған кезде шайтан ол жерден безіп береді, азан естілмейтін жерге дейін қашады…» делінеді. Мұнда айтылған артықшылыққа әрбір адам баласы бей-жай қарай алмаса керек. Себебі, шайтанның аздыруынан сақ болмақ, сүйтіп иманын аман ұстамақ, есті адамның уайымы екені шын. Расулулланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөздерінен мұндай уайымға да азан өзіндік рухани рөл атқаратынын көруге болады. Тағы бір деректе азан шақырылғанда жеті қат көктің естіктері ашылатыны сөз болады да, дұғалар қабыл болатыны жайлы айтылады. Осының айғағындай америкалық ғарышкер Нил Армстронг Мысырда ғылыми конференция үстінде азан дауысын құлағы шалып, осы әуенді айда естігенін айтып әлемді таң қалдырған болатын(1983 ж.).

Осындай елеулі құлшылық орындалғанда естіген адамның жайбырақат қалуы мүмкін емес. Сайд әл-Худри жеткізген азан туралы тағы бір хадисте Алланың ақырғы Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Азанды естісеңіз азаншының айтқандарын қайталаңыздар!»(Бұхари, Мүсілім, Әбу Дәуіт, Насаи) деп насихат берген екен.

Сонымен қатар, азаннан кейін дұға қылу да сүннет амалдың бірі саналады. Бұл үрдіс қазақ даласында да дәстүрге айналып ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тәуелсіздік таңы атысымен жетпіс жылға жуық ұмыт болған дәстүрлі құндылықтар жаңғырып, азан қайта оралды. Осы нығметімізді Алла Тағала ұзағынан сүйіндірсін!

Рүстем Рахымберді,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.