Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Зекеттің артықшылығы мен маңыздылығы

Зекеттің артықшылығы мен маңыздылығы

0 75

Мұсылмандықтың игі үрдісінің бірі – зекет беру.

Зекет Мәдина дәуірінде, хижреттің екінші жылында мұсылмандарға парыз етілді. Ол туралы «Бақара» сүресі, 43-аятында: «Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер»,-деп айтылған.

Зекет – намаздан кейінгі үлкен парыздың бірі.

«Зекет» сөзінің негізі мағынасы тілдік тұрғыда «тазару», «өсу» ,«арту» және «береке» деген мағыналарды білдірсе, ал шариғаттағы мәні-нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылманның Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруі.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 43-аятында: «Намазға жығылыңдар (толық орындаңдар), зекет беріңдер және рукуғта тұрғандармен бірге (Құдайға тағзым етіп) иіліңдер»,-десе, Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деді: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерді қайтарыңдар».

Зекет:

1.Пендені Алланың рахымына бөлендіріп, сансыз сауапқа кенелтетін игі амал.

2.Әлеуметтік қатынастарды реттейді.

3.Байлар мен кедейлердің арасындағы байланысты жақсартып, қоғамдағы ауызбіршілік, жанашырлық, бауырмалдық секілді қасиеттерді берік етеді.

4.Өзгенің мал-мүлкіне көз аларту, қызғаныш пен көреалмашылық сезімін өшіреді.

5.Ұрлық пен тонау секілді әрекеттерді азайтайды.

6.Адам баласының бойындағы дүниеге, байлық пен ақшаға деген құмарлықты басып, қанағатсыздық пен тойымсыздықтан бойды аулақ салуға тәрбиелейді.

7.Зекет беру адамды түрлі ауру-сырқаудан, бәле-жала мен апаттардан аман етеді.

8.Табыс пен байлықтың берекесін кіргізіп, құрдымға кетуден сақтайды.

Зекет берген кезде мал-мүліктің ең жақсысын берген абзал. Бұл туралы Құранда: «Уа, иман келтірген жандар! Тапқан табыстарыңнан және сендер үшін Біздің жерден өсіріп, шығарғанымыздың ең жақсысын садақаға беріп, жұмсаңдар. Немқұрайлы түрде ала салатындай жағдайда болмаса, өздерің жоламайтын жаман дүниелерді садақаға беруге ұмтылмаңдар. Біліп қойыңдар! Алла – аса Бай, Даңқты»,-деп баяндалған.  («Бақара» сүресі, 267-аят)

Зекет-адам баласының дүние-мүлкін ғана емес, өзін де рухани тұрғыда өсіретін, әрдайым амандықта болып, екі дүниелік бақытқа жеткізетін Жаратушының мүмін құлдарына бекіткен парызы. Оған шамасы жетіп, орындаған жан бақыт тауып, іске асырмаған пенде мал-дүниесінің зиянын шегері хақ.

Алла Тағала баршамызға шынайы ниетпен және әдептерін сақтай отырып, көркем түрде зекет беруді нәсіп еткей! Алла Тағала зекет, садақамызды қабыл етсін! Әмин!

Бекзат Ақжігітов,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.