Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Түркияда  «Кәне, балалар, мешітке!» жобасы ұйымдастырылды (Видео)

0 1  629

Түркияда қысқы демалысқа шыққан балалар үшін «Кәне, балалар, мешітке!» («Haydi Çocuklar Camiye Projesi») атты жоба басталды. Жобаның мақсаты – 6-13 жас аралығындағы балаларды мешітте жамағатпен намаз оқуға ынталандырып, мұны дағдыға айналдыру.

Жоба 21-ші қаңтардан бастап, 31-ші қаңтарға дейін жалғасады. Бұл аралықта балалар бес уақыт намазын барынша мешітте жамағатпен оқуға және неғұрлым көп сүре жаттауға тырысу керек. Жоба балалардың жас ерекшелігіне қарай 3 категория бойынша ұйымдастырылуда. Мәселен, 6-7 жас аралығындағы балалар А категориясына жатса, 8-10 жас аралығындағылар В категориясына жатады, ал 11-13 жас аралығындағылар С категориясына кіреді. Әрбір категорияның жаттайтын сүрелер саны да әртүрлі.

Жоба бойынша балалар мешітке намазға келгенде ұйымдастырушылардың бекіткен жауапты адамына, ол имам да болуы мүмкін, жаттаған сүрелерін тапсырып, келгендерін белгілеп кетіп отырады. Бір қызығы әр намаздың ұпай сандары да әртүрлі. Мәселен, таң намазына мешітке келгендер 10 ұпай қанжығаласа, құптан намазына келгендерге 8 ұпай беріледі, ал қалған намаздар 5 ұпайдан. Жаттаған сүрелер болса, бір-бір ұпайдан.

«Жобаға қатысатын балалардың мүмкіндігінше барлық намаздарға ата-анасымен келуіне кеңес береміз. Егер барлық намазға бірге келу мүмкін болмаса, таң намазы мен құптан намазына бірге келуге шақырамыз. Себебі, бұл уақыттарда күн салқын әрі дала қараңғы болады», ­– дейді ұйымдастырушылар жобаның балаларға ғана емес, ата-аналарға да қатысы барын ескеріп.

     

Жарыс біткен соң балалардың ұпай сандары есептеліп, жеңімпаздар қымбат сыйлықтармен марапатталады.

kazislam.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.