Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақстандағы таблиғ жамағаты

0 1  697

Егер адам баласы Алла тағаланың мейірімімен  ең тура ақиқат жол ислам жолына келетін болса, ол сол құл үшін дүниедегі бүкіл байлықтан артық. Оның исламнан тыс сүрген өмірі хидаят жолын тапқаннан кейінгі бір сәтіне де татымайды. Өзін екі өмірде де бақытты қылатын Ислам дініне қауышқаннан кейін оны тек өзіне ғана қаламай жақындарына да қалауы тиіс. Ең жақын адамдары әке шешесінің, жарының бауырларының да осы жолда болғанын қалайды. Сол себепті бұл игі жолға шақыру кез келген адам үшін Алла алдында үлкен мәртебеге апаратын амалдардың санатында. Өйткені бұл қызмет  адамзаттың ішінде ең абзалы пайғамбарлардың (Алланың оларға сәлемі болсын) атқарған амалдары. Алла тағала Құран кәрімде:

وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَـٰهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ

«(Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп қана уахи етіп, жібердік»[1].

Барлық пайғамбарлар тек таухид жолына, Алла жолына, тек оған құлшылық қылып, ширк атаулыдан аулақ болуға шақырған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак хадисінде:

مِنْ حَدِيثِ أبِي هُرَيْرَةَ – رَضِيَ اللهُ عَنْهُ – أَنَّ النَّبِيَ – صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ – قَالَ: “مَنْ دَعَا إِلَى هُدَى كَانَ لَهُ مِنْ الْأَجْرِ مِثْلَ أُجُورِ مَنْ تَبَعَهُ، لَا يَنْقُصُ ذَلِكَ مِنْ أُجُورَهُمْ شَيْئًا”

Әбу Һурайрадан (одан Алла разы болсын)жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Кімде-кім һидаят жолына шақырса, оған ерген адамның сауабы еш кеміместен беріледі»[2] делінген.
Басқа бір аятта

وَمَنْ أَحْسَنُ قَوْلًا مِّمَّن دَعَا إِلَى اللَّهِ وَعَمِلَ صَالِحًا وَقَالَ إِنَّنِي مِنَ الْمُسْلِمِينَ

«Шын! Мен Мұсылмандарданмын» деп Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?»[3]

Адам қай салада болмасын Алланың жолына шақыруға, үндеуге міндетті. Ол міндет ешуақытта оның мойнынан түспейді. Кейбір адамдар ойлағандай дағуат ол тек имамдарға, дін қызметкерлеріне ғана міндетті емес. Мұсылман әр кез ең алдымен өзін, жанұясын, жақындарын жақсылыққа шақыруы тиіс, жақсылықтың ең ұлығы әлбетте адамның исламға келуі.

Алла тағала Құран кәрімде:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۚ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ ۚ أُولَـٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ ۗ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне көмекші. Олар жақсылыққа шақырып, жаманшылықтан тияды. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла мәрхаметіне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана»[4].

Алла жолына шақыру  бізді Алла мадақтаған қайырлы үмметтен қылады. Алла тағала Құран кәрімде:

                كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ

Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар[5].

Имам Ибн Кәсирден жеткен хабар бойынша: (Кімде-кім бұл қауымнан болса, Алла тағаланың мақталған қауымынан болады. Қатададан жеткен хабар бойынша: Омар ибн әл-Хаттаб былай деп айтқан: «Кімде-кім сол мақталған үмметтен болғысы келсе, Алланың талап еткенін (исламға шақыру) орындасын, кім оны орындамаса кітап иелеріне ұқсағаны» деп, Құранның: «Олар бір-бірлерін істеген жамандықтарынан тыймайтын болған. Расында олардың істегендері нендей жаман[6].» деген аятын оқыды.

Қоғамдағы адамдар сан алуан салада әртүрлі қызмет жүктерін арқалағандықтан, олардың жағдайлары, шамалары ескеріледі. Тіпті қызметіңізді абыроймен орындап, өзіңізді тек жақсы қырыңыздан көрсетіп, мұсылманға тән әрекет жасасаңыз оның өзі дағуат. Мұсылмандықтан ауытқымай, исламға кір түсірмеудің өзі абыройлы істерден болып табылады. Алла тағала адам баласына шамасы келмейтін істі жүктемейді.Алла тағала Құран кәрімде: Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына[7], деген яғни, адам баласы өзінің шамасынан тыс амалға жүктелмейді.

Ибн Омар (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін риуаят еткен:

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤول عَنْ رَعِيَّتِهِ، الإِمَامُ رَاعٍ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ وَهُوَ مَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا وَمَسْؤولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا، وَالْخَادِمُ رَاعٍ فِي مَالِ سَيِّدِهِ ومَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، -قَالَ: وَحَسِبْتُ أَنْ قَدْ قَالَ: وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي مَالِ أَبِيهِ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ- وَكُلُّكُمْ رَاعٍ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар!»[8].

Жоғарыдағы хадисте адамның қоғамдағы орнына, жауапкершілігіне байланысты дінді жеткізудегі міндеті мен жауапкершілгі өзгереді.

Мұсылман қоғамында, соның ішінде Қазақстан жерінде жаппай діни ағымдар жайлап іріткі салған уақытта «Таблиғ жамағаты» ұйымы да бұл қайнаған сорпаға өз үлесін қосты. Әлбетте бұл ұйымды деструктивті ағымдар санатына кіргізуге болмайды, өйткені олардың мақсаты бұқара жұртшылығына ислам дінін жеткізу болған. Алғашқы кезде бұл біраз деңгейде жыртықтың жамауын жапқанымен уақыт өте дін исламның күшеюімен, өзімізден шыққан қаракөз қазақ балаларының исламды игеруімен қоғамның бұл ұйымға деген қажеттілігі тоқтады тіпті кері әсерін бере бастады. Бұл ұйымның атын жамылып, қоғамда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарсы кір жағып,  сызат түсіруші топтар пайда болды…..

Бұл жамағат немесе бұл ұйым он төртінші ғасырда Индия жерінде пайда болған, алайда «таблиғ жамағаты» деген атпен 1926-жылы белгілі болды. Негізін қалаушысы– Мухаммад Илияс әл-Кандаһлауи (1885-1944), орталықтары Дели қаласында. Алғашында Индия, Пәкістан, Бангладеш жерлерінде тараса, кейіннен араб мемлекеттерінде тарай бастады. Соңғы жылдары Еуропа мемлекеттерінде белсенділіктері артуда.  Олар өздеріне ислам дағуатын міндеттеп, белгілі бір уақыт аралығында Алла жолында адамдарды исламға шақыруды (айына үш күн немесе жылына қырық күн) парыз деп санайды. Олар негізгі екі мақсатты алға қояды: Бірінші ислам діні жетпеген аймақтарға дінді жеткізу, екінші, діннен алыстап кеткен мұсылмандарды исламның құндылықтарын орындауға шақырып, оларды тақуалыққа итермелеу. Негізгі ұстанатын дәлелдері Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) :

  (بَلِّغُوا عَنِّي وَلَوْ آيَةًّ)

 «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер»!- деген сөзімен байланыстырады.

Дінге шақырудағы ерекшеліктері:
Біріншіден: Таблиғ жамағатының құрамындағы көпшіліктің шариғи  білімдері таяз. Ғалымдарының көбі тек орталықтары Пәкістан, Индияда жерінде. Бұл әрекеттері Құрандағы мына аятқа толықтай қайшы. Алла тағала Құранда пайғамбарға (с.ғ.с.) былай деуді бұйырған: “Айт: “Бұл менің жолым. Мен терең ілімге негізделген түрде ғана Аллаға шақырамын. Мен және маған ергендер”, – де”. Ал “таблиғ” жамағатында терең ілімді адамдар аз.

Екіншіден: Құран аяттары мен хадистерді тиісті түрде түсіндірмейді, Құран аяттарын бұрмалап,  “бұл дағуатқа шығу аяты” деп, қате түсіндіреді.

Үшіншіден: Дінге шақыруды арнайы күн сандарымен шектеулері. Бұл да шариғатта болмаған, дінге енгізілген жаңалық болып саналады.

Төртіншіден:  Дағуатты  ілім алу сынды парыздардан да артық құлшылық етіп көрулері дінге жат әрекет. Олардың ойынша ілім алу көп уақытты талап етеді, адам азды-көпті ілімімен амал ету керек деп сенеді.
Бесіншіден: Діни ілімсіз пәтуа беру фактілері кездеседі.

Алтыншыдан: Ислам діні ең әуелі отбасын түзеуден басталуы керек. Кей кезде әке-шешелерін, бала-шағаларын тастап қырық күндік мерзімге дағуат жасап кетеді.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Әл-Әнбия сүресі, 25-аят

[2] Муслим хадистер жинағы

[3] Фуссилат сүресі, 33-аят

[4] Тәуба сүресі, 71-аят

[5] Әл-Имран 110-аят

[6] Мәйда сүресі, 79-аят.

[7] Бақара сүресі, 286-аят

[8] Бұхари, муслим хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.