ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаев Алматыдағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтына арнайы барып, имамдармен кездесті.
Кездесуде наиб мүфти имамдарға ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемдемесін жеткізді. Сондай-ақ Кенжеәлі Қоңыратбайұлы еліміздің түкпір-түкпірінен білімін жетілдіруге келген имамдарға дәріс өткізді. Дін қызметкерлеріне имамдық қызмет және көркем мінез туралы баяндады. Имамдар мешіт жамағатының ұстазы, сондықтан оның өзі де үлгілі бола білуі қажет. Діни тұлғалар халықтың алдында жүргендіктен әлеуметтік желілерде абай болу керек екендігін түсіндірді.
Сондай-ақ наиб мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Muftiyat» баспасынан шығып жатқан жаңа кітаптарды таныстырып, Ислам институтының кітапханасына арнап институт директоры Серікбай Оразға тапсырды.
Кездесу соңында имамдар сұрақ қойып, елімізге тыныштық, дінімізге қуат берсін деп батамен аяқтады.