Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты ұсынды. Атап айтқанда, имандылық, отаншылдық, білімділік, бірлік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік негізін ұстану. Осы жеті сипаттың бірі – еңбекқорлық.
Еңбекқорлық болса, еңбексүйгіш, жауапты, бастамашыл, іскер, ұқыпты, майталман, талапты сынды осы жеті сипатта көрініс табады.
Ислам діні масылдыққа, жалқаулыққа салынуды құптамайды. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының игілігі үшін жаратқан. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық», – дейді. Осындай құрметті орынға ие болған адам баласының басты міндеті – Алладан адал кәсіп беруін тілеп, еңбек етуі. Тарихқа көз жүгіртсек, дініміздің әмірін ең бірінші болып бұлжытпай орындаған пайғамбарлар болды. Айталық:
Адам ата егінші болды. Нұх пайғамбар кеме жасауды үйренсе, Ыдырыс пайғамбар тігінші, Мұса пайғамбар шопан, Дәуіт пайғамбар темірден бұйым жасайтын ұста болды. Ал Иса пайғамбар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды. Дәуіт пайғамбар патша бола тұра, өз кәсібінен басқа нәрседен тамақ жемеді, өз еңбегінен басқа дүниені пайдаланбады. Ол ұста болып, ұсталығымен күн көрді, Закария ағаш шебері болды. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым Алла Тағаладан өзін жалқаулықтан, өзгеге қарыз болудан, күпірліктен, біреуге мұқтаж болатын кедейліктен, сараңдықтан сақтауын тіледі. Хадисте: «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді»; «Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер»; «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», – деп адал кәсіпкерлікті, диқаншылық пен мал бағуды, еңбек етуді уағыздады.
Қол қусырып, қайыр тілеп өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергеннен кейін әрбір адам бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек. Халқымызда «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей» деген.
Біздің данагөй бабаларымыздың пайымдауынша, дүниеде адамзат баласы айрықша қадір тұтатын төрт нәрсе бар. Олар: адамның ерікті, азат болуы, еңбекпен тер төгіп тапқан мал-мүлкінің өз игіліне айналуы, әр адамның туып-өскен, ата-бабаларынан мұра болып қалған өз Отанының, ғасырлар бойы аманат болып келе жатқан дінінің болуы.
Ислам діні де адамдардың азаттықта бақытты өмір сүруін, адал еңбекпен тапқан ырысын нәсіп еткенін, Отаны, діні болғанын қалап, оған құрметпен қарайды. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз айтпайды ма: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», – деп. Бұл «Адамның жақсысы адамдарға пайда тигізетін адам» – деген Ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисі мағынасымен үн- десіп тұрған жоқ па? Абайдың айтуынша, әуелі құдайға сиынып, сонан соң өз қайратына сүйеніп еңбек еткен жан ғана нағыз адам болып саналады. Оның «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деуі де сондықтан. «Кабуснама» атты рухани құнды кітапта, Алла Тағаланы танудан бастап, адам тәрбиесі, еңбекке баулу, кәсіптік білім үйрену, сауда-саттық жасау, егін салу , мәселелеріне дейін талдап жазылды.
«Намаз оқылып болған соң, жан — жаққа тарап Аллаһтың мол рақымынан (кәсіптерің арқылы) өз ризық — несібелеріңді іздеңдер», — деген. Құран — адамгершілікті, сүйіспеншілікті, көркем мінез рухани жан тазалығы адал еңбек етумен жақсы өмір сүруге шақырады. Құранда адамның жаратылыс мақсаттары, соның ішінде еңбек етудің міндеттілігі, осы дүниедегі несібесі жайлы дәлелдер көп: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла, саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай — ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді», — делінген
Өзінің және бала-шағасының қажеттіліктерін халалдан табу, ешкімге мұқтаж болмау — жиһад болып табылады. Мұның сауабы көптеген ғибадаттардан да артық.
Хадис шәрифте: «Бір мұсылман табысын халалдан тауып, ешкімге мұқтаж болмаса және көршілеріне, туыстарына жәрдем берсе, қиямет күні, айдың он төртінші түніндегідей жарқыраған, нұрлы болады», — делінген. Хазреті Лұқман Хакім ұлына насихат берген кезде, «Жұмыс істе, ақша тап! Жұмыс істемей әркімге мұқтаж боп жүрген адамның діні мен ақылы нұқсан болады, жақсылық жасаудан махрұм қалады және бәрі оны жәбірлейді», Алла Тағала бес нәрсені бес нәрсенің ішіне қойған. Осы бес нәрсені алған адам, ішіндегісіне қол жеткізеді. «Қадірлікті, абыройды ғибадатқа; кедейлікті, жоқшылықты күнәға; ілімді, хикметті көп тамақ жемеуге; айбындылықты, құрметті түнде намаз оқуға; байлықты, ешкімге мұқтаж болмауды қанағатқа бағынышты қылған».
Иса (а.с) бір мүминге:
Қайда жұмыс істейсің? — деп сұраған кезде, мүмин:
Ғибадатпен уақытымды өткіземін, — деп жауап қайтарады.
Жарайды, онда қайда тамақтанасың? — деп сұрағанда,
Бүкіл қажет нәрселерді бауырым береді, — дейді. Сол кезде Иса (а.с):
Олай болса, бауырың сенен де құнды ғибадат жасап жүр, — дейді.
Еңбек етіңдер, табыс табыңдар!
Рахматулла ОРАЗҰЛЫ
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы