Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Аллаға деген махаббаты

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Аллаға деген махаббаты

0 63

Пайғамбарлар Аллаға бағынуға жұртты екі жолмен шақырған. Бір тобы Алланың жалалы (ұлылығы) мен күшін көріп, адамдарды Алланың ашуымен және азабымен қорқытып, Аллаға бағынуға шақырған.

Бұларды «Мунзирин» дейді. Мәселен Хазіреті Нұх (аләйһиссәләм), Хазіреті Мұса (аләйһиссәләм) сияқтылар. Ал, келесі топ Алланың жамалы мен жақсылықтарын айтып, адамдарды мейірім, махаббат, ғашықтық және жәннатпен қуантып, Хақ жолына шақырған. Олар Хазіреті Яхия (аләйһиссәләм), Хазіреті Иса (аләйһиссәләм) сияқтылар. Екі топ та өздері жіберілген кезеңнің қажеттілігіне сай қасиеттерге ие болған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – осы екі ерекшелікті тең дәрежеде ұстай білген пайғамбар. Осыған байланысты Құранда: «Сөзсіз, із сені рахметімізбен қуантушы, ал азабымызбен қорқытушы қылып, хақ болған Құранмен жібердік», . (“Бақара” сүресі, 119-аят) – делінген.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құран тілімен айтқанда «өткен және алдағы бүкіл күнәлары кешірілгендігі» жайында хабарланған пайғамбар екендігіне қарамастан, қозғалмастан аяқтары ісіп кеткенше түнгі намазын оқитын. Мұны көрген әйелдері Одан: «Ей, Расулулла! Сен Алланың кешіріміне бөленген пайғамбарсың. Өзіңді неге мұнша қинайсың?» – деп сұрағандарында, Расулулла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай жауап береді: «Бұл үлкен нығметтің шүкіршілігін өтеу керек емес пе?». (Бұхари, Тәһәжжүд 6).

Бұл хадис Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құлдығы мен ғибадатының Алладан қорыққанынан емес, Аллаға деген махаббаты және құлшылыққа деген құмарлығынан болғанын көрсетеді. Өйткені Ол үшін оқылған екі рәкағат намаздан алған ләззаты дүниедегі бар ләззаттардан артық еді. Құранның баяндауы бойынша имандылар үшін Аллаға деген махаббат барлық нәрседен жоғары, мәртебелі болады. «үминдердің Алланы сүюі – барлық нәрседен мәртебелі». (“Бақара” сүресі, 165-аят).

материал «Пайғамбардың (с.ғ.с) күнделікті іс-әрекеттері» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.