Дәл осы оймен көптеген намаз оқитын бауырларымыз ілім алмай жүр. Ілім ізденуді тек діни оқу орнында оқитын шәкірт-ұстаздардың ісі деп біледі. Бұл өте қате тұжырым.
Имам әл-Ғазали (Алла рақым етсін) «Минхәж әл-Ғабидин» еңбегінде ілім жайлы тарауында: «Мүміннің құлшылығы дұрыс болуы үшін ең алдымен ілім қажет. Раббысын танымайтын, есімсипаттарынан хабары жоқ адам қалайша құлшылық қылмақ?! Алла жайлы бұрыс ойлары болуы мүмкін. Білімсіздіктің кесірінен болған Алла жайлы ой-тұжырымдары бүкіл құлшылығын зая етпесіне кім кепіл?!
Күнәнің күнә екенін біліп, оған жоламас үшін, жақсы амалдардың жақсылық екенін түсініп, оны жасау үшін де ілім қажет. Намаз оқып, дәретті дұрыс ала білу үшін де ілім керек. Намаздың бір рүкінін дұрыс орындамай жүргеннен, болмаса дәреттің шарттарына селқостық танытқаннан қанша жылдық құлшылығы зая кетпесіне кім кепіл?!
Намаз оқитын адамға намаз жайлы барлық мағлұматты білу – парыз. Ораза ұстап, қажылық міндеттерін атқарушы адамның екеуінің де шартрүкіндерін толықтай білуі міндет», – деген. Енді Омар ибн Әбдил Азиздың (Алла разы болсын) мына сөзіне назар аударыңыз: «Кімде-кім ілімсіз құлшылық қылса, түзелетін істеріне қарағанда құрдымға жіберетін амалдары көбейеді».
материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,
sunna.kz