Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Республикалық медресеаралық олимпиада өткізілді

Республикалық медресеаралық олимпиада өткізілді

0 104

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Астана қаласында республикалық медресеаралық олимпиада болып өтті.

Білім сайысына медресе-колледждердің бітіруші курс студенттері қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде – араб тілі, фиқһ және ислам тарихынан тест, екінші кезеңде – Құран жаттау, мәтін аудару және ауызша сынақ өткізілді.
Қатысушылардың білімін ҚМДБ мамандары мен «Хусамуддин ас-Сығанақи» ислам институтының оқытушылары бағалады.
Жеңімпаздарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы атынан диплом және қаржылай сыйлық табысталды.

Жеңімпаздар қатарында ұлдар арасында «Шымкент» медресе-колледжінің студенті Мұхаммед Ахмет І орын алып, 300 000 теңге жүлдеге ие болды. ІІ орынға «Астана» медресе-колледжінің студенті Ринатов Ералы лайық деп танылып, 150 000 теңге жеңіп алды. Ал ІІІ орынды «Шымкент» медресе-колледжінің Алтынбек Балатауұлы мен «Астана» медресе-колледжінің Отарбай Айтөре иеленіп, әрқайсысы 75 000 теңгеден марапатталды.

Қыздар арасында «Сарыағаш» медресе-колледжінің студенті Қуанбек Аякөз І орынды иеленіп, 300 000 теңге жүлдеге қол жеткізді. Осы медресенің студенті Молдабек Карима ІІ орын алып, 150 000 теңге иеленді. ІІІ орынға «Үшқоңыр» медресе-колледжінің Тыныштықбай Нұрай мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің Аманкелдіқызы Назым лайық деп танылып, әрқайсысы 75 000 теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.