Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти халықаралық конференцияда баяндама жасады

Бас мүфти халықаралық конференцияда баяндама жасады

0 79

Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде өтіп жатқан «Орталық Азия және Қазақстандағы ислам: тарихи дәстүр және заманауи көзқарас» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.


ҚМДБ Төрағасы баяндамасында Ислам дінінің Мәуереннахр аймағына таралу тарихына тоқтала келіп, асыл дініміз Орталық Азия елдерінде ғасырлар бойы рухани мәдениеттің, білім мен ғылымның дамуына ықпал еткенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына биыл 35 жыл толғанын, 1990 жылдан бастап осы уақытқа дейін Діни басқарма дамудың даңғыл жолына түскенін тілге тиек етті.

Бас мүфти мүфтияттың атқарған маңызды жұмыстарына тоқтала келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі мұсылман қауымының қарашаңырағы һәм мұсылмандарды біріктіруші басты діни мекеме ретінде қоғамдағы бейбітшілікті сақтап, дінаралық және ұлтаралық келісім орнатуға үлкен үлес қосып келе жатқанын алға тартты.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – негізгі міндетіміздің бірі. Бұл баршамыз жұмылып атқаратын жұмыс болуы керек. Осы істе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айрықша рөл атқарады. Мүфтият қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтуға зор үлес қосып келеді», – деп, мүфтияттың бұл бағыттағы жұмысына жоғары баға берген болатын.

Расында, мүфтият жалпыұлттық татулықты нығайту мақсатында ел ішінде діни төзімділік пен өзара сыйластықты дәріптеуде. Өйткені біздің дініміз – бірлік діні. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер», – деп, мүміндерге бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған болатын. Сонымен қатар Құрбан айт, Ораза айт сынды мерекелеріміз де бейбітшілік пен бірліктің үлгісінде өткізілуде, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ мүфтият халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеуге, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесіне мән беріп, дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды насихаттауға да баса назар аударып келе жатқанын айтты.

Конференцияда шетелдік меймандар мен тарихшы ғалымдар да баяндама жасауда.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.