Бас мүфти Жаңа өмір ауылында жаңа мешіттің ашылуына қатысты
Бас мүфти Жаңа өмір ауылында жаңа мешіттің ашылуына қатысты
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына барған сапарында Теректі ауданы Жаңа өмір ауылында жаңа мешіттің ашылуына қатысты.
Игі іс-шарада сөз алған Бас мүфти: «Қасиетті Құранда: «Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорқатын адамдар салады» («Тәубе» сүресі, 18-аят) делінген. Осы жаңа мешітіміз сондай мүміндердің сауапты істерінің жемісі.
Бұл мешіт жамағаттың бірлікпен намаз оқитын орны ғана емес, руханият пен білім ордасы болады. Мұнда балаларға имандылық сабағы, жастарға тәрбие, үлкендерге тағылым беріледі. Сондықтан мешіттің жұмысы халықпен етене байланысты, жамағатпен тығыз қарым-қатынаста болады.
Осы игі істің жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға, демеушілерге, құрылысшыларға, ауыл ақсақалдары мен жамағатқа алғысымды білдіремін. Сіздердің бұл сауапты амалдарыңыз Алланың құзырында қабыл болғай» деді.
Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары жергілікті халықтың қуанышына ортақтасу үшін арнайы келген Бас мүфтиге алғысын білдірді.
ҚМДБ Төрағасы мешіт салған азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, мешіт имамына қасиетті Құран кітабын сыйлады.