ҚМДБ Төрағасы қажыларды ұлы сапарға шығарып салды (фото)
ҚМДБ Төрағасы қажыларды ұлы сапарға шығарып салды (фото)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент халықаралық әуежайында қажыларымыздың алғашқы легін қасиетті мекенге шығарып салды.
Шығарып салу рәсімінде Бас мүфти қажылармен жүздесіп, бесінші парыздың исламдағы орны мен маңызына тоқталды.
«Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Әли-Имран» сүресінде: «Шамасы жеткен барлық мұсылманға Алла үшін Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасау – парыз», – деп әмір еткен. Қажылық – рухани һәм денемен де, дүниемен де орындалатын ұлы құлшылық. Сіздер – Алланың шақыртуымен қасиетті мекенге аттанған бақытты жандарсыздар. Қажылықтарыңыз қабыл, сапарларыңыз сәтті болғай!» деді ҚМДБ Төрағасы.
Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы қажылық маусымын ұйымдастыру барысында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфиқ ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесіп, қазақстандық қажылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін бірқатар маңызды келісімдерге қол қойғанын да атап өтті. Сондай-ақ Шымкент қаласы дін істер басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев та салтанатты рәсімге қатысып, қажыларға игі тілегін білдірді.
Айта кетейік, биыл 4500 отандасымыз қажылық парызын өтейді. Оларға лицензиясы бар 15 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. ҚМДБ жанынан құрылған Қазақстан Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру және ақпарат тарату сынды бес бағытта қажыларға қызмет көрсетеді.