Наурызбай қажы Тағанұлы Түркиядағы Хасеки институтының шәкірттерімен жүздесті
Наурызбай қажы Тағанұлы Түркиядағы Хасеки институтының шәкірттерімен жүздесті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия Республикасына жасаған ресми сапары аясында Конья аймағында орналасқан Хасеки институтына арнайы барып, аталған оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық шәкірттермен кездесті.
Кездесу барысында Бас мүфти шәкірттерге арнайы дастарқан жайып, рухани насихат айтып, білім алудағы табандылық пен жауапкершілік жайында сөз қозғап, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет – мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Өздеріңіз секілді бауырларымыз ел-жұртқа пайда келтіретін білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын меңгерсе, ұлттық дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді көкейіне тоқып алса – міне, бұл нағыз тәуелсіздікке қосқан үлес, – деді Бас мүфти өз сөзінде.
Кездесу соңында, Наурызбай қажы Тағанұлы шәкірттерге ақ батасын беріп, Алладан білім жолындағы қадамдарына береке тіледі. Сонымен қатар, Хасеки институтының басшылығына алғыс білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы діни-рухани байланыстың артып келе жатқанын және бұл бағыттағы білім алмасудың маңызы зор екенін атап өтті.
Айта кетейік, Хасеки институты – Түркиядағы ең беделді діни оқу орындарының бірі. Бұл мекемеде Қазақстаннан барған көптеген шәкірттер білім алып, кейін еліміздің діни-ағарту саласына қызмет етуде.