Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құлпытас орнатудың әдебі мен тыйымдары

0 591

Бұрынғы кесенелерді қарасақ, қам кесектен, топырақтан тұрғызылған екен. Ал қазіргі кесенелерге қарасаңыз сарай, қамалдар секілді биік, үлкен. Құлпытас орнатудың әдебі мен тыйымдары қандай?Қабірді қоршау ең алдымен белгі үшін, екіншіден аяқ асты болмауы үшін, үшіншіден қабірді жан-жануарлардың таптамауы, жыртқыш аңдардың мәйітке зақым келтірмеуі үшін жасалады. Қабір басына құрылыс салуға қатысты исламда бірнеше түрлі пікір қалыптасып, әр мазхаб ғалымдары түрліше пәтуа берген. «Көпшілік қабірстанында құрылыс салуға болмайды, ал жеке қабірлерді қоршауға болады» деген пікір мен «кез келген қабір басында құрылыс жүргізуге болады» деген көзқарастар қатар өмір сүріп келеді. Кей ғалымдар белгілі діни тұлғалардың қабірі басына күмбез салуды тағылымды іс деп санаса, ендігі бір ислам ғұламалары ысырапшылдық пен сенімнің әлсіреуіне себеп болады деген пікірмен қабір басына қандай да бір құрылыс нысанын салуға үзілді-кесілді қарсы шығады. Олардың әрқайсысының өзіндік дәлелі, сүйенетін негіздері бар.

Қабір басына құрылыс салу исламның алғашқы дәуірлерінен басталған. Көптеген белгілі дін ғалымдарының қабірі күмбезді кесенемен қоршалған. Пайғамбар қаласындағы «Жәннатул Бақида» жерленген саңлақ сахабалардың сәулетті сағаналары уаххабилік идеология күшіне енген ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін бой түзеп тұрды.

Имам Әбу Ханифа негізін қалаған ханафи мазхабы ғалымдарының пәтуасы бойынша қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, белгі қойып, жазу жазуға рұқсат етіледі. Ал күмбезді құрылыс салуға ханафи ғалымдары тыйым салмаған, бірақ оны «тахриман (харамға жақын) мәкруһ» санатына қосқан.

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғанын байқаймыз. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздарының қабіріне ғана еңселі ғимарат орнатқан аталарымыз ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын сән-салтанатсыз қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған. Көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылған. Қазір де ел ішіндегі есті азаматтар бақилық болған жақындарына төрт құлақ бейіт тұрғызумен шектелуді жөн санайды. Қарапайым адамдардың қабірінің қоршауын қам кесектен тұрғызудың да өз қажеттілігі бар. Уақыт өтіп, марқұмның сүйегі қурап кеткен кезде қабір қоршауы да үгітіліп, жер молаға айналып жатса, одан жаңа жерленген мәйітке келгендей залал келе қоймайды.

Дегенмен, «заманына қарай – амалы» демекші, қазір қабірді темір қоршаумен қоршап, жазулы құлпытас орнату үрдісі кең тарап отыр. Өз әдебінен аспаса, мұндай үрдістердің де жерлеу әдебіне, мазар мәдениетіне қайшылығы жоқ.

Рас, өкінішке орай, ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениеті мен қабірстанның қастерлі қағидаларын ескерусіз қалдырып, қабір басына салтанатты құрылыс салуды мақтан көретіндер де көбейіп барады. Бірақ бұл даурықтыратындай дауасыз дерт емес, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен, имамдарымыздың уағыз-насихатымен орны толатын олқылық.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.