Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұлттық ойындар (І)

0 1  336

Әрбір халықты алып қарасақ, өзінің табиғаты мен болмысына сай ұлттық ойындары бар. Мәселен, қазақ халқында  ежелден  келе  жатқан  «Бәйге»,  «Көкпар», «Алтын  сақа»,  «Тоғызқұмалақ»,  «Асық  ойыны», «Ине, жіп және түйіншек», «Қызыл ту», «Теңге ілу» т.б.  ұлттық  ойындары  еске  оралады.

Ұлттық  ойын дегеніміз  –  баланың  ақыл-ойын  дамытып,  көңіл көкжиегін кеңейтіп, дүние танымын қалыптастыратын тәрбие құралы. «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді ұлттық ойындардың түп мазмұнында осындай тәрбиелік мән жатыр.

Шынында, адамның тәні мен рухани дүниесіне пайдасы көп спорт түрлерінен қазақ халқы кенде болмаған.

Әсіресе, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылатын күш-қуатты,  біліктілікті,  ептілікті  шыңдайтын  спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық сана негізінде дамытып, сүннетпен бекітіп, ғасырдан-ғасырға жеткізген.

 Әбу  Һурайрадан  (р.а.)  жеткен  риуаятта  Алланың елшісі  (оған  Алланың  салауаты  мен  сәлемі  болсын) былай деген:

«Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі  қайырлы  әрі  сүйікті.  Алайда  әрқайсысында  да қайырлылық бар». Мүслім риуаят еткен.

Алланың  Елшісі  (оған  Алланың  салауаты  мен сәлемі болсын):

«Әкенің баланың алдындағы міндеті: жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі

жақсы етіп тәрбиелеу»,  – деген. Бәйһақи риуаят еткен.

Басқа риуаятта Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Балаларыңа жүзуді, садақ атуды, ал әйел баласына тоқуды үйретіңдер», – деген. Бәйһақи риуаят еткен.

Әділетті  халифа  Омар  (р.а.)  Шам  еліне  жазған хатында:

«Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер»,  – деген. Ас-Сиюти  жеткізген.  Міне,  осыдан  анық  білеміз:  егер ойындар  ақыл-ойды  дамытып,  денеге  күш-жігер сыйлайтын болса, оның дінге қайшылығы жоқ.

Абай  Құнанбайұлы,  Шоқан  Уәлиханов,  Ыбырай Алтынсарин  сынды  қазақтың  белгілі  ағартушылары ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні жоғары екенін айтып өткен.

Ұлттық  ойындар  өскелең  ұрпақты  үйлесiмдi тәрбиелеудiң  ажырамас  бөлiгi  болып  табылады.

Халық арасында «Денсаулық – зор байлық» деп тегін айтылмаған.  Ұлттық  ойындарды  көп  ойнап,  жүгіріп, далада, таза ауада жүру – адам ағзасының дұрыс әрі сергек өсуінің кепілі. Сонымен қатар, ұлттық ойын барысында балалар көпшіл, Отанның болашақ азаматы болуға, халқына адал қызмет етуге бейімделеді.

Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы М.Жұмабаев ұлттық  ойындарды  «халық  мәдениетінің  бастау  алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене  шынықтыру  тәрбиесінің  негізгі  элементі»  деп тұжырымдаған.

Ұлттық ойындар – халық тәрбиесінің дәстүрлі  табиғатының  жалғасы.  Ежелден  дәстүрлі ойындар халықтың өмір сүру әдісін, тұрмыс-тіршілік еңбегін,  ұлттық  дәстүрлерін,  батырлық-батылдық туралы түсінігін дәріптеп қоймай, адалдыққа, күштілікке ұмтылуға, шыдамдылыққа т.б. құндылықтарға тәрбиелеген. Бірнешеуін мысалға келтірейік:

Мәселен, асық ойнау  – қазақ халқының дәстүрлі ойындарының  бірі.  Аталмыш  ойын  әсіресе  балалар арасында кең тараған. Асық – ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа,  сергектікке  баулитын  тәрбиенің  көзі.

Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды.

Асық – төрт түлік мал мен аңдардың тілерсегінде болатын, бітісі бөлек, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Ешкі, қой, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне  қарамастан  сыртқы  формасы бір пішіндес, мүсіндес зат. Жылқы асығы бұларға ұқсамайды, басқа пішінде болады. Қасқыр асығы да басқа.

Ойын аттары  – «Ханталапай», «Хан атпақ», «Хан жақсы  ма?»,  «Ханды  қара  басты»,  «Хан  мен  уәзір», «Үйірмекіл»,  «Сасыр»,  «Атпақыл»,  «Қақпақыл», «Үштабан», «Омпы», «Алтыатар», «Шықетер», «Тисінқабат», «Табан», «Төрт асық», «Бес асық» тағы басқа түрлері қазақ даласына кең тараған.

Асық ойыны тек көңіл ашу, құмарлық ойыны ғана емес.  Бейне  шахмат  ойынының  төркініндегі  әскери стратегия  сияқты.  Бұл  да  халқымыздың  ел  болуы мен  Тәуелсіздігі  жолындағы  ішкі-сыртқы  қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туған.

 Ұлттың ілкідегі елдік ішкі кемелін, ірге бекітуін, хан мен қараша арасындағы бірлік  пен  байланысты  нығайтуды  ойлауы  арыдан жалғасын тауып келген ұлттық негіздің ойын түріндегі көрінісі.

Жалпы ұлттық ойын түрлерінің астарында игілікке айналған  істің,  оқиғаның,  негіздің  болатыны  даусыз.

Ол тағы уақыт өте келе сөзсіз дәстүр түрінде істелетін салттық іске не ойнайтын ұлттық ойынға айналып, жалпы ұлттық өң алып, халықпен бірге жасайды. Немесе ол оқиғаны ұлттың күллі азаматтары, жастары, балаларына дейін білетін болады. Оның кейін неге ойынға айналу себебін де біледі (білдіріледі), түсінеді. Түсінгесін тұтынады.  Тұтынғасын  олар  өздерінің  дәстүрі  етіп жалғастырады.

Асықтың  сипаттарына  келсек, сақа  –  патша, асықтың патшасы деген мәнді берсе, алшы сөзі – бағы асқан хандық мерейді білдіреді.

Тәйке – уәзір, ханның орынбасары деген мәнді берсе, бүге – бүк түсу, бүгілу, бағыну, міндет атқару деген мазмұндарды беру арқылы жалпы  әскерлік  түсті  білдіреді.

Тұрық  –  тұру,  тақ, тақта тұру, тірек, тіреу, тұғыр, тұрақ мәндерді өз ішіне алу арқылы орнында отырған ханды, оған тұрақ болар мекен мен ел-халықты меңзесе, жаттық – түзулік, тыныштық, жайлылық мәнін білдіріп, тұрақпен үндесіп тұр.

Оңқай мен солақайды – оң қанат, сол қанат әскери жүйе деп ұққан еш қате тудырмайды.

Демек, бір асықтың алты жағына қойылған аттың өзі  патша-ханмен,  ол  басқаратын  әскермен,  мекенмен, халықпен үндесіп жатуы қазақ асық ойынының жай  ғана  балалар  ойнайтын  ойын  түрі  емес  екенін, құмарлық ойыны тіпті де емес екенін, керісінше, тұнып тұрған елдік, әскери стратегия екенін білеміз. Асық ой-ыны жайлы:«Қой асығы демегін,Қолға жақса сақа (хан) ғой. Жасы кіші демегін, Ақылы асса аға (патша) ғой!» – деген өлең жолдарынан да анық байқаймыз.

Бірақ кейін заман өте келе асық ойынындағы елдік қорғанысқа  құрылған  мазмұндар  ұрпақ  алмасудан, жалаң ойындық, тіпті кейде құмарлық түс алған.

Оның осы құмарлық жағы дендей бастағанда бабаларымыз ұрпағына ескертіп:

«Асық ойнаған азады,

Тобық ойнаған тозады.

Бәрінен де қой бағып,

Құйрық жеген озады!» – деп жас өскінді құмардан қайтарып, адал еңбекке шақырып отырған.

Асық  ойынының  дінімізге  еш қарсылығы  жоқ, ол құмарлық ниетінен туындамайды. Құран тек қана құмар ойынға қарсы.

Бұл туралы Құран былай дейді:

«Уа, иман келтіргендер! Расында мас қылатын ішімдіктер, құмар ойындар, тас пұттары мен пал ашатын жебелер шайтанның лас іс-әрекеттерінен болып  табылады.  Одан  аулақ  болыңдар,  мүмкін сендер құтыларсыңдар» («Мәида» сүресі, 90-аят).

«Дін мен дәстүр» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.