Әдеп – адамзаттың тұла бойындағы керемет қасиеттің бәріне қатысты ауқымды тақырып. Қалайша күн сәулесі тонған адамға жылулық сыйлаған болса, әдепті адам да айналасындағы адамдардың көңіліне жылулық сыйлайды.
Қазақ халқы мағынасы терең ойды осы төрт әріптен тұратын сөзге сыйғыза білген. Ұрпақ тәрбиесінде әдептің орны бір төбе. Әдеп ар қастерлі сөздер. Осы ретте данышпан дана Абай бабамыздың:
Пайда ойлама ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге, – дейтін өлеңі еске еріксіз түседі.
Дінімізде әдеп мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Тіпті, Құранда дәріптелетін құндылықтардың бірі де –әдеп. Айталық, Алла Тағала “Қалам” сүресінің 4-аятында:
وَإِنَّكَ لَعَلَىٰ خُلُقٍ عَظِيمٍ
“(Мұхаммед Ғ.С.) Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің” деу арқылы адам баласының ең ардақтысының сипаты көркем мінез, сұлу әдеп екенін тілге тиек етеді. Шынтуайтында әдептің өзі көркем мінезден туындайды.
Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадистердің бірінде Хазірет пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мынандай дұғасы баяндалады:
اللَّهُمَّ كَمَا حَسَّنْتَ خَلْقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي
«Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» (Ахмад хадистер жинағы). Демек, Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бұл дұғасы адамзат өміріне маңызды болғандықтан. Шын мәнінде әдеп адамның ұлтына, дініне, жеріне қатысы жоқ, адамзаттың бәріне ұнатын бейтарап құндылық.
Хазіреті Әли (Ол кісіге Алла разы болсын!): “Әдептің қаншалықты маңызды екенін білсеңіздер?! Алладан рызық сұраған орында әдеп сұрайтын едіғіздер” – деп өсиет қалдырады.
Салт- дәстүрімізде де баланың тәрбиесіне жалпы айтқанда әдебіне өте мән берген. Сол себептен де : “Әдепті бала – арлы бала, Әдепсіз бала – сорлы бала”, – деп сөзді қысқа қайырған.
Адамның ішкі жан дүниесінің қандай екеннін оның әдебі көрсетеді. Пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жеткен бір хадисте ” сендердің ең жақсыларың мінезі жақсы болғандарың” – деді. Мінезі жақсы – әдебі жақсы дегені. Халық арасында: “Ортаға білімінмен емес, мінезімен сиасың”- деген сөз бекер айтылмаған.
Бұл дүниедегі нәрселер қаншалықты көбейген сайын арзандай бастайды. Ал, әдеп артқан сайын мәртебесі жоғарлай беретін құндылық.
Әдепсіздік белең алған соң ба: “әдептен жұрдай екен”- деген сөзді жиі естіп жатамыз. Бұл біздің қоғамның артқа кері кетіп бара жатқанның белгісі емес па?! Бұған жол бермес үшін әуелі өзімізден кейін ұрпақтарымызға жақсы тәрбие, әдеп үйретейік.
Руслан Байзақов
“Сәдуақас қажы Ғылмани” мешітінің бас имамы