Ахмет Байтұрсынұлы жайлы Алаш ардақтыларының ой-пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.
Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ.
– Ә. Бөкейхан
Қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп, қазақ мектебін бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан патша миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті.
– Т.Шонанұлы
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін – өнер-білім, сол өнер-білімге үйреніспек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік.
– Ж.Аймауымұлы
Біздің Ахаң қазақ тілін қалпына келтіруші, әрі ақын, әрі ғалым зерделі жан еді.
– Ә.Ермеков
“Қазақ” газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан меткепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш.
– М.Әуезов
Ахаң жоқта, біздегі әдебиет теориясы – басы жоқ кеуде секілді еді. Ал, басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік…
– З. Қабдолов
Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жанар болады. Ахмет Байтұрсынұлы – сондай адамдар қатарындағы ұлағатты ғалым.
– Т.Шонанұлы
“Алаш айтқан асыл сөз” кітабынан
sunna.kz