Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

БАС МҮФТИ ДІН МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

0 3  040

Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен кездесу өткізді.

Кездесу барысында діни қызмет саласындағы заңнама нормаларын тұрғындар арасында түсіндіру және діни радикализмге қарсы бірлескен жұмысты жандандыруға қатысты уәкілетті орган мен ҚМДБ арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Нұрлан Ермекбаев радикалды діни ағымды ұстанушылармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің жаңа механизмін жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.

«Теріс діни ағымдар қызметіне тосқауыл қою – дін саласындағы саясатымыздың маңызды бағыты. Елбасы айтқандай, біз кез-келген діни радикализмге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруымыз керек. Бұл үлкен жауапкершілік арттырады», – деді министр.

Сонымен қатар, кездесуде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім аясында бірлескен жұмыстың жалғасын табатындығы айтылды.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, имамдарды даярлау деңгейін көтеру, діни ғимараттардың құрылысын салуда және кадрлық саясатта жүйелі және ойластырылған жұмыстың қажеттігі аталды.

Кездесу қорытындысында тараптар еліміздегі діни тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы жұмыстарды жандандыруда бірлескен іс-қимылдың ерекше маңызды екенін атады.

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.