Ғұламаларға тіл тигізу мен сынап-мінеудің харамдығы
Ғұламаларға тіл тигізу мен сынап-мінеудің харамдығы
Осы ғалымсымақтардың пəтуа беруге, үкім шығаруға бұл істің маманы болмаса да белсене араласа бастады. Ғалымдарға тіл тигізуге де батылы жетіп жүр. Себебі, алған білімдері аз бола тұра салыстырмалы фиқһ жəне пəтуа мəселелеріне батыл кірісіп, пəтуа беру секілді мəртебелі іске жылдам қол жеткізулерінің салдарынан өздеріне қарсы шыққанның мысын басуға күш салады.
Соңында мазаққа айналдырып, «надан» деген айдар тағып, көптеген қарапайым халық ғалымдардың қателігін айтып, арына тіл тигізуге себеп болды.
Шектен шығушылардың бұл əрекеттері ислам əдебіне сай келмейтін, жағымсыз қылықтар болып табылады. Мұны ғалымдарға қолдануға шарғи тұрғыдан қалайша рұқсат бола қойсын?!
Кез-келген кісінің лайықты ғылыми деңгейі болса қандай-да бір көзқараста немесе ижтиһади мəселеде бір ғалыммен яки уағызшымен келіспеуінде шариғи тұрғыдан күнə жоқ. Алайда, көзқараспен келіспеуді аталмыш ғылымның мəртебесін төмендетуге, қадірін кетіруге, келеке етуге, əдепсіздік жасауға айналмау керек. Бұл дегеніміз шариғи тұрғыдан үлкен күнə болады.
Кейбіреулер əлгі ғалымның берген пəтуасының себебін толық зерттемегендіктен ғалымға қарсы шығуы мүмкін. Яғни, ғалымның аузынан немесе кітабынан бірнеше ықтималды білдіретін «мужмал» сөзді естуі яки оқуы мүмкін. Осы «мужмал» сөздің неге негізделіп тұрғанын білмейді. Сондай-ақ, бұны ғалымдардың бірінен сұрайын, түсініктемелерін оқиын деген ой қаперінде болмайды. Керісінше, естіп алған нəрсені дереу жүзеге асыруға асығып, адамдардың арасына кіріп аталмыш пəтуаның үлкен қателік екендігін, үлкен күнə екендігін жар салып таратуға күш салады.
Бір шайыр бұлар жайында былай деген екен: «Біздің ойымызша бұл шариғи тұрғыдан дұрыс емес», – деп айтады. «Біздің ойымызша»,– деп айтатындай сендер кім едіңдер?!». Сөйтіп, сабаздар бұл істің қауіпті іс екендігіне немқұрайлылық танытып, алуан түрлі айыптауларға, бидғат жасауға, билікті жақтап шығуға белді буып килігеді. Негізінде терең ойлап қарасақ шариғатта мұның мүлдем негізі жоқ немесе мүлдем дұрыс іс емес екеніне көзің жетеді. Алайда қарсылық танытып жүрген сабаздың ойына бұл кіріпшықпайды да. Мұндай іске қазіргі таңда біз көп зардабын көріп жүрген ғалымсымақтар ғана кіріседі. Егер бұл арлы ғалым болса, аталмыш іске кіріспес еді. Себебі, ғалым кісі, өзінің ғалым бауырының ақысын, қадірін біледі. Жəне ғылыми мəселедегі түрлі көзқарастарға негіз болған мəселелерге қалай ғылыми түрде жауап беру керек екендігін, ғылыми пікірталастың қандай негіздерде, деңгейлерде болу керектігін жақсы біледі деп ойлаймыз.
Имам əз-Заһаби (Алла оны рақымына бөлесін) Мұхаммед ибн Наср əл-Маруазидің469 өмірбаянына қатысты жазған еңбегінде былай дейді:
«Егер біз қандай да бір имамның, ғалымның қателігіне бола тырнақ астынан кір іздеп, соған бола оған қарсы шықсақ, бидғатшы деп айыптасақ, оны тəрік етсек, онда Ибн Наср мен Ибн Мандаһ секілді, тіпті бұл екеуінен үлкен ғалымдар да мұндай айыптаулардың құтыла алмас еді. Ақиқатқа барша адамды жетелейтін – бір Алла ғана. Ол – рақымдылардың ең рақымдысы. Нəпсіге еруден жəне тұрпайылықтан, дөрекіліктен Аллаға сыйынамыз».
Имам əз-Заһаби (Алла оны рақымына бөлесін) Əбу Камил əлБасридың былай деген риуаятын келтіреді: «Мен кейбір шейхтарымнан мынадай бір оқиғаны өз құлағыммен естідім. Біз Əбу Ханабтың хадис мəжілісінде отырған едік. Ол бізге үш халифаның артықшылықтарына, асыл қасиеттеріне байланысты хадистерді жаздырғаннан кейін əзірет Əлидің артықшылықтарына қатысты хадистерді жаздырып жатқан болатын. Дəл сол уақытта Əбу Фадл əс-Сүлеймани орнынан атып тұрып: «Уа, адамдар! Мына адам Дəжжалдың тап өзі. Бұдан хадис жазбаңдар!» – деп айқай салды. Артынша мəжілісті тастап шығып кетті». Себебі, ол бұған дейін айтылып кеткен үш халифаға қатысты хадистерді естімеген еді. Имам əз-Заһаби бұл қиссаға мынадай түсініктеме берген: «Бұл қисса əс-Сүлейманидің қаттылығын, қызбалығын көрсетеді. Алла оны кешірсін».
Ғалымдар бірауыздан ілімсіз адам мен ижтиһад жасауға қабілеті болса да ижтиһад дəрежесіне жетпеген ғалымдардың «тақлид» етуі керектігін құптаған. Ең бастысы мəзһабтың мұжтаһид имамына еріп, оның пəтуасымен, үкімімен жүргеннен кейін, өзара шарғи мəселелерде дауласудың қажеті жоқ. Олай болса, бір ғылымды толық игермеген ғалымсымақтардың беделді ғалымдарға қарсы шығулары қалайша дұрыс бола қойсын?!
Бұл жерде имам əз-Заһабидың сөзінен артық сөз айтуымыздың қажеті жоқ шығар. Ол кейбір сауатсыз надандардың имам Ахмад ибн Ханбалды мұхаддис, алайда фақиһ емес дегендеріне жауап ретінде былай дейді: «Өзінің дəрежесін білмейтін сауатсыз надан, өзгенің дəрежесін қалайша білесін?!».
Демек осындай ғалымсымақтарға арналар сөздің мазмұны былай болуы қажет: «Əуелі өзіңнің деңгейіңді біл! Шамаң жететін мəселеге ғана аралас! Себебі, кісінің білім деңгейі, алған ғылымының үлесімен өлшенеді. Ақиқатты мойындамауға, адамдарды менсінбеуге жетелейтін тəкаппарлықтан аулақ бол! Ислами орталарда кейінгі кездері жиі орын алатын ғылыми сипаттан іргесі алыс талас-тартыстан аулақ болған жөн. Имам əл-Ғазалидің төмендегі мына сөзі қандай ғибратты, қалай дəл айтылған десеңізші!
«Білмейтін кісі жағын ашпаса, талас-тартыс тоқтар еді». Сөзімізді əйгілі имамдарымыздың бірінің сөзімен тəмамдауды жөн көріп отырмыз. Ол кісілер ғалымдарға тіл тигізіп, мəртебесін түсіріп,жаман атты қылудың соңы немен аяқталатынын тамаша ескертіп кеткен. Белгілі ғалым – Хафиз Əбул-Қасым ибн Асакир (Алла оны рақымына бөлесін) өзінің танымал еңбектерінің бірі «Тəбиину Кəзибил-Муфтаридің» кіріспесінде былай дейді: «Уа, бауырым!
Мына нəрсені біліп ал! Алла Тағала саған да, маған да разылығына сай жетістік нəсіп етсін! Бізді лайықты түрде сақтанатын, лайықты түрде қорқатын құлдарының қатарынан етсін! Ғалымдардың еті улы болады, əрі Алла Тағаланың ғалымдарға тіл тигізіп, кемсіткендердің абыройын қалай төгетіндігі де белгілі. Кімде-кім ғалымдарды даттайтын сөз айтар болса, көзі тірісінде-ақ Алла Тағала оның жүрегін (жүрегі езілетіндей) өлтіретін бəле береді». (Имам ибн Асакир «Тəбин кəзибил – муфтари», кітабы, 29-бет).
материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды,
sunna.kz