Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Істердің маңыздысы

0 884

Абай хакім өзінің «Екінші қара сөзінде» бала күнінде ел арасында айтылатын көршілес халықтар туралы айлыған әңгімелердің есейгенегі анық-қанығы жайлы сөз қозғап, ел арасындағы еңбексіз, өнерсіздікті сынға алады. Көрші халықтар хақындағы келемеж сөздердің бос сөз екенін тілге тиек етеді.

Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 11-, 12-аяттарында Алла Тағала күллі адам баласына былай дейді:

«Ей, иман келтіргендер! Бір адамдар басқа бір адамдарды келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бірірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман?! Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында ойлардың кейбірі күнә. Бір-бірлдеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді».

Абай атамыз айтылмыш сөздерге басында сеніп, өз халқымызда ондай қателіктер жоқ екен деп ойлап қалғанын, кейіннен олардың да қазаққа үлгі боларлық артықшылықтары бар екенін сөз ете келіп, «Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері» дейді.

Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәи қатарлы хадис ғұламалары жеткізген хадистердің бірінде былай баяндалады:

Күндердің бірінде Расулулла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сахабаларынан: «Ғайбаттың не екендігін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Алла мен Оның елшісі білер», – деседі. Сонда Алланың елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Ол – бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде еске алып айтуың», – дейді. Бір сахаба: «Ал сондай сипат оның бойында болса ше?» – деп сұрайды. Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың», – деп жауап береді.

Абай атамыз да аят-хадистерде айтылғандай, халықты ұнамсыз қылықтардан қайтарады. Сүйте отыра бір халықтың жаманшылығын көргенше, өнеге аларлық жақсылығын бағалауға, үйренуге үндейді. Өз мінін түзетіп, ғылым-білімнен үлгі болуға нұсқайды.

Бұл жерде Абай өз оқырманына бөгде біреу туралы сөз айтқанда таразы басы тең боларлық пікір ұсануға меңзейді. Осыны жете білген Шәкәрім атамыз да басқаның мінін көргеннен көрі, өзінің тұлғалық қасиетін дамытуға насихаттап былай дейді:

Басқаның мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойынды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше!

Шындығында да, Абай атамыз бұл жерде істердің маңыздысына назар аудартып, оқырманын өзін жетілдіруге бағыттайды. Басқаны кемсітуден көрі, өзін түзетуге, басқаны менсінбеуден көрі, озық өнегесін игеруге жол нұсқайды.

Руслан Байзақов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.