Аса қамқор ерекше мейрімді Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтау мадақтар болсын! Оның Елшісі Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адам баласының бойында мінез-құлықбар ал сол мінез-құлықты көркем ету үшін бізге үлкен сабырлық керек. Дінімізде сабырлық жайында Алла Тағала Құранның көптеген жерінде , Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде бізге ескертіп кеткен.
Сабырлылық көркем мінез-құлықтың негізгі бөлігі, иманның жартысы, сонымен қатар, бақыт пен қуаныштың асыл кілті болып саналмақ. Ол – пендені жәннат нығметтеріне кенелтетін ұлық ерекшелік.
Сабыр – ұнамайтын әрі жаныңды ауыртатын оқиғалар кезінде тепе-теңдікті ұстау арқылы тыныштыққа кенелу, Жаратқанға бас июдеген сөз.
Әнбиелер мен әулиелер (Пайғамбарлар мен уәли пенделер) сабырлылық жағынан да өнеге боларлық теңдессіз мысалдар көрсетіп, Алланың жәрдеміне қол жеткізген. Сондықтан да, сабырлылық тұрғысынан олардан үлгі-өнеге алуымыз керек.
Сабырдың дүниелік жағы қиыншылық, ал ақыреттік жағы өте жарқын. Сабыр ете отырып, қиналған пенделер мәңгілік әлем болып саналатын жұмақ пен Алланың ризалығына қауышатын болады. Әрдайым, әрбір істе Алланың бұйрықтары мен тыйымдарындағы нығмет, хикмет (мән-жай) және иләһи сауаптар жайында ойлану – сабыр етуді жеңілтеді.
Сабырдың алғашқы шарты – қандай да бір қайғылы жағдайға ұшыраған уақытта, тура сол алғашқы кезде сабырлы болу. Дәл уақытында танытпаған сабырдың айтарлықтай сауабы да болмайды.
Сабыр бүкіл жақсылық қасиеттерді қамтығаны үшін оның дініміздегі маңызы зор. Құран Кәрімнің жетпістен астам жерінде сабыр жайлы сөз етілген. Қасиетті аяттарда Расулуллаға (саллАллаһуаләйһиуәсәлләм) және ол арқылы бүткіл үмбетке сабырлылық былайша бұйырылған:
«Ей, иманкелтіргендер! Сабырменен және намаз оқуарқылы Алладан жәрдем тілеңдер!..» («Бақара» сүресі, 153-аят).
«Ей, иман келтіргендер! Сабыр етіңдер, тұрақтылық танытыңдар, дайын әрі мұқият болыңдар; Алладан қорқыңдар, сонда табысқа жетесіңдер» («Әли Имран» сүресі, 200-аят). Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (саллАллаһуаләйһиуәсәлләм) Алла Тағаланың былай дегенін жеткізген:
«Дүниеде жақсы көрген бір досын алып қойғанымда (сабырлылық танытып), сауабын Алладан күтетін мүмин пендемнің құзырымдағы ақысы – жәннат болмақ» (Бұхари, Риқақ 6).Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі соңына дейін керемет сабырлылыққа мысал боларлық оқиғаларға толы.
Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын)жастық шағынан бастап, дүние салғанына дейін көптеген қиыншылықтарға тап болған, әр түрлі қайғыларды басынан өткерген. Әлі дүниеге келмей тұрып әкесін, алты жасында анасын, сегіз жасында атасын, пайғамбарлығының оныншы жылында өзін қорғаштап жүретін көкесі Әбу Талибті, содан үш күн өте дінді тарату жолындағы ең жақсы көретін әйелі Бибі Хадишаны (радиАллаһуанһа), Ухуд соғысында шейіттердің мырзасы болған Хазірет Хамзаны (радиАллаһуанһу) өзінің жеті баласының алтауын және де көптеген немерелерін бір-бірден Аллаға табыстады.
Иә, олардың кейбіреулері жас шағында, ал кей біреулері бір аз есейген шағында қайтыс болды. Сонымен қатар, қатты жақсы көретін сахабаларының көбісін өз қолымен қабірге қойды. Көптеген қиыншылықтарға, балағат сөздерге, жала жабушыларға, аштық пен жоқшылыққа тап болды. Соғыстарда жараланды, азапты дерттерге де душар болды. Алайда, бұл айтқандарымыздың ешқайсысы да оның беріктігін, тепе-теңдігі мен тұрақтылығын жоя алған жоқ.
Ол үнемі өзінің сабырлылығымен өзгеге үлгі-өнеге бола білді. Сондықтан Пайғамбарымыз көрсеткен тура жолмен жүріп , Алла өзінің кітабы Құранда айтқандай , «Алла сабыр етушілерді сүйеді» дейді.
Ендеше, Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді көркем түрде сабыр етуді нәсіп еткей .
Рүстем Рахымберді
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы
sunna.kz