Бас мүфти бүлдіршінге алғашқы медициналық көмек көрсеткен дәрігерге алғыс білдірді
Бас мүфти бүлдіршінге алғашқы медициналық көмек көрсеткен дәрігерге алғыс білдірді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы лифтте зардап шеккен 5 жастағы бүлдіршінге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ерлік танытқан Астанадағы №1 қалалық аурухананың дәрігері, хирург-эндоскопист Жандос Ахнаевқа алғыс білдіріп, батасын берді.
Кездесуде Бас мүфти: «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде адамдардың ең абзалы айналасына пайдалы болған пенде екенін айтқан. Сіз халқымыздың денсаулығын нығайтып, ауыр жарақат алған жандардың өмірін сақтап қалуда ыждағатты еңбек етіп келесіз. Алла Тағала игі ісіңізге береке мен мол сауаптар жазғай. Деніңізге саулық, жұмысыңызға сәттіліктер тілеймін. Алла Тағала сізге және отбасыңызға екі дүние бақытын нәсіп етсін. Әмин!» деді.
Жандос Ахнаев әңгіме барысында: «Маған көршім хабарласып, баланың бетінен қан атқылап жатқанын айтты. Мен хирург-дәрігер болғандықтан алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Қанды тоқтатып, жедел жәрдем келгенше баланың жағдайын қалыпты жағдайда ұстап тұрдық», – деп атап өтті.
Айта кетсек, Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінің лифтінде 14 жастағы жасөспірім 5 жастағы баланың бетін пышақпен тілгілеп тастаған еді. Дәрігерлер зардап шеккен балаға ота жасады. Қазір баланың жағдайы қалыпты.