Өткен аптаның қасиетті жұма күні Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында жаңа мешіт ашылды.
Атап айтқанда, Теректі ауылындағы мешіт құрылысы халықтың бастамасы арқылы кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтеріп, ресми тіркеуден өтті. Салтанатты рәсімге облыс бас имамы Самат Қанатқалиұлы және ауданның құрметті азаматтары, ақсақалдар мен әжелер, ауыл жамағаты қатысты. Мешіт салу ісіне белсенді қатысқан бірқатар азаматтарға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан «Алғыс хаттар» табыс етілді. Самат Қанатқалиұлы жиналған көпшілікпен жұма намазын оқып, еліміздің және жеріміздің амандығы үшін дұға жасады.
Сондай-ақ ауданның бас имамы Амантай Қуанышбайұлына «Ел үлесі –пәтерге» қайырымдылық жобасы аясындағы 806-баспана кілті қызметтік пәтер ретінде табысталды. Игі шара соңында ақ дастархан жайылып, ақ баталар берілді. Осылайша ауыл халқы жаңа мешітін жарқын көңіл күймен қарсы алып, ізгі тілектерін жолдап жатты.
Айта кетейік, құлшылық үйінде ерлерге арналған негізгі намаз оқу залы, әйелдерге арналған намаз оқу бөлмесі және имам бөлмесі бар. Сәулетінің өзгешелігімен ерекшеленген мешіт 130 адамға арналған. Ауласында имамға арналған 2 бөлмелі қызметтік үй қарастырылған.