Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, сәлем жолдаудың маңызы

0 1  295

«Салауат» сөзі «истиғфар, кешірім, дұға, бе- реке, мадақ, намаз» деген мағыналарды береді. Аллаға қатысты айтылса – Алланың рақымын тілеу, періштелерге қатысты айтылса – Жаратушы иенің Пайғамбарымызға кешірімін, мейірім тілеу, ал адамдарға қатысты айтылса – дұға сұрау болып келеді.«Сәлем» – Ұлы Рахманның амандығы, тыныштығы саған жаусын деген сөз. Көркем есімдерінің бірі де – Сәлем. «Бағыну, бейбітшілік» деген мағыналары да бар. Осыған қатысты: «Алла пайғамбарына рақым жасап абыройын жоғарылатады, дәрежесін көтереді. Періштелер де соны қалап дұға етеді. Уа, мұсылмандар, сендер де расулаллаға салауат айтыңдар, сәлем жолдаңдар» («Аһзаб» сүресі, 56) делінген. Бұл аят хазірет Пайғамбарға (с.а.с.) жиі салауат айтудың әрбір мұсылман пендеге міндет екенін айқындай түседі.

«Менің атым аталған жерде салауат айтпаған адам оңбай кетсін » (Тирмизи, Дағуат 110), «Айт күніндегідей қабірімнің басына жиналып, қабірімді той немесе арнайы рәсімдер өткізілетін орынға айналдырмаңдар, керісінше, маған арнап салауат айтыңдар. Қай жерде болсаңдар да айтқан салауаттарың маған жетеді» (Әбу Дәуіт, Манасик), «Қиямет күні маған ең жақындарың ең көп салауат айтқандарың» (Тирмизи, Саләт 327), «Нағыз сараң – атым аталған кезде маған салауат айтпағанадам» (Тирмизи, Дағуат 110.) , «Шынында, апта ішіндегі ең қайырлы (сауапты) күндерің жұма күні. Сол күні маған көптеп салауат айтыңдар, өйткені айтқан салауаттарың маған арнайы (періштелер тарабынан) жеткізіледі – дегенде, сахабалар: «Алланың елшісі, Сіздің денеңіз бұзылып, топыраққа сіңгеннен кейін айтқан салауаттарымыз Сізге қалай жетпек?» – деп сұрады. Сонда ол: «Расында, Алла Тағала пайғамбарлардың денесін жерге харам қылды (топырақ шіріте алмайды)» (Әбу Дәуіт, Саләт 201) – деген сынды хадистерді біліп өскен мұсылман баласы ғаламның рақым нұрының (с.а.с.) аты аталғанда сағынышымен, ыстық ықыласымен қалай ғана салауат жолдамасын?!

Ислам ғұламаларының айтуынша, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аты аталғанда мұсылман адамға өмірінде бір рет салауат айту парыз, оқығанда, жазғанда, айтқанда, естігенде, бұлардың біріншісінде салауат айту уәжіп, қайталағанда айту сүннет (Раддул-Мухтар.). Сонымен қатар, қаза намазда әт-тәхияттан кейін, азан айтылғанда, жұма күні, мешітке кіргенде, жаназа намазында, қабірді зиярат еткенде салауат пен сәлем айтудың да сауабы мол. Ал салауатты мүлдем айтпау ақиретте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шапағатынан мақұрым қалуға себеп болады.

Расулаллаға (с.а.с.) айтар салауат Алла Тағаланың алдындағы дәрежесін арттыру үшін айтылатын дұға. Анығында ол, біздің дұғамызға ешқашан мұқтаж емес. Пайғамбарымызға деген құрметіміз Алла Тағаланың мейіріміне бөленуімізге себеп болады. Оған салауат айта отырып өз дәрежемізді биіктете түсеміз, өйткені өзіміз үшін жасалған дұғаға қарағанда салауаттың қабыл болу ықтималдығы анағұрлым жоғары. Тағы бір сүйіншісі сол: Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге шапағат етеді.

Пайғамбарымызға салауат үмбеттің айтқан алғысы іспеттес. Тағдырдың талайына төтеп беріп, адамзат баласының қараңғы көгіне күн болып шығып, үмбетіне деген шексіз сүйіспеншілігін жұдырықтай жүрегіне сыйғызған сүйікті Елшіге екі ауыз сөз салауат айту барша мұсылманның Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген құрметін көрсетсе керек.

Салауат айтудың түрлері көп, алайда жиі айтылатыны: «Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уа ала али Мұхаммадин» және «Саллаллаһу алайһи уә сәлләм». Тағы бір хадисте «Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Сізге салауатты қалай айтсақ дұрыс болады?» – деп сұрады. Сонда ол: «Аллаһуммә салли алә Мұхаммәдин уә алә әзуәжиһи уә алә зурриятиһи кәмә салләйтә алә Ибраһимә, уә бәрик алә Мұхаммәдин уә алә әзуәжиһи уә алә зурриятиһи кәмә бәрактә алә Ибраһимә, иннәкә Хамидун Мәжид» (Уа, Алла Тағалам! Ибраһимге салауат еткеніңдей Мұхаммедке және оның жұбайлары мен ұрпағына да салауат еткейсің. Сондай-ақ, Ибраһимге берекет бергеніңдей, Мұхаммедке және оның жұбайлары мен ұрпағына да берекет бергейсің. Шын мәнінде, Сен әр алуан мақтау мен мадаққа лайықсың әрі Ұлысың!), – деп айтыңдар», – деген (Бұхари, Дағуат 33; Мүслим, саләт 69) .

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

sunna.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.