Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

АСТАНА ӘКІМІ НАИБ МҮФТИДІ МАРАПАТТАДЫ

0 2  152

Астана әкімі «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамына құттықтау хат тапсырды, деп хабарлайды  ummet.kz порталы.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Наурызбай қажы Тағанұлының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары және республикалық «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалуымен құттықтап, арнайы хат тапсырды.

«Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы! Сізді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары – Наиб мүфти және Орта Азиядағы зәулім мешіт болып саналатын «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы лауазымына тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Өзіңізге берілген бұл мәртебелі міндет ұзақ жылдар бойы елдегі діни ахуалды жақсарту, халқымыздың төл руханияты ислам дінін насихаттау және оны орнықтыру бағытында атқарған қажырлы еңбегіңіздің еленуі.

Тәуелсіздігіміздің 26 жыл ішінде Қазақстан Республикасы халқының бірлігі мен ынтымағын сақтауға негізделген ұлтаралық, конфессиялық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасты.

Астана қаласы халқының діни сауаттылығын арттыруда және келер ұрпаққа тәрбие беру, отандастарымыздың рухани әлеуетін қалыптастыруға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын.

Алдағы уақытта да діни ахуалды жақсарту және азаматтарымыздың бойында адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру бағытында табысты еңбек етіп, абырой биіктерінен көріне бергейсіз.

Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, жаңа қызметіңізге толағай табыс тілеймін!» делінген құттықтау хатта.

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.